Бүгінгі таңда оқушыларымыз ҰБТ сөзін ести салысымен, бойын бір үрейдің билеп әкететіндігін айтады. Расымен де, оның маңыздылығын тым жоғарылатып жібергендейміз. Ұйқысыз талай түн өткізіп, тіпті, денсаулығының нашарлап кеткеніне қарамай дайындалатын жандар бар. Бірақ осы қаншалықты дұрыс? Атан түйеге сеніп көп жүк артсақ, белі үзіліп кететіндігін білмейміз бе? Адам баласын жануарға теңейін деп отырғанымыз жоқ. Тек бүгін кең етек жайған суицид мәселесін қозғағымыз келеді. Еліміздегі жасөспірімдер арасындағы суицид осы ҰБТ науқаны аяқталған кезде болады. Оның бірі тіркеліп жатса, екіншісін құпия ұстайды. Яғни қаншама жасөспірімнің ҰБТ-ның нәтижесіне бола өмірімен қоштасып жатқандығын дәл айта алмаймыз. Естеріңізде болса, осыған дейін «Оқушының қандай түрлері бар?» деген материал жазған едік. Сол жерде үнемі «нөмірі бір» болуға ұмтылатын оқушы жеңілісті мойындай алмай, өзіне қол жұмсайтындығы айтылған. Олай болса, суицид жайында толық мәлімет алып, оның алдын алайық.
Суицид дегеніміз не? Қалай алдын алуға болады? Белгілері қандай?
Суицид дегеніміз – кету немесе қашу. Қиындықтан, ұяттан, кемсітуден, таяқ жеуден қашып құтылудың амалы. Оның салдарын жыл сайын көретіндіктен, оқушының барлығы да ол туралы мәліметті білуі тиіс. Суицидпен күресу үшін бір адам ғана болса жеткілікті. Ол – өзіміз.
1. Суицид осы күні жастардың арасында кең таралған. 15 пен 24 жас аралығындағы жастарда 2-орында тұрса, 1-орында жол апаты, анаша, көпірден секіру, өзін-өзі улау орналасқан. Суицидті зерттеп жүрген мамандардың айтуынша, бұлардың барлығы сырт көзге кездейсоқ оқиға болып көрінгенмен, алдын ала жоспарланған өлім. Мысалы, 1992 жылы АҚШ-да өзіне қол жұмсағандардың саны 5000 адам деп көрсетілген. Мамандар бұл көрсеткіштің төмендетілгендігін айтады. Ал кішкене ғана Қазақстанда 2010 жылғы көрсеткіш бойынша 237 жасөспірім өмірімен қоштасқан. Арасында тіркелмегендері, ата-аналарының әлі күнге дейін сенбай жүргендері де бар. Мұнымен қатар өлім суицид деп танылу үшін артынан өзіне қол жұмсағандығын дәлелдейтін хат табылуы тиіс. Ал өлімді ойлаған жасөспірімнің болашақ пен өткен шақта не болатынын ойламайтыны анық.
Зерттеушілер, өзіне қол жұмсау туралы әрбір бесінші жасөспірімнің ойлайтындығын анықтап отыр. Жыл өткен сайын бұл ауру жасаруда. Яғни бастауыш сыныптың оқушысының өзі суицидке баруда. Алдағы 10 жылдықтың ішінде 10-14 жастағы жасөсіпірімдер осы әрекетке ең көп баратындар қатарына кіреді.
2. Суицид ескертусіз болмайды. Ол туралы әдейі айтпаса да, байқаусызда айтып қалуы мүмкін. «Оның» бұл әрекетке барайын деп жүргенін достарының бірі міндетті түрде біледі.
3. Суицидтің алдын алуға болады. Көбі жасөспірімді бұл ойынан қайтару мүмкін емес деп, бір рет өзіне қол жұмсап, мақсатына жете алмаса, бұл әрекетін бірнеше рет қайталай береді деп ойлайды. Шындығында, жастар бұл әрекетке тек бір-ақ рет барады. Бұл ой 24 сағаттан 72 сағатқа дейін мазалауы мүмкін. Және жоспарына біреу араласып, бұзса, бұл әрекеттерін екінші мәрте қайталамайды.
4. Суицид туралы әңгіме оған баруға себепші емес. Балаға бір нәрсені болмайды десек, соны міндетті түрде жасайды. Бірақ бұл сөз суицидке қатысты емес. Көп ата-ана мен психолог мамандар бұл туралы мүлдем айтпауды жөн көреді. Бірақ айту арқылы біз оның алдын аламыз. Досыңыздың қиналып жүргенін білсеңіз, оған көмектесіңіз.
5. Суицид ұрпақтан-ұрпаққа берілмейді. Анамыздың жайдарлы мінезі мен әкеміздің сүйкімді келбеті дарыса да, олардың суицид туралы ойы бізге жұқпайды. Мысалы, көз алдыңызға әке-шешесі ішімдік ішіп, шылым шегетін отбасыны елестетіңізші. Ал сол ортадағы бала қандай тәрбие алады? Бұл жерде Махамбет бабамыздың:
Жаманнан туған жақсы бар,
Атасын айтса нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар,
Күндердің күні болғанда,
Жарамды бір теріге алғысыз, - деген сөздерін еске алайық. Яғни барлығы да өзіміздің қолымызда. Бала міндетті түрде ата-анасына еліктемейді.
6. Суицидке баратын адамдардың есі дұрыс. Яғни ешқандай психологиялық ауруға шалдықпаған. Олардың бұл әрекетін жаманға балап, есінен ауысқан немесе психологиялық ауруға шалдыққан деп болжам жасаймыз. Олар бар болғаны өзіне ашуланып, көңілі толмайтын жандар. Тек кейбірінің миында химиялық және физикалық ауытқу байқалады.
7. Суицид туралы айтатын адам өзіне қол жұмсайды. Өзіне қол жұмсаған 10 жасөспірімнің 7-еуі тірі күнінде суицид туралы әңгіме қозғаған екен. Сондықтан, көпшілік жастар ол туралы айтып отырған кезде қалжыңдамайды. Мұндайда өзіне көңіл аудартқысы келіп отыр деп қателесудің қажеті жоқ.
8. Бұл өзіне көңіл аудартудың тәсілі ғана емес. Көбіне үлкендер баласының «Мен өзімді өлтіремін!» деген сөзіне мән бермейді. Ол, расымен де, өзіне назар аудартқысы келеді. Бірақ қалжыңдап отырған жоқ! Оның не себепті бұлай жасап отырғанын ойланбастан, бірден көмекке кіріскеніміз абзал.
9. Суицидке баратын жастар барлығын шешуі жоқ қиындық деп қабылдайды. Әр адам болған оқиғаға өзінше баға береді. Бірі елемейтін дүниені, екіншісі заманның ақырындай көреді.
10. Суицид бір емес, бірнеше қиындықтың жиынтығы. Біреудің «Шыдамым таусылды!» деген сөзін естіген шығарсыз. Шыдам - бос ыдысқа толып жатқан тамшымен тең. Әдетте суицидке бір емес, бірнеше қиындыққа тап болған адам барады.
11. Мұны барлығы да жасауы мүмкін. Өзіне қол жұмсайтын адамның барлығы бірдей болған жағдайда, біз оның алдын алатын едік. Өкінішке орай, олай емес.
12. Адамның көңіл-күйі жоғары болған сайын суицидке жақын болып келеді. Бұрын-соңды көңілсіз жүрген досыңыздың бірден көңіл-күйі көтеріліп, өзгелерді алға жетелей бастауына күдікпен қараңыз. Психолог мамандар көп күлетін адамның жүрегінде үлкен мұң болатындығын айтады. Бір рет өзіне қол жұмсап, әрекеті жүзеге аспаған адам үнемі өзгелердің қамқорлығын іздеп тұрады. Яғни 80-100 күн ішінде оның үнемі жанында болуға тырысуымыз керек.
Өмірде оқу мен жұмысқа, қымбат көлік пен ақшаға қарағанда маңызды дүние бар. Ол – сүйе білу мен өзгенің сүйіктісі болу. Жүрегінде махаббаты бар адам алдында тұрған биік шың мен кез келген белесті бағындырады. Ал жақынын сүйіп қана қоймай, мамандығын да сүйетін оқушы болашақта еліміздің намысын қорғап, халқының тұрмысын жақсартуға көмектесетінін біліп жүріңіз. ҰБТ өмірдің соңы емес. Бар болғаны алдымызда тұрған баспалдақ. Ол баспалдаққа қалай шығатынымыз өзімізге ғана байланысты. Болашақта әрбір қадамымыз нық болу үшін іргелі білім қажет. Ал егер сүрініп жатсаңыз, ештеңе етпес. Өйткені оқуға қайта тапсыру үшін бірнеше мүмкіндігіміз бар.
Автор: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: tistory.com