ҰБТ. Мектептен кейін өмір өзгере ме?

Көп оқушы мектепті жылдам бітірсем, осы жерге қайтып оралмасам, нашар баға қоятын ұстаздарды есіме алмасам, таңғы ұйқымды бұзып, сабаққа бармасам және күн сайын үй тапсырмасын орындамасам екен деп армандайды. Бірақ соңғы қоңыраудың үні сыңғырлап, мектеп бітіру кеші болып жатқан кезде еш нәрсенің өзгермегені дұрыс еді деген ой келеді. Мектептен кейін әркімнің жеке өмірі пайда болады. Біреу өмірден өз орнын тапса, екіншісі бақытсыздыққа ұрынады. Ерте ме, кеш пе сол күндерді қайтарғымыз келетіні анық...

Студенттік өмірдің алғашқы айларында мектепке деген сағыныш білінбейді. ЖОО-ларды аралап, медициналық тексеруден өтіп, мектеп жайында ойлауға, тіпті, уақыт болмайды. Алғашқы қоңырау болып жатқан кезде де оған құштарлығымыз арта қоймайды. Бірақ уақыт өткен соң алаңсыз балғын шағымызды, бірге ойнап, бірге күлген құрбы-құрдастарды сағынамыз. «Ең алғашқы махаббат  басталады партадан» дегендей жүрегімізге жақын жандарды еске аламыз. ЖОО-дағы емтиханмен салыстырғанда, мектептегі тоқсандық қорытындының әлдеқайда жеңіл екенін мойындаймыз.


Мектептен кейін өмір түбегейлі өзгереді. Біріншіден, жасымыз ұлғаяды. Екіншіден, IQ-іміз өзгеретіндіктен, әлеуметтік статусымыз да жаңа атауға ие болады. Бұл жолы жәй ғана жеткіншек емеспіз, орта білімі бар азаматпыз. Яғни алдымызда тұрған алғашқы баспалдақты өттік деген сөз.

ҰБТ-да жақсы балл жинай алмағандықтан, оқуға түсе алмайтын оқушылар да бар. Бұл жағдайда олар лицей мен колледжге тапсырады немесе жұмыс істейді. Кейбіреуі келесі жылы тапсыруға дайындалып, бір жыл бойы үйде отырады. Енді біреулері ата-анасына салмақ салғысы келмегендіктен, оқып жүріп жұмыс істейді.


Үлкендер оқып жүрген мектебімізді қадірлеп, ол жерде өтіп жатқан әрбір тағатымызды бағалауға үйретеді. Ал егер ЖОО-да оқып жүрген болсаңыз, уақытыңызды босқа өткізбеңіз. Оқудан тыс уақытты пайдалы істерге жұмсаңыз. Диванда жатып теледидар көргенше, театр, кино, мұражай, кітапхана сынды қоғаммен байланыс орнататын ортаға барған жөн. Басқаша айтақанда, бір рет берілетін мүмкіндікті барынша пайдалануымыз керек. Үлкендердің бізге қарап «Мектеп пен студенттік кездер-ай» деп тамсанатыны бекер емес. ЖОО-ны бітірген соң отбасымыз, жаңа қызметіміз, сәбиіміз пайда болатындықтан, еркін өмір сүре алмаймыз. Тіпті, мектептегі достардың бір-бірін мүлде көрмей кететін жағдай кездеседі. Сол себепті мектептегі өмірімізді қызықты етіп өткізейік!

Ал сіз қалай ойлайсыз? Мектептен кейін өмір өзгере ме?

Автор: Қарлыға Бүйенбай

"Алтын белгі" иегері

Сурет: Қарлыға Бүйенбай