Бітіруші түлектердің өміріндегі шешуші сәт таяп келеді. ҰБТ-ға бір ай қалды. Сол бір сәт жақындаған сайын оқушы өзінің әлі де көп нәрсе білмейтінін түсінеді... Сіздің жағдайыңыз да солай ма? Ендеше, көңіл бөліңіз. Мамандар мынадай кеңестерін ұсынады:
Барлығын реттеу. Адамға жоспарланған нәрсені жасап үлгеру үшін бірнеше күн, немесе бір түн жетпей қалып жатады. Бұл ҰБТ-сыз да қалыпты жағдай. Алдымызда жеткілікті уақыт бар секілді көрінеді, кенет қарайсыз, ал ол жоқ, таусылған. Қалай әбігерге түспеске? Алайда, мәселе мұнымен шешілмейді. Сабыр сақтаңыз да, қолға қалам мен қағаз алып әрекет ету жоспарын жазыңыз. Күнтізбені ашыңыз да, дайындықты аяқтайтын күнді белгілеңіз. ҰБТ 5 маусым болса, сіз 2-3 маусымда нүкте қою керексіз.
Мен не білемін? Әрбір пәнді жеке-жеке ашып, өзіңіз жақсы меңгерген тақырыптар мен білмейтіндеріңізді ажыратыңыз. Енді осы әлсіз тұстарыңызбен жұмысты күшейту керек. Себебі, ҰБТ-да кеш болады. Бәлкім, дәл сол білмейтін тақырыптарыңыз алдыңыздан шығып қалар. Репетитор көмегіне жүгінсеңіз де болады. Ал білетіндеріңізді қайталаңыз. Қайталау – білімнің анасы. Осыған дейін жазған-сызғандарыңызды парақтап шығыңыз.
Мына жерде белгіленген кестені де өзгертіңіз. Енді негізгі дайындықты тек нашар білетін сабақтарыңызға арнаңыз. Жоспарды қаншалықты орындап жатырсыз, өзіңізге есеп беріп тұруды ұмытпаңыз. Әрбір уақыттың алтын екенін біліңіз. Жаныңызда ылғи да анықтама кітаптар болсын. Кезек күткенде де, таза ауаға шыққанда да қайталап отыру керек.
Шпаргалка жасау. Алда «Соңғы қоңырау» салтанаты жақындап келетіндіктен, негізгі дайындықтарды биге, әнге арнайтындарыңыз анық. Қоңырау соғылғаннан кейін, алдыңызда апта ғана уақыт қалады. Сондықтан, әрбір бос уақытты пайдаланып, керекті формулаларыңызды, жақсы білмейтін анықтамаларыңызды жазып, шпаргалка дайындай беріңіз. Дайын шпаргалка сатып алсаңыз, онымен жақсы танысып, жауаптарының дұрыстығын тексеріңіз.
Киім дайындау. «Соңғы қоңырау» салтанатына, бітіру кешіне ғана емес, ұлттық бірыңғай тестілеуге де арнайы киім дайындаңыз. Киім өзіңізге барынша ыңғайлы әрі шпаргалка тығуға лайықты болу керек. Киімнің аса ыстық болмауын қадағалаңыз. Себебі, ҰБТ кезінде ауаның тарлығы ғана емес, қобалжу, қорқыныш сезімдері де жүректі қысады.
Аз уақытқа ұялы телефонды өшіріп, ғаламторды қойып, әлеуметтік желілерге кіруді доғарып, үй шаруасынан аластай тұрыңыз. Бар болғаны бір ай өзіңізді тыйсаңыз, жемісін көресіз деп ойлаймын.
Ештеңені де кейінге қалдырмаңыз. Бұл әдет уақыт жағынан ұтылуға алып барады. Бүгінге жоспарланды ма, ертеңге қалдырмаңыз.
Демалысты ұмытпаңыз. Әрбір жексенбіні миды тынықтыруға арнаңыз. Және 2-3 сағат дайындықтан кейін 10-15 минут үзіліс жариялаңыз.
Физикалық жаттығу. Физикалық жаттығулар күйзелісті жеңіп, мидың жұмысын жақсартады. Күніге кешкісін немесе таңертең жаттығулар жасаңыз. Таза ауада жиі серуендеп, жүгіруді әдетке айналдырыңыз.
Ұйқымен ойнамаңыз. Неғұрлым көп ұйықтаған сайын, оқығаныңыздың жақсы сіңірілетінін айтып өткенбіз. Сондықтан, соңғы айда өзіңізге барлық ауырлықты жүктеп, ұйқымен «ұрысысуды» ойға да алмаңыз. Басыңыз ауырып тұрма, мызғып алыңыз. Және осы үшін өзіңізді кінәлап, ұйқыға кеткен уақытты жоқтамаңыз. Бәрінен де маңыздысы – ұйқы.
Уақытылы тамақтаныңыз. Күнделікті рационыңызға көкөніс, жеміс-жидек, балық, жұмыртқа сынды тағамдарды қосып, таза суды көп ішуге тырысыңыз.
Энергетикалық сусындарға жоламаңыз. Оқушылардың ең көп жіберетін қателігі – энергетикалық сусындарға құмарлық. Міндетті түрде олардың құрамын оқыңыз. Олар ағзаны бар қуатымен жұмыс істеуге итермелейді. Оны ішкеннен кейін 2-3 сағат өтісімен 5-6 сағат ұйықтамасаңыз зияны өзіңізге тиеді.
Мақсатты айқындау. Мақсатсыз қимылдау мүмкін емес, ал оны құру одан да қиын. Біз сізге көмектесіп көрейік. Мына бағытпен қайталап отырыңыз: «Мен не үшін ҰБТ тапсырамын?»-«Тапсырмай-ақ қой!»-«Тып-тыныш өмір сүре бер!»-«Бірақ, мен оны тапсырғым келеді?»-«Келеді?»-«Не үшін? Бұл сен үшін қаншалықты маңызды?»-«Мен осы арқылы ЖОО-на түсемін»-«Жақсы, ЖОО-нан кейін белгілі бір мамандық иесі атанасың, бір жерге жұмысқа тұрасың, айлық аласың»-«Жоқ! Менің «...» деген компанияда жұмыс істегім келеді». Осы жерде ойыңмен бүкіл болашағыңды құрып тастайсың. «Сонымен, саған ҰБТ-ның қандай пайдасы бар?»-«Түсуге көмектеседі»-«Тырысуға тұра ма?»-«Бәлкім, солай шығар...»-«Мен мұны қалаймын ба? Бұл маған керек пе? Иә, мен мұны бағындыруға тиіспін». Мақсат осылайша анық әрі сенімді түрде айтылу керек. Сізге жай ғана дайындалу керек емес, 90 баллдан жоғары ұпай жинау қажет.
Психолог мамандар психологиялық икемділіктің үлкен рөл атқаратындығын айтады. Сынақ алдында сенімсіз болып, төмен ұпайды ойлап, күйзеліске түсудің оқылған ақпараттың нашар сіңірілуіне жол ашатыны дәлелденген. Керісінше, сәттіліккке деген нық сенім, барлық білімді ұзақ сақтауға себеп бола алады екен. Сондықтан, бәрінен де ішкі түйсігіңізді, сеніміңізді тәрбиелеңіз!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет:dokshitsy.by