Оқушылық өмірдің аяқталуына сағат, сәт жақындаған сайын ойыңызды сан түрлі сауалдар жаулап алуда. "Ертең мен студент атанамын. Мен бұл мектептен, бұл қаладан (я ауылдан) кетемін. Жаңа өмір басталады. Қаншама жаңа адамдармен танысатын болармын. Достарым кім болар екен? Қайда тұрамын? Пәтерің болған жақсы шығар... Бірақ пәтер қымбат қой. Ал жатақхана ше? Сондай қорқынышты. Жатақханада не істеймін? Қайсысы дұрыс?". Осы сынды жауабы жоқ сұрақтармен ұйқыға кетіп жүрген боларсыз. ҰБТ бұрышы түлектердің барлық қажеттілігін қамтуға тырысады.
Сіздің сауалыңызға бір емес бірнеше адамның жауап бергені дұрыс деген ниетпен "Студент кезде жатақханда тұрған дұрыс па? Әлде пәтерде ме?" деген сұрақ төңірегінде сауалнама жүргіздік. Себебі, әлемде қанша адам болса соншама пікір, соншама көзқарас бар. Сонымен студенттік өмірдің қызығы мен шыжығын көрген жастардың пікірі төмендегідей:
Айбек: Жатақханада тұрған дұрыс сияқты, өйткені белгілі бір тәртіпке бағынасыз. Жатақхананың қызыққа толы өмірін көресіз. Жатақхананың ұтымды тұстары көп: ұйымшылдыққа үйренесіз, көптеген дос табасыз т.б. Ең бастыларының бірі – қаражат жағынан үнемді болады. Мысалы, пәтерге айына 20 мың төлейтін болсаңыз, жатақханаға жылына 20 мың төлеу де жеткілікті.
Гауһар: Студент болған соң, жатақханада тұрып, жатақхана өмірімен таныс болған дұрыс. Тәртіпке бағынып үйренген жақсы. Ертең жаңа жұмыс орнына барсаңыз да пайдасы тиеді. Күнделікті өмір сүру тәртібі қалыптасады. Уақытты үнемдеуді әдетке айналдырасыз. Көп қыз жатақханадан қорқады. Бірақ, мен үшін жатақханада тұрудың еш қиыншылығы болмаған. Бастысы – бөлмеңде бірге тұратын құрбы-құрдастарыңмен жақсы тіл табысып, тату-тәтті болу керек.
Айгерім: Сен оқитын қалада өз үйің болса, отбасыңмен бірге тұрған жақсы. Үйіңдегілерге артық салмақ түсірмейсің. Ал басқа қалада болсаң жатақханада тұрған қай жағынан қарасаңыз да қолайлы. Ата-анаңыздың қаржылық жағдайы жақсы болса, пәтер де жаман емес. Мен бірақ ата-анаммен үйде тұрамын, нағыз студент – жатақханада тұрып, суығына шыдап, отына жанғандар деген сөздің жаны бар. Кейде жатақханада тұратындарға қатты қызығамын.
Сезім: Мен екінші курста жатақханада тұрып көрдім. Алғашқы жылы жатақхана ала алмағаныма көңіл-күйім түсіп, жылағым да келген. Кейін пәтерге үйреніп кеттім. Екінші жылы жатақхана өміріне мүлде үйрене алмадым да, өз еркіммен шығып кеттім. Әбден өз бетінше өмір сүріп қалған адамға жатақхана өмірі қиынға соғады. Мысалы, мен достарыммен қыдырамын, ал жатақхана 22.00-де жабылып қалады. Бөлмеңді жинамасаң, қоқыс төкпесең, тамақ жасайтын техникаларды қоссаң, қатаң сөгіс аласың, шығарып жібереміз деп қорқытады. Аспаздыққа жақын болмасаң, жатақханада тамақ жасап жеу де қиын.
Асқар: Жатақханада тұрмаған студент студент емес деген де пікірлерді естіп жүрміз. Расында да жатақханада өмір сүру өміріңнің ең бір қызықты шақтарын басыңнан кешіру деп білемін. Өзге қалада оқығанда студенттер үйінде тұрудың пайдасы зор. Біріншіден, тұрақты үйің болмаса, әр пәтерді сығалап күн көру сабағыңа кері әсер етері анық. Екіншіден, ақша үнемдеуге немесе аз жаратуға болады. Жатақханада дос-бауырларыңның саны арта түседі. Өмірлік серігіңді де кездестіріп қалуың ғажап емес. Нағыз достар да табылады. Ең бастысы - уақытыңды босқа өткізбеу. Егер 3-4-ші курстарда шамаң жетсе пәтер жалдап шықсаң да болады. Ол тек жатақханада уақытымды босқа өткізіп жүрмін, басқа тірлік тындыруға мүмкіндік болмай жатыр деп шешім қабылдағаныңда ғана бұған қадам жасауыңа болады. Меніңше, жатақхана – бір өмір мектебі.
Гүлім: Мен үйдің жалғыз қызымын. Батыс Қазақстан облысынан Алматыға келіп оқып жатқан жайым бар. Жатақханада тұрған маған ұнамайды. Мен үйде бәрінің де өзімдікі болғанына үйреніп қалғанмын. Ал мұнда барлық нәрсе ортақ. Бір адамдар заттарыңды рұқсатсыз да алып кетеді. Студенттердің бәрі улап-шулап кеш ұйықтайды. Кейде ата-анамды сағынып, жылап аламын, кетіп қалғым келеді.
Қайсар: Бұл жерде адамның өзіне байланысты. Егер көпшілік жерде жұмыс жасай алатын студент болса, еш қорықпай жатақханада тұра беруіне болады. Егер де студент көпшілік жерде ойы бөлініп, жұмысты тыңғылықты атқара алмайтын болса, жатақханадан қашу керек. Себебі мұндай адамдар ісінде белгілі нәтижеге жету үшін міндетті түрде жалғыз қалып, ой сараптау керек. Сондықтан әр адам өзінің жұмыс өнімділігі туралы ойланып көргені дұрыс. Мысалы сіз сабақты мұғалім түсіндіріп тұрған кезде түсініп, біліп аласыз ба, әлде үйге барып міндетті түрде қайта өзіңізше оқып аласыз ба? Егер сіз мектеп кезде мұғалімнің аузынан айтылған сөзді бірден толық түсініп алатын болсаңыз, сізге жатақхана дұрыс, екіншідегідей жан болсаңыз, үйде тұрған дұрыс.
Данияр: Пәтерде тұрған дұрыс деп ойлаймын. Ел-жұртпен жағаласпастан, у-шусыз өз жұмыстарыңды бітіріп аласың. Пәтер қай жағынан да тыныш. Мен екеуін де көрдім, содан барып осындай пікірге келдім. Әдетте жігіттер мен қыздар "жатақханада тұрамын" деп айтуға ұялады емес пе? Пәтерде мұндай ыңғайсыздықтар болмайды.
Айнұр: Қайта айналып келмейтін қызықты шақты студенттер арасында өткізген дұрыс. Ал пәтерде тұрып үлгересің. Студент пен жатақхананы егіз ұғым деп айтар едім. Осы жерден қиындықта жаныңнан табылатын достарды таптым, өзімнің кім екенімді, өзіме не керек екендігін түсіндім.
Аяла: Он жеті жасымда осы жатақханаға кіріп едім. Ең қызықты, ең бақытты, ең мұңды шақтарымды осында өткіздім. Жатақханада өмір, махаббат, достық, бауырмалдық, ізденіс – бәрі-бәрі бар. Ата-анама тәуелсіз, өз бетіммен өмір сүруді үйрендім. Қиындық жоқ демеймін, бірақ оны уақытында жеңе білсеңіз, өмір бойы өзіңізге алғыс айтып үйренесіз. Жатақхана өмірін көрмеген үлкен кісілердің әлі күнге дейін өкініп жүргенін көремін. Басында туыстарымның үйінде де тұрып көргенмін. Біреудің қас-қабағына қарап өмір сүру өте қиын. Кейін пәтерде де тұрдым. Өз үйің, тыныштық, тазалық болғанымен, ақшасын төлеп тұру, өзің студент болып жүріп, бір үйдің мүлкіне жауап беруі, бұзылған жерлерін жөндету оңай емес. Ал жатақханада бәрін сен үшін жасайды. Тек жақсы білім алсаң, ізденсең болды.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com