Биыл мемлекеттік грант саны 800-ге қысқарды деп хабарлайды inform.kz сайты. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлімдеген.
Былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жылы гранттың саны 800 орынға азайтылған. Вице-министр мұны кейбір мамандықтарға берілетін орындардың магистратураға ауыстырылуына байланысты болғанымен түсіндірді. Сонымен, ағымдағы жылы шамамен 34 мың грант бөлінеді. Оның 12 мыңы техникалық мамандықтарға, 5 мыңға жуығы педагогикалық мамандықтарға, шамамен 2600-ы ауыл шаруашылығы мамандықтарына беріледі деп жоспарлануда.
Тахир Балықбаевтың айтуынша, мүгедек, жетім балаларға және шетелден келген балаларға арналған арнайы квоталар өткен жылғы мөлшерінде қалған. Яғни, бөлінген мемлекеттік гранттың 1 пайызы І және ІІ топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар тобындағы азаматтарға, 2 пайызы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға, 1 пайызы жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріліп отыр.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет:herzen.spb.ru