Замандасымның әңгімесі

Замандасымның  әңгімесі
жеке
блог

Бұл замандасыммен жұмыстас болғаныма үш жылдан аса уақыт болыпты. Кабинетіне бара қалсам, бірде терезеге қарап, қалың ой құшағында, бірде  мұңды әуен қосылған компьютер терезесіне қадала қарап отырғанын көремін. Қашан көрсең де жып-жинақы киініп, тартымды боп жүреді, ашық-шашық киінгенін бірде-бір рет көрмеппін. Ұжымдық отырыстарда байқағаным, ішімдік ішпейді, жас болып, жиын-думанның соңына дейін жүрмейді, әдемі отырып, әдемі қайтады. Өзі көп ашылып әңгіме айтып, сыр шаша бермейді, көп күлмейді де, сап-салмақты... Бірақ, ашуына тисең, сенің кім екеніңе қарамайды, жақсылап тұрып сазайыңды береді. осындай ашулы сәттерінде "артықтау" кетіп қалса, кейін өзінің дұрыс жасамағандығын түсініп, кешірім сұрайды. Міне, менің жұмыстас құрбым осындай. Неге тұрмысқа шықпай жүр екен деген ой келеді еріксіз. Сырт көзге жұмбақ бұл замандасым мен үшін де жұмбақ, жоғарыда айтып кеткен сипаттамаларым, берген мінездемелерім үш жылдан аса уақыт жұмыстас бола жүріп, өз бетімше танып-білгенім. Әдеттегіше жұмыс күндерімнің бірі, абыр-сабыр боп жататын күндегі жұмыс, сол күні тып-тыныш, өйткені басқа бір ғимаратта семинар-кеңес өтіп жатқан, барлық қызметкерлер, басшылар сонда кеткен. Мен жұмыстас құрбымның қасына келдім, әдеттегіше компьютерінде әсем әуезді әуен. Ақбота Керімбекова "Келем деші бүгін, келем деші ертең" деп ән салып жатыр. Қасына отыра кеттім, замандасымды әңгімеге тартпақ оймен "Кімге келем деші" деп жатсың дедім. Ол сол салмақты қалпымен маған қарап бұрылды да "ешкімге" деді. "Ешкімге" деген бір-ақ ауыз сөзінен  тысқа шықпай жатқан бір шерді, мұңды байқадым. Сәл үнсіздіктен кейін мен тағы сұрақ қойдым, осылайша екеуіміздің арамызда алғаш рет сыр шертісер диолог болды. 

- Тұрмысқа шығу жоспарда жоқ па?

- Жоқ...

- Неге, нені күтіп жүрсің, қателеспесем, саған сөз айтып жүрген жігіттер бар ғой

- Ия, оның рас

- Әлде, машиналы, үйі бар, қалталы, ақбозатты ханзаданы күтіп жүрмісің (күліп)?

- (ол күлмеді) Жоға, (сәл ойланып,) маған жар болар жігіттің машинасы да, үйі де, қалтасының қалыңдығы да маңызды емес,  оның тек адалдығы, басындағы ақылдылығы, жүрегінде иманы болса, сол жетеді маған. Мансап та, байлық та уақытша нәрсе, бүгін бар, ертең жоқ. Көрмейсің бе, "ана бір" бастықты, 2-3 қалада үйі де, машинесі де, жап-жақсы тағы да болды. Ал қазір ше, темір тордың ар жағында. (Жұмысымыздағы бұрынғы басшы "артық қылам деп тыртық қылды". Жемқорлықпе ұсталып, 5 жылды арқалап кете барды)  "Көп асқанға бір тоқсан" деген бар, сол себепті адам ашкөзденбеу керек. Өз басым Алламның осы бар бергеніне шүкір деймін. Кейде, жалғыз қалып, ойға шомып кеткен сәттерімде "Ие, Аллам, жоқтықты көрсем көрейін, осы бергеніңі де шүкір, тек мені жақын жаңдарымнан, ғұмырымның тыныштығынан айыра көрме" деймін. Дайын үй, дайын байлыққа күп ете түскім келмейді. Жарым, бағым деп мені таңдаған адамыммен бірге жүріп, үй болғаннан кейін үйді салуға да, машинаны алуға да, байлықты жиюға да болады.

Мен ұзақ ойланып, отырып қалдым, әрі қарай сыр бөлісуге мүмкіндік болмады, себебі ЖҰМЫС! Бір білерім, оның жүрегі небір сырларға толы екені анық, оның жанына бататыны не нәрсе, не себепті оның жанарлары үнемі мұңға толып жүреді? Айтпақшы осы әңгіменің ертесіне кабинетіне кіре салғам, терезеге қарап жылап тұр екен, "Не болды, неге жылайсың" деп сұрақ қоймадым. Өйткені ол бәрібір жауап бермес еді, Тек құшағыма алып, жұбаттым... Оның ішіндегі сырларын білуге құмартып тұрғаным жоқ, тек осы бір замандасыма қайтсем көмегім тиеді деген ой мазалайды мені. Шынымен жаным ашиды, кім өкпелетті екен, не нәрсе ренжітті екен? Құдай қаласа, алда әлі талай сыр түймесі ағытылар ортамызда, нендей жағдай болмасын, сол замандасыма сүйеу болғым келеді... (Жалғасы бар)