ҰБТ-2014-тің бесінші күнінде Оңтүстік Қазақстан облысының екі оқушысы 125 балл жинады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz сайты Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған ведомстваның хабарлауынша, ҰБТ-2014-тің бесінші күні 8274 түлек бақ сынаған, олардың екеуі, яғни ордабасылық Ұлпан Ержанова мен шымкенттік Шахзода Ахмеджанова ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп, 125 балл жинаған. 3 түлек тәртіп бұзғандықтан аудиториядан қуылды. Сондай-ақ, түлектерден 3 762 мобильді телефон, 3 827 шпаргалка, 231 калькулятор, 16 фотоаппарат, 5 рация, 13 4G, 1 WI-FI, 1 интернет-модемдері жинап алынды, - дейді министрлік өкілдері.
"ҰБТ-2014-те 1 469 оқушы 100 баллдан жоғарғы көрсеткішке ие болған (17,8 пайыз). ҰБТ-ның орташа баллы 77,2 (2013 жылы 74,6 балл болып еді) болып белгіленді. Мақсатты 50 баллды 1 997 түлек (24,1 пайыз) жинай алмады. Өткен 2013 жылы 2603 түлек (28 пайыз) қажетті елу баллға жетпей қалған еді, - дейді ҰБТ-ның бесінші күнін қорытындылаған ведомстваның сарапшылары.
Естеріңізге саламыз, ҰБТ-ның төртінші күні бірде-бір бітіруші ең жоғарғы балл алмаған болатын. 2014 жылдың 5 маусымында тестілеуге 9346 түлек қатысты. Тестілеу 32 пункте өткізілді. 1 404 түлек (15 пайызы) 100 баллдан жоғарғы көрсеткішке жетті. Бұл күні орташа балл көрсеткіші 78,2-ге белгіленді. 1 888 бітіруші (20,2 пайызы) межеленген 50 баллды жинай алмады.
сурет: ©massaget.kz