ҰБТ дайындығынан аз балл жинап жүрсіз бе?

Ұлттық бірыңғай тестілеу маусымының басталуына бірнеше ай ғана қалды. Қазіргі таңда мектеп бітіруші жас түлектер барын салып дайындығын шыңдап жатқаны белгілі. Ал сол дайындық тестінен қанша балл жинап жүрсіз, жас түлек?

Адамға ешқашан өзін-өзі тастап жіберуге болмайды. Сүрінсең, қайта тұруға қақың бар. Қазіргі дайындық тестінен алып жүрген ұпайың төмен болса, өмірден түңілудің еш қажеті жоқ. Өмір бір орнында тоқтап қалмайды. Жалғаса береді. Бақ шаба ма, бап шаба ма? Қазақ «таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деп те бекер айтпаған. Кейде ұстаздар мен мектеп әкімшілігі кейбір оқушыларды аз балл жинап, алтын ұяның абыройын түсіресің деп тестке жібермей де жатады. Ал сіз ол қатардан емес шығарсыз? Егер ондай жағдайға тап болып жатсаңыз, бұл шешіммен келіспеңіз. Таныс сұрақтар келіп, жолыңыздың болатынына сеніңіз. Өйткені, ҰБТ – студенттік өмірге қадам басуыңызға берілген алғашқы мүмкіндік.


Енді дайындығымды пысықтауға кеш деп қолыңызды сермемеңіз. Аз уақыттың өзінде тыңғылықты дайындалсаңыз, талай ақпаратты қабылдап, есте сақтап қалуға мүмкіндігіңіз бар. Өзге дүниелерді аз уақыт ішінде естен шығарып, ұмытуға тырысыңыз. Дайындығыңызды пысықтағаннан кейін, сергуге де уақыт белгілеңіз. Біз сіздерге төмендегі кеңестерді ұсынамыз:

Алдымен ең басты біле бермейтін сұрақтарыңыздың тақырыбын оқып, дайындалыңыз. Барлық зейініңізді оқып отырған тақырыбыңызға салыңыз. Қажетті материалдың ішінен негізгісін және қосымшасын бөліп алған дұрыс. Күрделі, қиын материалды есте сақтау үшін мазмұнын негізге алып оқыңыз. Өзіңіздің есте сақтау қабілетіңізге риза болып, (нашар болса да) оны жаттықтырып тұрыңыз. Бүгін оқыған дүниеңізді бірнеше күннен кейін қайта еске түсіріңіз. Тану мен қайта жаңғыртуды араластырмаңыздар. Қайта жаңғырту қиын болған жағдайда сол сәттегі жағдайдың әрбір оқиғасын жекелеп еске түсіріңіз. Естеріңізде болсын, жүйкеге шамадан тыс күш түсіру мен мазасыздық - есте сақтаудың ең бірінші жауы. Есте жақсы сақтау үшін денсаулық мықты болу керек. Дұрыс тамақтаныңыз. Таңертеңгі сағат 8 бен 12 арасында есте сақтауды жаттықтыру жұмысы жемісті нәтижені береді. Жемісті жұмыстың шарықтау шегі - кешкі 19:00. Шай мен кофе есте сақтауды белсенді етеді, ал шылым шегу еске сақтауға кері әсерін тигізетін болады.

Ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңі алдындағы дайындық сәтінде оқушыларға ата-аналардың рухани көмегі аса қажет. Балаға көп талап қою дұрыс емес. Қысым көрсетіп, баланы өзгелермен салыстырмаңыз. Бұл балаңыздың көңіл-күйіне, дайындығына кері әсерін тигізеді. Ендеше ата-аналарға арналған кеңестерімізді де ұсынамыз:

Балаңыздың алдын ала тестілеу кезінде алып жүрген ұпайына немқұрайлы қарамай, дұрыс ақыл-кеңес беруге тырысыңыз. Балаңыздың күнделікті ҰБТ-ға дайындалатын белгілі бір уақыты мен орнының болуына жағдай жасаңыз. Балаңыздың көңіл-күйіне, денсаулығына әрқашан назар аударып отырыңыз. Балаңызды алдағы уақытта жетістікке жететініне үнемі сенім артыңыз. Балаңыздың дұрыс тамақтануына, әсіресе есте сақтау қабілетін арттыратын жеміс-жидек, дәрумендерді көп жеуіне көңіл бөліңіз және қамтамасыз етіңіз. Балаға шамадан тыс ауыртпалық жүктеп, шаршатпаңыз. Дұрыс тынығуын қадағалаңыз. Ешқашан балаңызды сынап-мінемеңіз. Ақылмен ұғындырыңыз. Сабырлы болуға баулыңыз.

"Бүгін аз ұпай жинадым" деп көңіл-күйіңізді түсірмеңіз. Бұл бір уақыттың сыны ғана. Нағыз сын – Ұлттық бірыңғай тест болмақ. Сондықтан да дайындығыңызды шыңдай түсіңіз, жас түлек. ҰБТ-да бағыңыз бен бабыңыз қатар шапсын!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: ortcom.kz