Зауал

                                            Хикаят

Сонау жылдарда Алматыда оқып, отау құрған қазақ жастарының арасында пәтер тауқыметін тартпағандар кемде-кем. Қаланың ана бұрышынан мына бұрышына көшіп, пәтерақыны апта сайын өсіретін үй иесіне жалтақтап, өздері түгілі итін де ренжітпей, ара-тұра отынын түсіріп, үй иелері кәрі-құртаң болса, күн-түн демей дәрігерін шақыртып, дәрі-дәрмегін тасып беру... о, бұл бер жағы ғана. Егер үй иесі «жынды» суға тойып алып, апалаң-топалаң шығармайтын болса, қанша жерден қазымырлық жасаса да бәріне шыдап шығуға бейілсің.

Бір ғажабы, пәтер ұстаушылардың арасынан бір де-бір қазақты көрмейсің. Ара-тұра ұйғырлар кездеседі. Ал басым көпшілігі «Жетім бұрыштағы» қазақ жастарымен өктем-өктем сөйлесетін орыстың еркек-әйелі, кемпір-шалы. ...Оқудың соңына қарай «ел қатарлы» отбасын құрып, пәтер іздеушілердің қатарын толықтырдық. Пәтер жалдау, үй иесінің көңілін табу деген тәжірибеден жұрдай болғандықтан, алғашқы жылы пәтердің зардабын да, үй иелерінің қаһарын да көріп бақтық.

Қош, келесі екі жылда жеті пәтер ауыстырғанмен соншалықты қиындық кездескен жоқ. Әйтсе де, осы жеті пәтердің бесеуінің иелері кәдімгідей ішкіштер болып шықты. Күйеуі мен әйелі, енесі мен атасы бірге ішіп, келіні мен атасы, ұлы мен шешесі айқайласып, екі күннің бірінде жақ-жақ болады да жатады.

Алматыдағы 6 линия, 12 линия, Потанин, Гагарин, Малая станица, Горный гигант, тағысын тағы көшелердегі пәтерлерді «артқа тастап», соңғы курстың соңғы екі айы, көктемнің жазға ілесер тұсында Татар көшесіндегі бір үйге табан тіредік. Үй иесі тетя Оляны «Жетім бұрыштан» кездестірдік. Бойы ұзын, орыстың іркілдеген семіз әйелі. Аузынан арақ иісі мүңкіп тұр. «Мейлі» дестік, мазамызды алмаса бопты. Әрі жалға беретін пәтері ауласында бөлек тұрған жазғы үй екен.

Тетя Олямен троллейбусқа отырып, орталық базардан тұп-тура 50 минут жүріп, үйіне жеттік. Қақпасын аша бере тайыншадай ит арпылдап шықты. «Қоя ғой, жаным Барсик. Бұлар жақсы адамдар» деп итінің аузынан сүйіп, желкесін қасып, әрең тыныштандырды. «Бұл өзі қасиетті ит, тек ара-тұра колбасасын әкеп тұрсаңдар болды, тимейді» деді іркілдек. Оля айтқан жазғы үйді көрдік.

Көрдік, төбе шашымыз тік тұрды. Іші-сырты құжынаған маса, ішінде қанден ит жатыр. «Е, бұл Барсиктің подружкасы ғой. Ештеңе етпейді, тазалап аласыңдар» деді Оля. Дәл мынадай пәтерді кім көрген?! Далаға атып шықтық. «Болмайды» дестік, «пәтерақыңыз анау-мынау емес, 30 сом. Үй де соған лайық болу керек». «Жарайды, олай болса, үйде бір үлкен бөлме бос тұр. Ақысы – 25 сом». «Жоқ, 20 сом». «Болса болсын, тек аптасына бір шөлмек... » Келістік. Енді ше, дипломға қолсозым қалды, оған дейін алда екі үлкен сынақ тұр, дайындалу керек. Оля мақтаған бөлмені көрдік, тазалығы шамалы, терезенің кірінен дала тұманытып тұр.

...Бөлмені жуып-тазалап, иісін кетірген болып, кешқұрым «көшіп» келдік. «Новосельеге» деп сұраған соң бір шөлмек, Барсикке «таныстыққа» бір шұжық ала келдік. Бұл пәтердің «спектаклі» бірден басталды. 20 сом пәтерақы мен бір шөлмек қолға тиген соң тетя Оля мен дядя Миша «новосельені» бастап жіберді. Әлден соң, Оляның шешесі баба Шура жетті, алқынып.

Сегіз жастағы ұл Сережа байғұс әбден зәрезап болған ба, екінші қабаттағы бөлмесінің есік-терезесін тарс жауып алды. «Той» басталды, бірін-бірі ұрды ма, сүйісті ме, жерге құлады ма, тарс-тұрс, сарт-сұрт... Бір қызығы, пәтер иелерінің бәрі дерлік әнқұмар. Бір-екі жұтқан соң, бітті, екі-үш дауыспен «Ой, мороз-мороз...» теңселеді. Бұлар да сөйтті.

Келесі күні қақпаның дүрсілі мен Барсиктің әупілдеген дауысынан ояндық. Үй иелері түнімен жау түсіргендей тым-тырыс. Қақпа алдында қауға сақал шал тұр. «Мен Оляның әкесі, дядя Васямын» деді. Үйге кірген соң: «Вай-вай, Шура, ұятың жоқ. Балалармен арақ ішіп...» деп күңкілдеп, ауладағы сәкіге барып отырды. Ара-тұра үй жаққа қарап қойып, тапжылмастан ұзақ отырған қарияны шайға шақырдық. Дядя Вася көп жыл теміржолда поезд машинисі болып істепті.

Қазақшаға судай екен. «Қазақтың екі шалымен жиырма жылдай бірге сапар шектім. Екеуі де жақсы адамдар еді. Жетпісбайдың үйі теміржол стансасының бойында болды. Поезд жақындағанда шешесі, балалары айран, бауырсақ, піскен ет алып жүгіретін. Кейін бір демалыста барып, қонақ болдым. Жетекеңнің отбасы қатты қуанды. Өзі менімен құрдас. Содан жыл сайын демалыс алысымен Жетекеңнің үйіне тартып кетуді әдетке айналдырдым. Олардың қонақ күтуі, берекесі, отбасының татулығы керемет еді. Ол кезде мен арақ ішетінмін. Жетекеңнің шешесінің тәрбиесі, жындысу туралы айтқан сөздері санамда қалыпты. Содан бастап арақтан аулақтай бастадым. Ал мына, Шура... ех, Шура... әйелдің ішкіш болғаны қиын екен.

Оған Оля қосылды. Оның күйеуі де маскүнем болып шықты... ». Дядя Вася бірауық үнсіз қалды. «Ол кісілер... Жетекеңдер қайда, қазір?» «Шешесі қайтыс болды. Қазақ дәстүрімен бата жасап, топырақ салдым. Анамдай болып еді. Ал Жетекең бар, балалары өсіп-өніп үй болды. Ара-тұра кездесіп тұрамыз». «Сіздің қызыңыз... бұл қалай?

Сережаның жағдайы қалай болмақ?» деген сауалдар тіл ұшында қалды. Қария әңгіме ауанын бізге бұрды. «Сендер мұнда текке келдіңдер. Табылса, басқа пәтерге ауысыңдар. Тіпті өзім тауып берейін» Мұнысы несі? Бір-екі айға түгіміз кетпес, Олялар да күн сайын тойлай бермейтін шығар. Бүгін естерін жияр, ертең жұмыс күні...»

— Жоқ, менің айтарым басқа. Осы үйдің ауласы екі сотық жер. Осы екі сотық жерде Оляның балалары жерленген.

Өлік көргендей тым-тырыс қалдық. Қария әңгімесін жалғастырды. «Оля ақымақ жылына екі-үш реттен түсік жасайды. Міне, Сережа 8 жасқа келді. Осы аралықта Оля не істемеді? Дәрігерге барса, сол жақта жасаса... жоқ, әуелі сыған кемпірге арақпен бірдеңе жасатып, сосын үйге келіп «босанады». Тіпті бір-екі рет 5-6 айлық нәресте тірі туды. Солардың бәрі, санынан жаңылмасам он екі әлде он үш бала осы үйдің айналасында аяқ астында жатыр...». Шал үнсіз тұнжырады.

Дядя Вася айтқан сөзінде тұрды, пәтер тауып берді, соңғы бір айды сол көшенің бойындағы татар кемпірдің үйінде өткіздік. Бір апта өткеннен кейін қалған кітап, оны-мұны заттарды алуға Оляның үйіне бардым. Есік шалқасынан ашық, екінші қабаттан әйелдің ышқынған дауысы шықты. Сөйтсек... төрдегі диванда шалқасынан түсіп Оля жатыр. «Схватка, схватка» дейді жанұшырып. Түсінікті болды. «Скорый...» деуіміз мұң екен, «Не-е-ет, не надо» деп безектеді, «я сама, как нибудь...» Оляның қиналысы екі сағатқа созылды. Басын шайқап дядя Вася келді.

Есік алдында ұзақ отырдық. Сөйтсек, Оля екі шөлмек «Пшеничный» арағының бірін ішіп, екіншісін шарананы өлтіруге жұмсайды екен. Қалай, қайтіп? Білмедік, білуге де құмартпадық. Әлден соң Оля шақырды. «Папочка, дорогой...» әкесіне еміреніп, еңіреп қоя берді. Қолымен босағаны меңзеді. Алакөбең бөлменің босаға тұсындағы тегене толы қып-қызыл... айтуға ауыз бармайды, ішінде домаланған ақ сары (маған баланың арқасы әлде қарын тұсы болып көрінді) әлдене жатыр. Жүрегім көтеріліп, лоқсып, далаға атылдым. Мұндай да қаныпезерлік болады екен?!

Арада бір-екі жыл өтті. Бірге оқыған Сәуле қыздың Алматыда өтетін тойына жиналдық. ...Әлдеқалай бір шаруамен «Жетім бұрыштың» қасынан өтіп бара жатқанымда арбада, кәдімгі мүгедектер арбасында отырған Оля көзге оттай басылды. Әрең таныды, сосын еңіреп тұрып жылады.

— Өткен жылы қыста Миша арақ ішіп, мені үйден қуып шықты. Мен де қызу едім, жүре алмай, аулада жатып қалыппын. Түнімен аулада домалай беріппін, домалай беріппін, — деді өксігін баса алмаған Оля.

Көз алдыма кішігірім зиратқа айналған Оляның ауласы елестеді.  — Содан осы халге жеттім. Екі аяқты да тізеден кесті. Көрмеген бейнетім жоқ, өліп тірілдім. Есімнен танып жатқанда мені абортта кеткен балаларым қоршап тұрды. Бірі тіпті «мамочка» деп қолын созды. Ол бала бес жарым айлығында тірі туған-ды. Түрі көз алдымда. Ең болмағанда сол ұлды тірі тууым керек еді. Қазір де түсіме жиі енеді. Ех, мен үшін енді бәрібір, мен де бір, қолын қанға малған жауыз да бір, — деді көзіне жас тола.

Әлден соң: «Қазір жақсы квартиранттар жоқ, бәрі арсыз болып кеткен, — деді қолын сілтеп. — Ешкім көмектеспейді, сұмырайлар, — деп әлдекімді боқтады. «Дядя Вася...» «Ох, папочка, ол бір қазақтың үйіне көшіп алды». Жетекеңе кеткен болу керек. Оляға 25 сом ұстаттым. Мәз болды.

«Жалғандікі ақиретке кетпейді». «Тіршіліктегі қиянат, кесірлік, жақсылы, жаманды істер бәрібір алдыдан шығады. Өзіңе кездеседі, әйтпесе ұрпағыңа тап болады» деседі білетіндер. Сол рас!

             Сая Молдайып



Бөлісу: