ҰБТ-ның үшінші күні үш түлек ең жоғары балл жинады

Ұлттық бірыңғай тестілеудің үшінші күнінде қазақстандық үш түлек ең жоғары 125 балл жинады, деп хабарлайды Ұлттық тестілеу орталығына сілтеме жасаған Tengrinews.kz тілшісі.

3-5 маусым аралығында өткен тестілеуге 71 592 мектеп түлегі қатысты. Оның ішінде қазақ тілді 49 058 түлек болса, орыс тілді 22 534 оқушы болған. Сонымен максималды 125 балл жинағандар: Алматыдағы Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының түлегі Ботагөз Құспанғалиева, Екібастұздағы дарынды балаларға арналған №1 мектеп-лицейінің түлегі Әсел Айткенова және Шымкенттегі Дулати атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын №8 гимназия түлегі Аида Ысқақ. 

Аиданың сөзінше, ол бесінші пән ретінде географияны таңдап алған екен. Сондай-ақ ол максималды ұпайға үміттенбегендігін, алайда өз біліміне сенімді болғанын айта кетті. "Тестілеу кезінде жан-жағыма жалтақтамауға, ешкімге көмектеспеуге тырыстым. Тек сұрақтармен ғана басымды қатырдым",-дейді Аида. Айта кетейік, Аида осы нәтижесімен "алтын белгісін" қорғап шықты.   

Үшінші күні тестілеуге қатысқан 25 646 түлектің 7436 тиісті межені бағындыра алмаған. ҰБТ 9 маусымға дейін жалғасатын болады. Ал 15 маусымға дейін апелляциялық комисия мүшелері түлектерден келіп түскен арыздарды қарастырып, ақырғы нәтиже одан кейін жарияланатын болады. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: locman.kz