Әрбір бітіруші түлекке ҰБТ-ға байланысты кез келген тақырып қызықты деп ойлаймыз. Әсіресе, алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орнының бірінде білім алғысы келетін оқушы оқуға түсудегі жеңілдіктерді білгісі келеді. Осы орайда бүгін оқуға тапсыруда қарастырылған квоталармен таныстыра кетпекпіз.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №58 қаулысы бекіткен Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесіне сәйкес білім беру гранттары ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кешенді тестілеудің нәтижелері бойынша сертификаттар баллдарына сәйкес конкурстық негізде беріледі. Конкурсқа қатысу үшін кемінде 50, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 70, ал «Жалпы медицина» мамандығы бойынша кемінде 55 балл, оның ішінде бейінді пән бойынша кемінде 7 балл (әрбір шығармашылық емтихан бойынша кемінде 10 балл), ал қалған пәндер бойынша – кемінде 4 балл жинау қажет.
Сіз бұл ережемен жақсы таныссыз ғой? Сондай-ақ, төрт бірдей мамандық пен төрт ЖОО орнын таңдауға да құқығыңыз бар. Шығармашылық мамандықтарды таңдаған талапкерлер білім беру грантын алу конкурсына бір мамандық бойынша қатысады және тек шығармашылық емтихан тапсырған жоғары оқу орнын ғана көрсетеді. Бәрін де осы ереже бойынша орындадыңыз. Енді сізде қандай жеңілдіктер бар?
– "Алтын белгі" иегерлері. Мектепті үздік бітірген түлектерді көптеген ЖОО ешбір конкурссыз қабылдайды. Яғни, сіз қалаған университетіңіздің грантын ұтып ала аласыз. Алайда, медициналық оқу орындарына келгенде абай болыңыз, дұрысы – мекеменің қабылдау комиссиясынан нақтысын сұрап алу.
– Олимпиада және спорт, ғылыми жарыстар жеңімпаздары. Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған), республикалық және халықаралық конкурстары мен спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздарының, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары бойынша республикалық олимпиадалардың, конкурстың немесе спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздарына конкурс барысында басым жеңілдіктер қарастырылған. Оқуға тапсырарда жеңімпаз екендігіңізді дәлелдейтін құжаттарды бірге ала бару керек. Сондай-ақ, әрбір университтетің мектеп оқушылары арасында жүргізетін белгілі байқаулары бар. Мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқушылар арасында "әл-Фараби" олимпиадасын өткізіп, жеңімпаздарына грант тағайындайды. Осындай байқаулардан қалыс қалмауға тырысыңыз.
– Әлеуметтік жағдайға байланысты квоталар. Білім беру гранттарын алуға арналған конкурсты өткізу кезінде баллдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысына сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға болатын жағдайда І және ІІ топтағы мүгедектердің (бала кезінен мүгедектердің де), жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген оқушылардың және үздік білімі туралы құжаттары (аттестаттары, куәліктері, дипломдары) бар адамдардың басым құқықтары бар. Бұл туралы «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабының 8-тармағында жазылған.
– Ауылдық квота. Ауыл мектептерін бітіріген оқушылардың қалалық мектеп бітірушілеріне қарағанда мүмкіндіктері басымырақ. Мәселен, мен қалалық, сіз ауылдық болдыңыз делік. Екеуміз бір орынға таласып тұрмыз, балл да бірдей болғандай жағдайда, сіз ойланбастан түсіп кетесіз (куәліктегі бағаларға қарамастан). Және 87 балл алған ауылдық оқушы түскен оқуға, 90 балл алған қалалық түлектің түсе алмай қалуы мүмкін. Бірақ, ЖОО аяқтағаннан кейін міндетті түрде 2-3 жыл көлемінде ауылдық жерге барып қызмет етуге тиіссіз.
Білім гранты иегерлерінің тiзiмi тамыз айында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com