ҰБТ. Математика пәніне қалай дайындалған дұрыс?

Математика – көптеген түлекке қиындық туғызатын пән. Бұл пәннің тапсырмаларын жаттап алудың қажеті жоқ, оларды шешу керек. Ал шешу үшін білімді болу талап етіледі.

Сонымен, математикаға қалай дайындалуға болады? Алтындай уақытты үнемдеу үшін ҰБТ тестеріне қалай дұрыс жауап береміз? Осы туралы бірнеше кеңестер:

1. Математикадан жақсы балл алғыңыз келсе, ең алдымен, бойыңызға сабырлық пен жігерлік, табандылық деген қасиеттерді ұялатыңыз. Бастаған істі тастауға болмайды. Бір есепті бастап, ортасына келгенде қиналсаңыз немесе шешу жолын білмесеңіз, тастамастан түбіне дейін жетіңіз, пән мұғалімінен сұраңыз. Бәлкім, ҰБТ-да дәл осы тапсырма келіп қалар...

2. Сізде міндетті түрде формулалар жинағы болуы керек. Есептің кілті – формула. Кейбір оқушы белгілі бір нәрсені жазу арқылы есінде сақтайды. Сізде де осындай қасиет болса, формулаларды жиі көшіріп тұрыңыз. Жаныңызда сапалы есептер жинағы, оқулықтар болсын. А.Бейсековтың есептер жинағымен дайындалу да жаман нәтиже бермейді. Өткен жылдары келген сұрақ кітапшаларындағы есептермен айналысыңыз.

3. Тест тапсырмаларын шешуден асқан жақсы әдіс жоқ. Неғұрлым көп шешкен сайын, тәжірибе жинақтай бермексіз. ҰБТ тапсырмаларымен айналысу керекті формулаларды жаттап алуға кепілдік бере алады. Тек, есептеу процесін жылдамдатыңыз, сонда өзіңізге уақыт сыйлайсыз.

4. Калькуляторсыз есептеуге тырысыңыз. Өмірде бәрі де болады. ҰБТ-да калькулятор пайдалану мүмкіндігі болмай қалса, қыруар уақытты шығындап аласыз.

5. Оқушылар арасында кең таралған «жауап қуалау» деген әдіс бар. Осы әдісті жақсылап меңгеріп алыңыз. Тәжірибеңіз болса, 4-5 есептің жауабын осылай таба аласыз.

6. Егер математикалық тапсырмалардың шешу әдісін біреу түсіндірсе немесе шешіліп қойған жолдарды қарастыратын болсаңыз, ештеңе үйренбейтініңізді біліңіз. Басты ереже – өзіңіз шешіңіз! Өзіңіз қиналып шешкен есептер есте жақсы сақталады. Тіпті, жауабын да ұмытпауыңыз мүмкін. Дегенмен, ұстаздың көмегіне жүгініп тұрған дұрыс.

7. Осы күнге дейін қандай есепті оңай, қандай есепті қинала отырып шешетініңізді байқадыңыз деп ойлаймыз. Міне, сол қиын есептермен, түсініксіз тақырыптармен жұмыс істеңіз. Проблемалы сұрақтардың жауабын іздеуге кірісіңіз.

8. Жолыңызды қиын есеп кездескен болса, ертеңге қалдырмастан шешу жолдарын қарастырыңыз. Өзіңізге түсініксіз формулаларды бөлек жазып, пән мұғалімінің көмегіне жүгініңіз. Күніне 50 есепті бағындыруды әдетке айналдырыңыз.

Төмен балл алатын болсаңыз, кінәлі бір ғана адам болады. Ол – сіз. Ал болашақта өзіңізді кінәлі сезінбес үшін дайындықты мұқият жүргізу керек.

Егер ҰБТ-ға дайындық туралы сұрақтарыңыз болса, төмендегі пікір білдіру алаңына жазыңыздар. Біз сұрақтарыңызға жауап беруге тырысамыз.

Автор: Айгерім Сматуллаева

"Алтын белгі" иегері

Сурет:vk.com