Ұлттық бірыңғай тестілеу 2015 жылға қарай алынып тасталады, оның орнына басқа екі емтихан енгізіледі. Бұл туралы Қазақстанның білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов мәлімдеді.
"Білім беру саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша, 2015 жылға қарай ҰБТ алынып тасталмақ. Оның орнына басқа екі емтихан енгізіледі. Бірінші тестілеу – мектепте алған білімді растауға арналған тестілеу болса, екіншісі - ЖОО-ға түсу үшін қажет", - дейді Әбенов.
Вице-министрдің айтуынша, мектеп түлектерінің білімін нақтырақ бағалау мақсатында ҰБТ жойылады. Бұған қоса, тек түлектің білімі ғана бағаланып қоймай, сонымен бірге оны тәжірибеде қаншалықты қолдана алатыны тексеріледі. «Екінші емтихан эссе жазумен және түрлі тапсырмалармен байланысты болады. Кеңес жүйесі тәрізді», - дейді Әбенов.
Естеріңізге сала кетсек, ҰБТ-ны Қазақстанға алғаш рет 2004 жылы енгізген болатын. 2013 жылы ҰБТ-ға 95,5 мың оқушы қатысып, жеті оқушы максималды 125 балл жинаған еді.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: mgorod.kz