Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша, республикамызда Алматы және Астана қаласынан кейін үшінші орынды Ақтөбе қаласы иемденді.
Осыған орай, Ақтөбе қаласындағы облыс әкімшілік ғимаратының алдындағы алаңда оқу жылының аяқталуына байланысты салтанатты жиын өтті. Жиын барысында 2013-2014 жылғы оқу жылында жетістіктерге жеткен үздік оқушылар мен ҰБТ-да жоғары көрсеткіш көрсеткен оқушыларға планшеттер пен жеңіл автокөліктер табысталған.
Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатов алаңға жиналған қала түлектерін оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Сөз барысында жас жеткіншектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуде көрсеткен жоғары нәтижесін атап өтіп, 2014 жылғы ҰБТ бойынша Ақтөбе облысының Алматы және Астана қаласынан кейін үшінші орында тұрғанын айтып, ыстық лебізін білдірді. Облыс бойынша орташа балл – 84 болған.
Салтанатты жиында халықаралық Олимпиада жеңімпаздары және "Алтын белгі" иегері атанған 159 бітіруші, және ҰБТ бойынша 123 балл алған төрт оқушы планшетпен марапатталған.
Ал ең ерекше әрі ең қымбат сыйлық – жеңіл автокөлікті ҰБТ бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген, яғни 124 балл алған екі бірдей түлек алды. Олар – "Сымбат" жекеменшік мектебінің түлегі Айдана Мұрат және дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі Жанар Болатова.
Біз де барлық түлекті жетістіктерімен құттықтаймыз!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет:nn.ru