Зейінді жақсартуға арналған 5 кеңес

Зейінді жақсартуға арналған 5 кеңес
жеке
блог

Байқасаңыз соңғы кездерде "уақытым болмады, үлгермей жатырмын" деген сөздерді көп естиміз. Қай кезде де бір тәулікте 24 сағат емес пе? Неліктен біз уақыт тапшылығын сылтауратып, көп нәрсені кейінге қалдыратын болдық? Бұның басты себебі - зейініміздің азаюы. Негізі, адамның миы белгілі бір уақытта бір ғана тапсырманы орындауға бейімделген, алайда қазіргі күні адамдар жұмыс барысында басқа нәрселерге алаңдап, маңызды шаруаларын уақытында орындай алмай қалады. Көп шаруаның ішінен маңыздысын таңдап алып, барлық зейінімізді соған ғана аудару үшін не істеген жөн? Осы блогта зейінді жақсартуға арналған 5 кеңесті оқи аласыз.


1. Жұмыстан алаңдататын құралдардан аулақ болыңыз

Ғаламтор желісінің дамуына байланысты бізге кез-келген уақытта фильм көру, түрлі ақпарат алу, компьютерлік ойындар ойнау мүмкіндігі пайда болды. Үйде ғана емес, көшеде де мынандай көріністі көп аңғаруға болады: қарама-қарсы келе жатқан адам сізді байқамай қағып кетуі ғажап емес, себебі ол телефонына үңіліп, бірдеме оқып немесе көріп келе жатыр. Аялдамада да автобус келгенше телефон шұқыған адамдарды көреміз. Осындай әдет, әсіресе, мектеп оқушылары мен студенттер үшін қалыпты жағдай болып кетті. Бұл - жұмыс немесе оқу процесінде көп кедергі келтіретіні сөзсіз: үнемі телефонға алаңдап тұрған адамда зейін азаяды. Сонымен қатар миы үнемі демалыссыз жұмыс істеп тұрады. Сондықтан тапсырмаңызды орындап жатқанда телефонды өшіріп қойыңыз немесе басқа бөлмеде қалдырып кетіңіз. Бұл кеңеске немқұрайлы қарасаңыз, минут сайын хабарлама болсын, қоңырау болсын, вибрация болсын, сізді елең еткізіп, көңіліңізді телефонға аударуға мәжбүр етеді. Ойыңыз шашыраңқы болып отырғанда тапсырманы толыққанды аяқтау өте қиынға соғады. Уақыт жетпеудің бір сыры осында.

2. Денсаулығыңызға көңіл бөліңіз 

Күндіз жұмыста, сабақ арасында аз-аздан қарап шыққанмен, кешке қарай телефон толық қолға тиеді. Түрлі әлеуметтік желіде небір видеолар, хабарламалар толып келіп жатады. Арасында шыны бар, өтірігі бар, бірақ бітпейтін ақпарат. Әне-міне деп жатқанда түн ауып кеткенін байқамай қаласыз.
Түнгі ұйқы 7 сағаттан аз болса, күндіз оқуға, жұмысқа деген зейініңіз төмен болады. Ал түнде 7-9 сағат ұйықтаған адам жақсы демалады, миы да қажетсіз ақпараттардан босап, тынығады.
Ұйқыдан бөлек, күніне кем дегенде 2 литр су ішу керек екенін, дұрыс тамақтану қажет екенін естімеген адам жоқ болар. Сол қағидаларды күнделікті орындасақ, өзіміздің көңіл- күйіміз жақсарып, жұмысқа, оқуға деген зейініміз де артады.

3. Тек қана бір тапсырманы белгілі бір уақытта орындауды әдетке айналдырыңыз.

Ешқандай алаңсыз бір тапсырманы күнделікті түрде орындау үшін белгілі бір сағаттарды таңдап алыңыз. Сонымен қатар бұл уақытта сізге ешкім кедергі келтірмеу керек. Мысалы, ұйқыдан тұрғаннан кейінгі 1 немесе 2 сағат. Неліктен осы мезгілді ұсынамын? Себебі сіз осы уақытта ояу боласыз және де зейініңізді неше түрлі хабарламалармен, қоңыраулармен бөлмейсіз. Осы тәсілді көптеген белгілі жазушылар, суретшілер, философтар пайдаланған.

4. Помодоро техникасын қолданып көріңіз

Бұл техника бойынша, мысалы, 25 минут бойы барлық зейініңізді тек бір тапсырманы орындау үшін қолданасыз. Содан соң, 5 минут бойыңызды босатып, демалыңыз. Осы процессті 4 рет жасағаннан кейін 5 минут емес, жарты сағат жақсылап демалып алуыңызға болады. Негізі, нақты 25 минут қою, оны 4 рет қайталау міндетті емес, өзіңізге ыңғайлы жүйені таңдасаңыз болады. Бар зейініңізді бір ғана тапсырмаға аударғаныңыздың нәтижесін аздан соң-ақ байқай бастайсыз.

5. Демалыс уақытын дұрыс қолданыңыз

Төртінші кеңесте 5 минут немесе жарты сағат демалыс жайлы сөз қозғадық. Демалыстың маңызы жайлы барлығы біледі, алайда көпшілік осы жерден қателеседі. Қолыңыз босаған бойда: "ғаламтор желісінде не болып жатыр екен немесе аз ғана ойын ойнап жіберейін" деген сияқты ой келсе, дереу ойыңызды өзгертуге тырысыңыз. Себебі, телефон шұқып, ойын ойнағанда миыңыз демалмайды, қайта белсенді жұмысын жалғастырады. Оның орнына таза ауада серуендеп қайтыңыз, медитация жасаңыз немесе 15-20 минут ұйықтап алыңыз. Сонда ғана миыңыз демалып, жаңа тапсырмаларды орындауға дайын болады.

 

Егер осы блогты соңына дейін оқысаңыз, сізді құттықтаймын, зейініңізді бір тапсырманы толық орындау үшін қолдана алады екенсіз. Осы 5 кеңеске көңіл бөліп, күнделікті әдетке айналдыра алсаңыз, аз уақытта көп шаруа жасай бастағаныңызды байқайсыз. Егер сізге бұл пост ұнаса, лүпіл басып, достарыңызбен бөліссеңіз болады. Іске сәт!