ҰБТ. Міндетті түрде басқа қалаға барып оқу керек пе?

Мassaget.kz порталында таяуда ғана ашылған ҰБТ бұрышына жаңа хат келіп түсті. Оқырманымыз былай деп жазады: "Мен қазір 11 сыныпта оқимын. Мектеп бітіргеннен кейін Алматы немесе Астана секілді үлкен қалада оқығым келеді. (Басқа сыныптастарым да өзге қаладағы оқу орындарына тапсырғысы келеді екен, бәлкім, солардан қалғым келмейтін шығар). Бірақ, ол жақта менің туыстарым, достарым да жоқ. Қалай ойлайсыздар? Басқа қалаға барып оқу дұрыс па? Қайда, қалай тұруға болады? Сіздердің араларыңызда 17 жаста ата-анасынан алыс кеткендер бар ма? Қиын болатын шығар... Әлде өз қаламда қалғаным дұрыс па?".

***

Қымбатты түлектер! Білемін, алдарыңызда асқан жауапкершілікті талап ететін үлкен сынақ күтіп тұр. Нәтиженің қалай болатыны ешкімге белгісіз. Солай бола тұрғанымен, бәріңіз армандағыларыңыз, жоспар, мақсат құрғыларыңыз келеді. Ол – заңдылық. Саспаңыз, сіздің оған қақыңыз бар. Әдетте болашақ мамандығымызды ес біле бастағаннан-ақ таңдаймыз, ал сол мамандықты беретін ЖОО-ны ерте бастан таңдау да дұрыс. Себебі, сіз сол мақсатқа жетуге тырысасыз, еңбектенесіз. Мақсат болмаған жерде өрлеу де, тырысу да, нәтиже де жоқ. 

Сонымен, оқырманның сауалына жауап беріп көрейін. Мен Оңтүстік Қазақстан облысы (Шымкент) аудандарының біріндегі мектепті бітірдім. 11 сынып басталысымен сыныптасымның барлығы оқу орнын таңдай бастады. Бірі Астана қаласындағы Еуразия университетін, Назарбаев университетін, екіншісі Алматыдағы ЖОО-ын, үшіншісі әскери оқу орындарын армандайтын. Ал мен қатты қорқатынмын. Себебі, осыған дейін ата-анамнан алыс кетіп көрмегем. Жалпы, біздің, қазақ баласының барлығында да осындай қорқыныш болады. Үйге жақын ғой, Түркістан қаласындағы университеттің біріне түсермін деген тұманды ойлар ғана болды. Сондайда бәрі маған күлетін. "Баллдарың жақсы ғой неге үлкен қалаға, мықты университетке түспейсің?" деп ақыл айтқандар да бар еді. Десе де, өз қорқынышымды жеңе алмадым. Кейіннен ҰБТ-дағы көрсеткішім жоғары болып, "Алтын белгіні" ақтағаннан кейін ата-анам: "Өзіңнен бір жас үлкен әпкеңнің қасында болғаның жақсы, Алматыға бар" деді. Бірден әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті ойға келді, тапсырдым, түстім. Міне, биыл осы университетті қызыл дипломға аяқтағалы отырмын. Алғашқы жылдары өзге қалаға түскеніме қатты өкінетінмін. Бәрін тастап, көз жұмып ауылға кетіп қалғым келетін кездер де болды. Тұратын жерім жоқ еді, адамдар да басқа, қала да тым үлкен. Ал қазір өзге қалада оқығаныма қатты қуанамын. Неге дейсіз бе, біріншіден, үлкен ЖОО-да білім сапасы әлдеқайда жақсы, екіншіден, өзге қалада өз бетінше өмір сүруге дағдыланасың (мұның ертең отбасын құрғанда, үлкен қызметке барғанда пайдасы зор), үшіншіден, мәдениетті болуды, дұрыс сөйлеуді үйренесің, жаңа көзқарас қалыптасады (ауданға, өзіміздің қалаға түскен сыныптастарыма қарап, осыны байқадым).

Енді бәрі нақты әрі түсінікті болу үшін сараптама жасап көрейік. Қазіргі таңда ата-ана мен оқушы оқу орнын емес, қаланы бірінші таңдайды. Ата-ана баласының жақсы оқу орнында емес, Астанада, Алматыда, шетелде оқып жатыр деген атағын маңызды көреді. Осы қателікке ұрынбауға тырысыңыз. Оқуды бітіргеннен кейін жұмыс беруші сіздің қай қалада емес, қандай оқу орнын бітіргеніңізге қарайды. Сондықтан, басты нысан –  оқитын қала емес, сапалы университет болсын. 

"Өзге қалада оқу керек"

Жоғарыда айтып өткенімдей, танымал, сапалы ЖОО-ның дипломы өтімді келеді. Жұмыс берушіге аса танымал емес оқу орнына қарағанда барлығы білетін университет, оның білім жүйесі, түлектері жайлы ақпарат жинау оңай. Бір жағынан, алдыңғы қатарлы ЖОО өз студенттерін өндірістік тәжірибе кезінде үздік мекемелерге жібереді. Ұтымдысы – сіздің аздаған еңбек өтіліңіз болады немесе өзіңізді жақсы көрсетсеңіз жұмысқа қалдыруы да мүмкін.

ЖОО бітіргеннен кейін үлкен қалада мамандық бойынша айлығы жоғары жұмыс табу мүмкіндігі басым. Сіз бұл қалаға төрт жыл бойы үйреніп те қаласыз. Адамдарының қыр-сырын біліп үлгересіз. Үлкен қаладағы алпауыт компаниялар мамандарды жасына қарап емес, біліміне қарап таңдайды. Ал шағын қалаларда мұндай мүмкіндік жоқ. Үздік оқушы болсаңыз, университетті де үздік бітіруге үмітіңіз бар. Яғни, жұмысты оңай табасыз деген сөз.

Оқу орны үлкен болған сайын, оның басқа мекемелермен, мемлекеттік және халықаралық компаниялармен байланысы жақсы болады. Оқу орны сізге өзге қалада, тіпті, өзге мемлекетте тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Егер, болашақта шетелге шығуды армандап жүрген болсаңыз, міндетті түрде сапалы, танымал университетті таңдаңыз. 

Өзге қалада шынайы өмірдің дәмін татасыз. Қиындыққа төтеп беру, өз бетінше шешім қабылдау, өзіңді қамтамасыз ету, жаңа ортамен қарым-қатынас құру деген қадамдардың барлығы өзге қалада жасалады. Көп дос, таныс табасыз. Өзге қала мәдениетін меңгересіз, тіл үйренесіз.

"Өзге қалада оқудың керегі жоқ"

Біздің еліміздегі отбасылар үшін басты мәселе –  оқу орнының бағасы. Мейлі, бала грантқа түсті дегеннің өзінде, үлкен қалада өмір сүру оңай емес. Тұратын үй (жатақхана болмаған жағдайда), тамақ, жол бағасы қымбатырақ болады. Бәрін де алдын ала ойластыру керек. Ата-анаңыздың шамасы жете ме? Оларға артық салмақ салу дұрыс па?

Алдыңғы қатарлы ЖОО-ның студенті атану оңай емес. Себебі, ондай мекемеге біздің елден ғана емес, шетелден, ТМД елдерінен өтініш түседі, әрбір орынға үлкен талас болады. Жақсы, жоғары балл алдыңыз, армандаған университетке түстіңіз делік. Ендігісі қалай болмақ? Сапалы университеттің сабақтары ҰБТ-дан 3-4 есе қиын болады. Қиындыққа шыдай алмай, орта жолдан "Отаным, қайдасың?" деп қайтып кеткендерді талай көрдік. Үлгерімі нашар студентті оқу орнының да шығарып жіберуі мүмкін. Сол себепті, арманыңыз Назарбаев Университеті ме? Әлде ҚБТУ ма? Оқыңыз, дайындалыңыз, ізденіңіз! 

Біздің ата-аналардың тағы бір қателігі – балаларды үйден алыс жібермеуі. Ешқайда шығып көрмеген бала жаңа қалаға келісімен "есінен танады". Жаңа ортаға, жаңа адамдарға, жаңа жағдайға, жаңа ырғаққа үйрену оңай емес. Өз басым жатақхана бөлмелерінде таңға дейін "үйді, әке-шешемді сағындым, кетемін!" деп жылайтын қыздарды көп көрдім. Бұл жағдайдың орынсыз болып көрінуі мүмкін, бірақ, сеніңіз, мұның да маңызы жоғары. 

Үйде жалғыз перзент болсаңыз да, өзге қалаға кетуге асықпаңыз. Сіз ата-анаңызға керексіз. Олар қазір рұқсат беріп отырғанның өзінде, кейін қайта оралуыңызға тура келеді. Басқа қаланың тәртібіне үйренген адамның келесі бір қалаға бейімделуі қиын.

Тағы да бір айтатыным, біздің оқушылар өте еліктегіш келеді. Досым анаған түседі, танысым мынаны таңдады деп, өзінің шын қалауынан тыс таңдау жасайтындар өте көп. Есіңізді жиыңыз, бұл – сіздің өміріңіз. Өзге қалаға кетпегеннен өмір сүре алмай қалған немесе Астанаға барып алтынға көмілген адам жоқ. Ешкім ешкімнен артық та, кем де емес. Бәрі де мақсат пен жоспарға сай келіп жатса болғаны...

Қай дәлел сізге жақын? Қайсысы маңызды? Бәріне төтеп бере аламын деп ойлайсыз ба? Шешім қабылдау сіздің құзырыңызда. Менің бар айтарым: жеті рет өлшеп, бір рет кесіңіз, себебі, сіздің болашақ өміріңіз осы жолғы таңдаумен тығыз байланысты. Өзіңізге сенімсіз болсаңыз, жақын адамыңызбен кеңесіңіз.

Сәттілік жолдасыңыз болсын, жас түлек!

Автор: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com