«Болашақ» – Қазақстан Республикасы Президентiнiң ел азаматтарының алдыңғы қатарлы шетелдік жоғары оқу орындарында күндізгі оқу формасы бойынша оқуы үшін немесе шетелдік ұйымдарда ғылыми, педагогикалық, инженерлік-техникалық және медициналық қызметкерлердің тағылымдамадан өтуі үшін құрылған халықаралық стипендиялық бағдарлама.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы алғаш рет 1993 жылы 5 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қаулысымен тағайындалды. Бұл бастама дарынды жастардың келешекте өздерінің жинақтаған тәжірибелерін мемлекет игілігіне пайдалануы үшін шетелде сапалы білім алуына көмектесу идеясына негізделген. 1994 жылы бір топ қазақстандық студент тұңғыш рет шетелдік жоғары оқу орындарына жіберілді. Былтырғы жылы аталған бағдарламаның 20 жылдық мерейтойы атап өтілген болатын.
«Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері Қазақстан Республикасының кез келген азаматы бола алады. Бастысы – тіл біліңіз және мақсат қойыңыз. Және бұл стипендияның бір рет қана тағайындалатынын ескеру маңызды.
«Болашақ» бағдарламасының аясында жыл сайын халықаралық стипендияны тағайындауға квота белгіленеді. Техникалық және медициналық мамандықтар бойынша үміткерлер үшін, сондай-ақ ауыл жастары, мемлекеттік қызметкерлер, ғылыми және педагогикалық қызметкерлер қатарынан шыққан үміткерлер үшін шет тілін білудің деңгейі төмендетілген.
Биылғы жылғы құжаттарды қабылдау рәсімі 2014 жылғы 3 наурыздан 31 қазанға дейін жүзеге асырылады.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында ҚР азаматтары мына бағдарламалар бойынша оқуға түсе алады: магистратура, резидентура, докторантура немесе тағылымдамадан өту.
Аталған білім бағдарламаларына түсуі мүмкін:
– мемлекеттік қызметкерлер магистр дәрежесін алуға;
– магистр дәрежесін алуға ғылыми немесе педагогикалық қызметкерлер;
– қазақстандық ЖОО түлектері магистр дәрежесін алуға;
– мәдениет қызметкерлері, шығармашылық қызметкерлері магистр дәрежесін алуға;
– бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері магистр дәрежесін алуға;
– магистратураға, резидентураға, доктарантураға, тағылымдамаға өз бетімен түскендер.
Құжаттарды тапсыру мерзімдері туралы ақпарат алдын ала «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ ресми сайтында жарияланады.
Оқуға түсетіндерге мынадай құжаттар дайындау керек:
1) анкета;
2) негіздеме өтініш;
3) жұмыс орнын сақтау шартымен маманды дайындауға жұмыс берушінің өтініші (магистратураға түсетін түлектер үшін талап етілмейді);
4) жеке куәліктің және шетелге шығатын төлқұжаттың түпнұсқалары және көшірмелері (түпнұсқалар салыстырылғаннан кейін үміткерге қайтарылады);
5) дипломның нотариалды расталған көшірмесі (бакалавр немесе маман қосымшасымен);
6) медициналық анықтама 0-82/у;
7) зейнетақы қорынан көшірме;
8) егер бар болса, шет тілі бойынша емтиханды тапсыру туралы жарамды ресми сертификаттың көшірмесі;
9) егер бар болса, мемлекеттік тіл бойынша емтиханды тапсыру туралы жарамды ресми сертификаттың көшірмесі.
Конкурстық іріктеу былай жүргізіледі:
– Конкурстық іріктеу 3-8 ай аралығында болады және 3 кезеңнен тұрады;
– бірінші кезең үш бөлімнен құралған;
– мемлекеттік тілді білуге тестілеу;
– шет тілін білуге тестілеу;
– психологиялық тестілеу.
Алматы және Астана қаласында өткізілетін шет тілін білуге тестілеуді қоспағанда, барлық кезең Астана қаласында өткізіледі. Конкурстық іріктеудің қалған 2 кезеңі де Астана қаласында өтеді. Әр үміткерді тестілеу күні туралы емтиханға дейін дербес хабардар етеді.
Шет тілін білуге тестілеуді шетелдік ұйымдар – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ серіктестері жүргізеді. Мемлекеттік тілді білуге тестілеуді ҚАЗТЕСТ жүйесі әзірлеген жүйенің көмегімен Білім және тестілеудің мемлекеттік стандарттарының ұлттық орталығы жүргізеді. Психологиялық тестілеуді «Тұлғаны дамыту орталығы» жүргізеді. Әр кезеңнен кейін 15 күн ішінде конкурстық іріктеуді жүргізуге жауапты «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ құрылымдық бөлімшесінің қызметкерлері нәтижелер туралы үміткерлерді хабардар етеді.
Бірінші кезеңнен ойдағыдай өткен үміткерлер екінші кезеңге қатысуға жіберіледі, олар тәуелсіз сараптау комиссиясының мүшелерімен сұхбаттасу жолымен өткізіледі. Тәуелсіз сараптау комиссиясымен сұхбаттасқаннан кейін үміткерлердің материалдары шетелде кадрларды дайындау бойынша республикалық комиссияның қарастыруы үшін үшінші кезеңге жіберіледі, ол түпкілікті шешімді шығарады. 10 күн ішінде Комиссия отырысының хаттамасы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ келіп түседі және осыдан кейін 1 күн өткен соң конкурс жеңімпаздарының тізімі ресми сайтта жарияланады.
Республикалық комиссия «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы шешімді қабылдаған күннен бастап 90 күнтізбелік күн ішінде стипендия иегері оқуға шартты жасайды.
Стипендиаттың міндеттеріне мыналар кіреді:
– барлық шарт міндеттемелерін орындау;
– елге келгеннен кейін консулдық есепке тұру;
– байланыстарды ұсыну/жаңарту (мекенжайы, телефон) және мәліметтер өзгерген жағдайда он күн ішінде эдвайзерді хабардар ету;
– ЖОО медициналық сақтандыруын рәсімдеу;
– эдвайзер сұратқан ақпаратты және құжаттарды уақытылы ұсыну.
Жыл сайын халықаралық стипендияға ие адамдардың саны артып келеді. Осының арқасында еліміздің жастары өздері қалаған шетелдерде білімдерін шыңдауда. Сіздің де олардың қатарына қосылуға мүмкіндігіңіз бар. Тек білім мен қайрат-жігер болса болғаны...
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Дереккөз: egov.kz, syrboyi.kz
Сурет: altaynews.kz, vk.com