Мен ҰБТ-ны қалай тапсырдым? – 3

"Мен қалай ҰБТ" тапсырдым жобасы жалғасады. Бүгінгі кейіпкеріміз – Алмас Әділбай.

***

Мен ҰБТ-ны осыдан 3 жыл бұрын тапсырдым. Ұмытпасам, 2011 жылдың 5 маусымы ғой деймін. Маңызды сынақ болғаннан кейін жігіт болсаң да уайымдау, қобалжу деген сезімдер болады екен. Әсіресе, «Алтын белгі» үміткері болу жауапкершілікті одан әрмен арттыра түседі. Үйдің үлкенімін. Анам мұғалім болғандықтан мені ылғи да сүйреп жүретін. "Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада" демеушімеді, сол секілді "соңғы жыл ғой" деп қыдыру, қыздармен сөйлесу, отырыстар деп көп уақытымды кетіріп алдым, кейде осыным үшін өзімді кінәлап қоямын. Жоғарыда айтқанымдай, анамның қалауымен сол кезде ешкім бармаған мықты курстарға қатыстым, репетитор да жалдадым. Пән мұғалімдері де дайындық жұмыстарын қызу жүргізді. Содан не керек, көптен күткен шешуші сәт те келіп жетті. Мектеп алдына жиналғанда қыздарды танымай қалдым десем де болады. Бәрі салмақты, бәрі де үрейлі. Оларға сезімді жасыру қиын болар ә? Жігіттер де бұрынғыдай емес, бәрін де бір уайым бар екені көрініп тұр. Аудиторияға кірдік. Есептен аса қиналатынмын деп айта алмаймын, математика есептері бар, сонан кейін бесінші пәнім физика болғандықтан уақытымның көп бөлігі есептерге кетті. Гуманитарлық пәнге де ебім бар деп ойлайтынмын. Дайындық тесттерінде қазақстан тарихы мен қазақ тілінен 22-23-тің шамасында жинап жүрдім. Бірақ, нағыз тестілеу кезінде бәрі де басқаша болады екен. Білгенімді ұмытып, жаңылысумен болдым. Мойындаймын, ұялы телефонды да, шпаргалканы да қолдандым. Телефонмен қысқа ғана уақыт сөйлесу мүмкіндігі болды. Алдын-ала мамандар тауып, ақша төлеген болатынбыз, тек 4-5 сұрақтың жауабын ғана сұрай алдым. Шпаргалкадан да 7-8 жауап тапқан шығармын. Қалғаны өзімнің білгеніммен белгіленді. Межелі уақыттың аяқтаулына жарты сағат қалғанда жауап парағын толтыруды бастадым. Өзімнің епсіздігім бе, әлде тым қатты қобалжыдым ба, қазақ тілінің соңғы жиырмасыншы тапсырмасына келгенде жиырмаға жиырма бірді, жиырма бірге жиырма екіні, жиырма екіге жиырма үшті, жиырма үшке жиырма төртті, жиырма төртке жиырма бесті белгілеп жіберіппін. Жиырма бесті белгілейін десем, бос орын жоқ. Мұздай тер бұрқ ете қалды. Сол күйі тапжылмай отырып қалдым. Бірнәрсе жасайын десем, басым жұмыс істемей қалған сияқты. Кезекшіні шақырып, мән-жайды түсіндірдім. Ол барлығының санаулы болатындығынан еш көмектесе алмайтынын жеткізді. Содан кейін қалған 10 минуттың ішінде басқа пәндерді мұқият белгіледім де, сыртқа шықтым. Қателігімді біреуге айтқым келді. Тек әкем мен анама емес. Анам құшақтап, әкем жағдайымды сұрап жылы қарсы алды. Мұғалімдер де сұрақты жаудыртып жатыр. Мектептен «Алтын белгіге» ұсынылған жалғыз үміткер болғандықтан, бәрі де уайымдаулы екенін түсініп тұрмын. Не болса да, қорытындыны күтейін деп шештім. Бәлкім, бір-біріне сәйкес келіп қалар деген үміт сөнген жоқ. Бізді тамаққа алып келді. Ал менде тәбет жоқ. Бар ойым сол қателескен жауаптарда, жанымдағы жолдас балама болған оқиғаны айттым. Ол таңғалып, «абайламайсың ба?», «енді не болады?», «дұрыстап қарау керек қой» деген сөздерді айта бастады. Уайым онан сайын күшейе түсті. Күткен кезде уақыттың өтпей кететінін бұрын да білетінмін, бұл жолы онан сайын біле түстім. Кеш түсе бастады. Бәріміз жауапты есту үшін мектеп алдына ағылдық. Ата-анам менің жанымда жүр, оларға әлі де айта алмадым. Аз уақыттан кейін директорымыз қорытынды парақты алып шықты. Алыстан келе жатып маған қарады. Жүзіндегі қуаныш па, ренжу ма, түсінбедім, әйтеуір, маған қарағанын біліп тұрмын. Бәрі алдына жүгіріп барды. Ол бірден Алмас «Алтын белгіні» ақтай алмады деді. Сол сәттегі күйді жазбақ түгілі, айтып та жеткізе алмайтын шығармын. Мен теріс айналып кетіп қалдым. Басқалары шулап жатты. Өзімді тез жинадым, ешкімге әлсіздігімді көрсеткім келмеді. Тым болмаса, нақты баллдарымды білейін деп қайта оралдым. Қарасам 106 балл екен. Сенесіз бе, мен қорыққан физика да, математика да «5», тек қазақ тіліне ғана бір балл жетпей қалған. Көре сала, аудиторияда болған оқиғаны директорға айттым. Ол маған дауыс көтеріп, «ондайды шыға сала айтпай ма?», «енді не болды?» дей бастады да, қайта кіріп кетті. Кейіннен аппелляцияға бердік. Алайда, қателіктің өзімнен екені анық. Сол күйі бір баллымды қайтарып ала алмадым. Қалай болғанда да, қазір өзім армандаған университтеттің 3 курсынды білім алып жатырмын. Бірақ өзім армандаған мамандықта емес. Өмір сондай қиындықтармен мәнді сияқты, ал уақыт өте келе сол қиындықтарды күліп еске алатынымыз қандай жақсы! Бүгін мен бұл оқиғаны өкінішпен емес, сіздерге сабақ болса екен деп айтып отырмын. Бірінші оқыңыздар, дайындалыңыздар, сонан кейін оны дұрыс, орнымен, мұқият пайдалансаңыздар екен деген тілек-кеңес айтқым келеді. 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет:kimep.kz