Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназиясының түлегі Марат Әсия Жандосқызы Ұлттық Тестілеуден Әбдіжапар Айғаным секілді жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, 125 балл жинады.
Бүгінгі күнге дейін ұлттық бірыңғай тестілеудің екі күні өткізілді.
Тестілеудің бірінші күнінде мүмкін болған 125 баллды бір бітірушінің жинағаны туралы хабарлаған болатынбыз. Мыңдаған түлектердің арманы болған ең жоғарғы баллды №178 лицейдің бітірушісі, Халықаралық білім беру корпорациясының базасындағы ҰБТӨП-те (Алматы қаласы) тестілеуден өткен Әбдіжапар Айғаным Бақытқызы қанжығасына байлаған болатын.
Аплляциядан кейінгі шыққан нәтижеге орай тағы бір алматылық түлек ҰБТ-дан 125 балл алғандығын Ұлттық Тестілеу Орталығы хабарлайды. Марат Әсия Жандосқызы – Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназия МҚК бітірушісі. Ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті базасындағы ҰБТӨП-те (Алматы қаласы) тестілеуден өткен.
Тестілеу бірінші күні 61 ҰБТӨП-тің, екінші күні 60 ҰБТӨП-тің базасында өткізілді. 2 және 3 маусым күндері өткізілген тестілеуге 43498 бітіруші қатысты, оның ішінде қазақ тілінде – 30958, орыс тілінде – 12540 бітіруші бар.