Егер сіздің ҰБТ-да таңдаған пәніңіз физика болса, болашақта зәулім ғимараттар мен әртүрлі құрылыс нысандарын тұрғызуға өз үлесіңізді қосқыңыз келсе, әрқилы есептер мен сызбаларды жаныңыз сүйсе, онда Қазақстан экономикасының қозғаушы күштерінің бірінен cаналатын құрылыс саласындағы жоғары сұранысқа ие инженер-құрылысшы мамандығын таңдауыңызға әбден болады. Маңыздылығы жағынан дәрігер мен мұғалім мамандықтарымен бірқатарда тұратын білікті құрылысшылар елімізде әлі күнге дейін тапшы болып отыр. Енді осы мамандық жөнінде қысқаша тоқталып өтсек...
Шыны керек, көпшілік бұл мамандық иелерін сәулетшілермен (архитектор) шатастырып жатады. Сондықтан бірінші осы екі мамандықтың аражігін ажыратып алайық. Сәулетші – құрылыс нысанының (тұрғын үй, көпір, өндіріс және тағы басқалары) сыртқы келбетін жасап шығатын адам. Сондай-ақ ол болашақ нысанға қандай құрылыс материалдары қажет екенін де анықтап береді. Ал инженер-құрылысшылар (немесе инженер-жобалаушы) сәулетші жасап берген модель бойынша құрылыстың жобасын сызып, оның толық есебін жасап шығарады. Яғни сәулетшінің ойын жүзеге асыратын осы - инженер-құрылысшылар. Айта кетуіміз керек, инженер-құрылысшы деген атау жалпылама түсінік. Өйткені бұл мамандықтың өзі бірнеше салаға бөлінеді. Мысалы тұрғын үйді тұрғызып шығу үшін бір ғана сәулетші мен инженер-құрылысшы жеткіліксіз. Тағы да қосымша мамандар қажет. Олар инженер-құрылысшы мамандығынан тарайтын түрлі маман иелері. Басқаша айтсақ, құрылыс саласындағы инженер атқаратын жұмысына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Олардың негізгілері:
– Ғимараттарды есептеу және жобалау
– Инженерлік жүйелер және желілер
– Газмұнай құбырлары мен газмұнай қоймаларын (резервуарларды) салу
– Жылу және атом электр станцияларын салу
– Құрылысты механикаландыру, электрмен жабдықтау және автоматтандыру
– Гидротехникалық құрылыс
– Құрылыстағы ақпараттық жүйелер
– Металл құрылымдарын жобалау және құрастыру
– Құрылыстағы техникалық қадағалау және қауіпсіздік
– Аэродромдар мен жолдарды салу
– Темір жол салу
– Көпірлер және тоннельдерді салу жөніндегі инженерлер.
Ескерте кетейік, егер сізді біз атаған мамандықтардың ішінен кез-келген біреуі қызықтырған болса, онда ЖОО-на тапсырар кезде ол жерде дәл сол мамандықтың нақты оқытылатынын алдын-ала біліп алыңыз! (Кейбір ЖОО-дары кадрлар мен материалдық техникалық базаның жоқ болуына немесе т.б мәселелерге байланысты құрылыс саласының барлық мамандықтарын оқытпауы мүмкін.) Сондай-ақ кейбір техникалық ЖОО-дарында құрылыс мамандығының тек бір-екі түріне ғана басымдық беріліп, ал сіздің қалаған мамандығыңыз бар болса да, әртүрлі себептерге байланысты өз деңгейінде жүргізілмеуі мүмкін. Осы мәселені де алдын-ала терең зерттеп алыңыз.
Негізінен жоғарыдағы тізімде көрсетілген мамандықтар екінші не үшінші курстан бастап тереңдетіліп оқытыла бастайды. Студент тек сол кезде ғана құрылыс мамандығының ішінен өзі қалаған саласын таңдайды.
Ал талапкер мемлекеттік грант үшін өтетін конкурсқа өтініш берген кезде, түскісі келетін ЖОО-нын таңдап болып, мамандық деген жерге «Құрылыс» деп (шифры - 5В072900) белгілеуі тиіс.
Жарнама үшін айтып отырғанымыз жоқ, бірақ құрылыс саласындағы білікті инженерлерді дайындау тұрғысынан елімізде Қазақ Бас сәулет және құрылыс Академиясына (ҚазБСҚА) жетер ЖОО жоқ десек қате айтқанымыз емес. Тек қана құрылыс саласындағы мамандарды оқытуға бейімделген бұл ЖОО-нын Қазақстанға белгілі талай еңбек ерлері мен бүгінгі таңдағы ірі құрылыс компанияларының иелері және білікті инженерлері бітіріп шықты. Айта кетейік, ҚазБСҚА азаматтық және өндірістік құрылыс саласындағы мамандарды ғана тереңдетіп оқытады.
Ал егер сіз көлік құрылысы саласына барғыңыз келсе («Аэродромдар мен жолдарды салу», «Темір жол салу», «Көпірлер және тоннельдерді салу»), онда осы мамандықтарға маманданған М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын таңдасаңыз болады. Сондай-ақ Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті де бұл мамандықтарды жаман оқытпайды. Бірақ тағы да естеріңізге сала кетейік, ең алдымен «Құрылыс» мамандығының ішінде нақты кім болғыңыз келетінін біліп алыңыз. Сосын барып қана соған лайықты ЖОО-нын таңдайсыз.
ҰБТ-дан сәтті өтіп, өзіңіз таңдаған ЖОО-на «Құрылыс» мамандығына түсіп жатсаңыз, бакалаврлық төртжылдықта сіз А1 форматындағы (өлшемі 594 × 841 мм) ватман қағаздың бірнешеуіне сызылатын сызу мен оған сәйкес шығарылатын есептерден тұратын курстық жұмыстардан «көз ашпайсыз».
Бір жағынан қиын іс болып көрінгенімен, екінші жағынан дәл осы бұратылған ватмандар мен күрделі есептерді шығару арқылы ғана сіз білікті маман болудың негізін қалайсыз. Техникалық мамандықтың гуманитарлықтан айырмашылығы сіз өтетін сабағыңызды қалт жібермей, үтір, нүктесіне дейін жазып, жаттап, басыңызға қондырып отыруыңыз керек. Себебі ол бірнеше уақыт өткеннен кейін оқып, жаттап ала қоятын поэма емес. Сондай-ақ бұл мамандық сізден әрдайым ізденісті талап етеді. Себебі құрылыс технологиясы жыл сайын өзгеріп, жаңарып отырады. Соған сай сіз де әр жаңалықтан қалыс қалмауға тиіссіз. Үнемі ізденіс пен білімге деген құштарлықтың арқасында ғана сіз білікті инженер-құрылысшы атана аласыз.
Ал өз ісінің хас шебері һәм кәсіби маман жұмыссыз қалам деп ешқашан уайымдамайды. Себебі мұндай адамға кез келген компания зәру және оған қанша қаржы болса да төлеуге әзір.
Не десек те, таңдау өз еркіңізде, жас талапкер! Іске сәт!
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: fl.ru