ҰБТ тапсыруға уақыт аз қалды. Ал сіз мидың жұмысын жақсартатын тағамдарды жеу туралы ойланып көрдіңіз бе? Тыныш ұйқы мен өзімізді ұстай білуіміз жейтін тағамымызға байланысты екенін білесіз бе? Сондықтан дұрыс тамақтаныңыз!
ҰБТ алдында қандай тағамдар жеген дұрыс?
«Барлығын» деп айтуға болады. Ми энергияны қорытылған тамақтан алады. Ал қуат көзі – көмірсулардан бөлінетін глюкоза. Мида энергия өте аз мөлшерде сақталады. Сондықтан оны қайта-қайта толтыру үшін диетадан бас тартып, дұрыс тамақтану керек.
Жеңіл тамақ пен жүрек жалғауға арналған тағамдар
Шоколад, кәмпит, печенье сынды құрамында қанты көп тағамдардан бас тартыңыз. Олар бастапқыда ерекше қуат бергенімен, артынша өзіңізді шаршаңқы сезінесіз.
Майға қуырылған картоп (чипсы) мөлшерін төмендетіңіз. Олардың құрамында қант жоқ болғанымен, май көп. Оны асқазан дұрыс қорытып үлгермейді.
Дайындық кезінде қарныңыздың ашқанын байқасаңыз, басқа бөлмеге барып, жақсылап тамақтанып алыңыз.
Мына тағамдарды пайдалануыңызға болады:
- Жаңа піскен немесе кептірілген жемістер;
- Бутерброд;
- Сорпа, борщ;
- Бір тілім ірімшік;
- Тұзсыз жаңғақ;
- Йогурт;
- Жаңадан жасалған сүтті коктейль.
Сусындардың көмегі
Суды жиі ішуді ұмытпаңыз. Зерттеу нәтижесі көп су ішетін балалардың бас ауруынан аман болатынын әрі ақпаратты жылдам қорытатындығын дәлелдеп отыр. Дайындық кезінде қасыңызға су қойыңыз. Егер құр су ішкіңіз келмесе, жемістің дәмін беретін концентрат қосыңыз.
Жоғарыда айтқанымыздай, құрамында қанты көп сусындарды ішпеңіз. Оларды іше салысымен бойыңыздағы күш-жігеріңізді жоғалтасыз.
ҰБТ-ның алдында да көбірек су ішіңіз. Бірақ дәретханаға көп бармау үшін бірнеше сағат бұрын ішкеніңіз жөн.
Түнде дайындаламын деп ағзаңызды кофе, шәй, кока-кола сынды сусындырға үйретіп алмаңыз. Кофеин адамды шаршатып, қобалжуға мәжбүрлейді.
Күйзеліске қарсы
Сабақ оқып отырып тамақтанбаған дұрыс. Оқулықтарға оралған кезде миыңыздың әлдеқайда жақсы жұмыс істейтінін байқайсыз.
ҰБТ-ға дайындық кезінде де спортпен айналысқан жөн. Спорт күйзелістің әсерін төмендетеді.
Ақпараттарды жаттау кезінде
ҰБТ-ға дайындалушыларды екі топқа бөлуге болады. Бірі – дайындалып отырған кезде тамақтануды ұмытса, екіншілері – кітап оқып отырып жеңіл тамақтанғанды ұнатады. Бірақ екі топтың да әрекеті қате. Себебі тамақ ішіп отырып кітап оқысақ, бар энергиямыз ас қорыту үшін жұмсалады. Ал қарнымыз ашып отырғанда сабақ оқысақ, жүйкеміздің қызметі нашарлайды.
Диетолог мамандардың айтуынша, ҰБТ-ға дайындық кезінде күніне 4 рет тамақтанған жөн. Және әрбір тамақтанғанда асты тойып ішпеген абзал. Теңіз жағасында тұратын халықтар секілді балықты көп жемейміз. Бірақ есте сақтау қабілетін жақсартамын деушілер міндетті түрде теңіз балығын тұтынсын. Мұнымен қатар, фасоль, құрамы темірге бай құрғақ жемістер, көкөніс және майсыз ет болғаны дұрыс. Цитрустардың, ақбас орамжапырақтың және томаттың құрамында болатын С дәрумені күйзелісті төмендетеді. Ал сүтті тағамдардың құрамында кездесетін кальций жүйке жұмысын реттеп отырады. Егер оқып отырған кезде тамақ жесеңіз, оқыған ақпаратыңыз 10 минуттан кейін ұмытылады.
ҰБТ алдындағы түн
Макарон, күріш, картоп және нан секілді крахмалы бар тағамдар тыныш ұйқыны қамтамасыз етеді. Бір стақан жылы немесе суық сүттің де пайдасы зор. Кейбіреуі сүттің құрамында ұйықтауға көмектесетін «l-Tryptophan» бар екенін айтады. Ал кофе мен кола керісінше ұйықтауға кедергі жасайды.
Таңғы ас
ҰБТ-ға баратын күні таңертең құрамында ақуызы көп тағам жеңіз. Мысалы, жұмыртқа, үрме бұршақ, саңырауқұлақ және мюсли секілді дайын ас жеңіл қорытылады. Әрине, ҰБТ-ға кірер кезде барлығымыз қобалжимыз. Тамаққа тәбетіңіз болмаса, бірнеше банан, мейіз ғана жеңіз.
Сәттілік!
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: damdialem.kz