Осыдан екі жыл бұрын қазақстандық түлектің ҰБТ-ға 25 мың сұрақтың жауабы жазылған 11 метрлік шпаргалка алып кіргендігі туралы ақпарат тарады. Ол уақытта арамызда жаға ұстағандар мен екі езуі құлағына жеткендер де болды. Шындығына келгенде, бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды деп ойлаймын. Себебі, шпаргалка – ең бірінші адамның еңбегімен жасалған "көмекші құрал".
Мұны неге айтып отырмын? Себебі, біз бүгін ҰБТ бұрышында "ҰБТ-ға шпаргалка алып кірген дұрыс па?" деген тақырыпты қозғамақшымыз. Сіз де ой қосыңыз...
Ұлттық бірыңғай тестілеу оқушының мектеп бітіргенде алатын бағасы ғана емес, жоғарғы оқу орнына түсуге берілетін мүмкіндік. Яғни, бұл жерде бір адамның болашағы анықталады. Сондықтан, ыңғайы келген жағдайда барлық қолда бар мүмкіндікті пайдалану дұрыс деп ойлаймын. Мейлі, ол шпаргалка болсын, мейлі басқа құрал болсын. Бұл – сенің қорғаның деген сөз емес, басты серігіңіз, басты қаруыңыз – білім ғана болу керек.
Шпаргалканың пайдалы тұстары
– Бірқатар адамдар ақпаратты жазу арқылы жақсы есте сақтайды. Яғни, шпаргалка ҰБТ тапсыру сәтінде бір пайдасын тигізсе, жазылу барысында да мидағы ақпаратты толықтыра алады.
– ҰБТ-дағы негізгі пәндердің қатарында математика бар. Ал математиканың формулаға толы екендігін бәріміз жақсы білеміз. Ең білімді, ең үздік деген оқушының өзі формулаға келгенде "қақалып" қалып жатады. Формулалар жазылған шпаргалканың ешбір ағаттығы жоқ. Бесінші пәніңіз физика не болмаса химия болған жағдайда қалтаңызда формула жазылған шпаргалка болуы керек. ҰБТ тапсыру сәтінде бойыңызды қобалжу мен қорқыныш сезімдері билей бастайды, сондайда білгеніңізді ұмытып қалу қаупі бар.
– Кез келген оқушы шпаргалкаға білмейтін ақпараттарын іріктеп жазады. Рас қой? ҰБТ-ға арналған шпаргалкаңыз ерте жазылған жағдайда, бос уақыт туа қалғанда жазылғандарды жиі қайталауға тырысқан жөн. Ал қайталау – білімнің анасы.
– Шпаргалка өзіңіздің қолыңызбен, ізденіс арқылы жазылған болса, сіз ұялатын еш нәрсе жоқ. Есте сақтау қабілетіңіздің нашарлығы үшін өзіңізді де, өзгені де кінәлай алмайсыз. Алайда, соңғы жылдары ҰБТ бизнес көзіне айналып бара жатыр. Сұрақ жауаптары жазылған шпаргалканың түр-түрін сатып алуға болады. Мұндай, шпаргалканы пайдаланбас бұрын ойланғаныңыз абзал.
Шпаргалканың зиянды тұстары
– Елестетіңіз. ҰБТ өтіп жатыр. Ал сіздің қалтаңыз шпаргалкаға толы, психологиялық қысымның әсерінен қай қалтаға қандай шпаргалка тыққаныңызды ұмытып қалдыңыз. Оларды есіңізге түсіремін дегенше, осы күнге дейін дайындалған барлық білетініңізді ұмытып қалдыңыз. "Оны қалтамнан қалай шығарамын?" деп отырғанда, уақыт өтті де кетті. Кім ұтылды? Шпаргалканы пайдалану да – өнер. Оны аша алатыныңызға, дұрыс пайдалана алатыныңызға сенімді болғанда ғана тәуекелге баруға болады.
– Әдетте мектеп мұғалімдері дайындық тесттеріне шпаргалка пайдаланбай, тек таза біліммен жаздыруға тырысады, сондай кеңестер айтады. Әрине, бұл дұрыс. Бірақ дайындық тесттерінде шпаргалка пайдалануды үйренбесеңіз, қайда үйренесіз? Нағыз ҰБТ сәтінде оған мүмкіндігіңіз бар ма? Сол себепті, өзіңізді сынау, дайындау үшін барлық дайындық тестінде емес, бірнешеуінде шпаргалка пайдаланып үйрену қажет.
– Сіз ҰБТ нәтижесінде 100 ұпайдан аса көрсеткішке ие болдыңыз. Бұған әрине шпаргалкалардың қатысы бар. Ұпайдың қалай келгенін естен шығарып, қалаған оқу орныңызға түстіңіз. Енді қалай оқымақсыз? ЖОО-ның тәртібі, пәндері, жүйесі мектептегі бағдарламадан, ҰБТ сұрақтарынан әлдеқайда қиын. Оқып кете алатыныңызға сенімдісіз ба? Алғашқы курста барлық студент қанша ұпаймен түскеніңізді сұрайды, сонда біліміңіз ұпайыңызбен сәйкеспесе арыңызға сын болатынын да ұмытпаған жөн.
– Кезінде шпаргалкаға құдайындай сенетін сыныптастарым болды. Дайындық тесттерінде соның көмегімен 70-80 ұпайды да алып жүрді. "Ой, маған осы ұпай да жетеді, жақында бір танысымнан мықты шпаргалка сататын жерді естідім. Дайындалып қайтемін, соны сатып ала саламын" деген сөздерді де өз құлағыммен естідім. ҰБТ кезінде бірі шпаргалкамен ұсталса, басқалары керек сұрақтың жауабын таба алмаған. Нәтижесінде ол достарым өту ұпайынан да аса алмады, бүгінде қайда, не істеп жүргендері белгісіз...
Яғни, шпаргалкадан барлық сұрақтың жауабын табу мүмкін емес. Жүздің бес-алтауына жауап тапсаңыз да, бағым жанды дей беріңіз. Сөз соңында тағы да айтарым, шпаргалка деген – мүлде амал болмаған жағдайда ғана сенуге болатын жай ғана көмекші құрал, ал ең басты қорғаныңыз, қаруыңыз, сенеріңіз – Абай айтқан еңбек пен білім.
Алдағы уақытта шпаргалка түрлері мен оларды тиімді пайдалану жолдары туралы жазылатын болады
Автор: Айгерім Сматуллаева
Сурет: alashainasy.kz, mirfactov.com