ҰБТ – әрбір оқушы өміріндегі шағын майдан. Басты айырмашылығы, мұндағы басты қару – ақыл мен білім. Сондықтан болар, осынау жауапты сынақтан өткелі отырған әрбір түлек майданды кешкен замандастарының оқиғаларын қызыға тыңдайды. Олар үшін болмашы сұрақтардың өзі маңызды болып көрінеді. Оқушы үшін ҰБТ тапсырылатын аудиторияға кіріп-шыққан адамның орны да ерекше. Осының барлығын ескере отырып, ҰБТ қарсаңында "Мен қалай ҰБТ тапсырдым?" деген тақырыпта шағын жобаны қолға алып отырмыз. Алдыңғы жылдары ҰБТ тапсырған, қазіргі студенттердің оқиғалары сізді қызықтырады деп сенеміз. Алғашқы кейіпкеріміздің аты-жөні – Рамазанова Аяла.
***
Ол 2013 жылдың 3 маусымы еді. Отбасымыздың жағдайы аса жақсы болмағандықтан, мен қалайда грантты жеңіп алу керек болдым. Есіл-дертім ҰБТ болды. Бір жыл бойы кітаптан бас алмастан дайындалдым. Міне, енді сол күн де келіп жетті. Тестілеу сағат 9.00-де басталатын болғанымен, 7-30 болмай мектеп алдына жиналдық. Сол жерден бізді орталыққа алып келді. Осыған дейін жүрегім солай соқты ма білмеймін, бірақ сол кездегі жүрегімнің дауысы әлі де құлағымда... Жолда кездескен адамдар бізге соғысқа кетіп бара жатқандай қарайды. Олардың орнында болғым келді.
Межелі орынға жеткеннен кейін 20 минут өтісімен бізді кіргізе бастады. Кезекте тұрғанда жанымдағыларға қарасам, бәрі де керемет білетіндер, ештеңеден қорықпайтын адамдар болып көрінеді. Өзімді тыныштандыруға кірістім. Есіктен кіріп бара жатып, артыма бұрылсам, полиция қызметкерлері, телевидение адамдары, ата-аналар бізге сарыла қарап тұр. Олардың әрбірінің көзінен үміт пен қорқынышты көруге болатын еді.
Жасырып қайтейін, мен екі телефон алып кірдім. Металл іздегіш болады дегенге қорқып бір телефонды іш киіміме, екіншісін белдемшемнің артқы қалтасына (етек жағына қалта жасаттым) салып кірген едім. Тексеретін адамдардың алдына келдім, жүрегімнің қатты соққаны соншалықты "осы кезде тірі қалсам болды" деген ой пайда болды. Олар маған құралдарын кезеді, бірақ ештеңе таппады. Өттім. Сенер емеспін, сол қуаныштың күшімен өз орныма жайғастым. Әлі есімде, ол он сегізінші орын, үшінші лек, екінші қатар еді. Бәрі жайғасты. Ал менің қасыма отыру керек адам жоқ.
Артыма қарай беруді тоқтатпадым. Маған алыс жерлерде екі сыныптасым отырды. Солар мені құтқаратындай қайта-қайта қараймын. Мұздай тер бұрқ ете қалды. Кезекші кіріп, ережелерді түсіндірді де, кітапшаларды таратты. Қобалжуым басылып, кітапшаны қарай бастадым. Бұрын-соңды көрмеген сұрақтарымды оқыған сайын жүрегім бұлқынады. Қорықсам ішім ауыра бастайтын әдетім бар еді... Біздің қатардағы бір қыз телефонмен ұсталып қалып, министрліктен келген кісілер акт жасауға кірісті. Оны көргеннен кейін телефон аламын деген ойды тоқтаттым. Бар үмітті шпаргалкаларға арттым. Отырып алып, Құдайға жалына бастадым. Бірінші қазақ тілін, тарихты, сосын географияны, орыс тілін белгілеп, соңына математиканы қалдырдым. Менің математикам қашанда нашар болатын. Нәтижесінде бар болғаны 12 балл жинадым. Шпор ашуға мүмкіндіктер болды. Тек қай шпорды қандай қалтама салғанымды ұмытып қалғаным болмаса (осы жағын қарайластырыңыздаршы)... Соңғы жарты сағатта бәрі бір-біріне кітапшаларын беріп, білмейтін сұрақтарын сұрай бастады. Аудитория у-шу. Бәрінің біткенін білдім де, дереу белгілеп, кезекшінің қолына тапсырдым. Бірақ, бәрібір жеңілдік байқалмайды. Сыртқа шыққанымда бәрі де қол соғып қарсы алды. "Қалай, қиын болды ма?", "Бәрін дұрыс белгіледің бе?", "Көшіруге мүмкіндік болды ма?", "Қалай ойлайсың, қаншауына дұрыс жауап бердің?" деген сұрақтар жаңбырша жауды. Анамды көрдім де, көз жасымды ұстай алмай қалдым. Бір жыл бойы ішімде жиналған барлық-барлық нәрсені сыртқа шығардым-ау... Әйтеуір, ұзақ жыладым. Анам да менімен қосылып жылады.
Меніңше, ҰБТ тапсырған уақыт қиын емес, қорытынды күткен уақыт өте ауыр. Сол кездегі уақыттың өтпей қойғаны-ай... Қорытындының сағат 18.00-де шығатынын айтқан болатын. Алты сағат бойы тек ҰБТ-ны ойладым. Көз алдыма нашар балл жинап, анам айтқандай, еден жуып, ыдыс жуып жүретінім елестеді. Немесе грантты ұтып алып, Алматы көшелерінде жүретінім, арманымдағы жұмысқа орналасатыным көз алдымнан өтіп жатты. Сағат 17.00 болмай жатып, барлық адам орталыққа қарай ағыла бастады. Қорытынды 19.00-ге қарай бір-ақ шықты. Айналамда өмірде кездесетін барлық эмоция қайталанып жатты... Жылағандар, күлгендер, айқайлағандар, өлгісі келгендер, қуаныштан секіргендер, құшақтасқандар. Оның ішінде мен бармын. Ойымдағыдай балл жинай алмадым. Орыс тілін қосқанда 104 болғанымен, алғанда өте аз болып қалды. Нақтырақ айтсам, менің мамандығыма қажетті балл бұйырмады. Қазір Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студентімін. Ата-анамыз аман болсын, олар мені ешкімнен кем болмасын деп биотехнология мамандығы бойынша ақылы оқуға түсірді.
Мен кінәні ешкімнен іздемеймін. Өзім жеткілікті дайындалмадым деп ойлаймын. ҰБТ – шын білімдінің, барын салып дайындалғанның бағындыра алатын сынағы. Иә, кейде өкінемін. Бірақ өкінгенмен еш пайда жоқ...
Сіздерге сәттілік тілегім келеді! Берілген мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар! Бар ынталарыңызбен дайындалыңыздар!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: lada.kz