Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназиясының түлегі Марат Әсия Жандосқызы Ұлттық Бірыңғай Тестілеуде берілген 125 сұрақтың толық 125-іне дұрыс жауап берген. Сенімді болған гимназия түлегі тестілеудің нәтижесі жарияланған кезде, өзінің 124 балл жинағанын көреді. Иә, бір сұрақ дұрыс болмай шыққан. Дегенмен, озат оқушы тесттің шыққан нәтижесімен өзі жазып шыққан жауапты салыстырып, дереу қателік кеткен сұрақты нақтылап, талдауға кіріседі. Жауаптың қателігі шын мәнінде тестілеу орталығынан болғанын анықтайды. Ал сосын бір күн өте, апелляциялық комиссияға осы сауал бойынша өтініш береді. Түлектің белгілеген жауабы дұрыс болып шыққан соң, тиісті баллды қосудан басқа шара қалмаған.
Жалпы осындай түсініспеушілікке арқау болған қазақ тілі пәні бойынша қойылған 25-інші сұрақ екен. Әсияның айтуынша, аталған сұрақтың екі жауабы болған.
«Менің 25-інші сұрағым тыныс белгісі дұрыс қойылмаған сөйлемді табыңыз деген болатын. Ол сұрақтың менің ойымша екі дұрыс жауабы болды. Біріншісі Б жауабы: "Өнерлінің өрісі кең деген балам" деген сөйлем. Ол мақал болғандықтан, тырнақшаға алынуы керек болатын. Бірақ ол жерде алынбаған. Ал екінші жауабы, ол - менің белгілегенім, С жауабы: Есен: Қайдан көрдім, Жұматым деген сөйлем болды. Ол жерде автор сөзі тырнақшаға алынуы керек болатын. Бірақ ол да алынбаған. Сосын кітаптан қарағанда, драмалық шығармадан алынған үзінді болып шықты. Сол себепті дұрыс емес жауаптар қатарына қойылған. Дегенмен, драмалық шығармада кейіпкердің есімінен кейін қос нүкте емес, нүкте қойылуы тиіс. Бірақ нақты жауапта қос нүкте болғандықтан, автор сөзі тырнақшаға алынуы міндетті болған», - дейді Әсия.
Дұрыс тыныс белгісін қоюда адаспағанын, жауаптар тізімінде екі жауаптың дұрыс болғанын және оны тестілеу барысында да байқағанын айтады.
Жанұядағы екінші перзент Әсия өзі бітіріп жатқан мектепте білім алған әпкесіне тартқанын айтады. Әпкесі де бірнеше жыл бұрын мектепті бітірген кезде «Алтын белгі» иегері атанған екен. Сол бағытты ұстанып, өз білімін ең жоғары нәтижемен көрсете білді. Ата-анасының үмітін ақтады.
Таңдау пәні «география» болған Әсия алдағы болашақта экономика саласында жоғары білімін арттыруды мақсат етіп отыр. Оқығысы келетін ЖОО-ы - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті.
Сұхбаттың видеонұсқасын мына жерден көре аласыздар.
Автор: Жолдас Өрісбаев
Сурет: massaget.kz