Биылғы ҰБТ сұрақтары қаншалықты өзгереді?

2014 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу 2-15 маусым аралығында өтеді деп хабарлайды Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі. Сондай-ақ, Tengrinews.kz сайты биылғы жылғы ҰБТ сұрақтарына байланысты жаңалықтар туралы былай деп жазады: 2014 жылғы ҰБТ үшін 14 238 сұрақ дайындалған. Оның 7519-ы қазақ тілді мектептер, 6716-ы орыс тілді мектептердің түлектеріне арналып жасалған. Ал тест сұрақтарының жаңару пайызы пәнге деген сұранысқа байланысты болып отыр. 2009-2013 жылдар аралығына жүргізілген сараптама ең көп таңдалатын пән ретінде физика, биология және географияны көрсеткен. Сол себепті, 2014 жылғы ҰБТ-да физика пәні бойынша тест сұрақтарының базасы 35 пайызға, биология 30 пайызға, география 30 пайызға жаңартылған. Ағылшын тілі, дүние жүзі тарихы, химия пәндері орташа деңгейде таңдалады. Осыған байланысты 2014 жылы дүние жүзі тарихы 27 пайызға, химия 21 пайызға, ағылшын тілі 20 пайызға өзгертілген.

Базаны жаңарту жұмыстарына 170-ке жуық мектеп мұғалімдері мен ЖОО-ның оқытушылары (64-і әзірлеуші, 106 экспертші) қатысқан. Сараптама барысында қате тапсырмалар жойылған. Айта кетейік, 2014 жылы ҰБТ сынағында ешқандай өзгеріс болмайды.

Биылғы жылы 92 077 түлек (63603 – қазақ мектебінің түлектері, 28474 - орыс тілді мектептер) тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Ал "Алтын белгі" иегері атану үшін 4491 түлек бақ сынайды.

2013 жылғы ереже бойынша, ұлттық дәрежесі бар жоғарғы оқу орындарына түсу үшін өтпелі саты 70 балл, "Жалпы медицина" мамандығы бойынша 55 балл, қалған оқу орындарындағы өту баллы 50 балл болып қала береді. ҰБТ қазақ және орыс тілдерінде бес пән бойынша өтеді: қазақ тілі (немесе орыс тілі), математика, қазақстан тарихы, орыс тілі (немесе қазақ тілі), таңдау пәні. Қазақ мектептері орыс тілі пәнін тапсырғанымен баллы есептелмейді, орыс мектептері қазақ тілін тапсырғанымен баллы есептелмейді. 

Сонымен қатар, ҰБТ баллдарын алмастыру шкаласы да қалпында қалып отыр. Бітіруші 0-3 балл аралығында жинаса, "қанағаттанарлықсыз" бағасы қойылады, 4 баллдан жоғары болса, оң баға қойылады.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет:wsgn.pl