Қазіргі таңда биді үш түрге бөліп қарастырамыз. Олар: романтикалық, классикалық және заманауи билер. Соның ішінде жастар тарапынан көп орындалатыны: заманауи билер. Бүгінде жастар арасында танымал билер жетерлік. Бірақ, олардың барлығы дерлік батыстық әуенге, сол елдердің халқының менталитетіне негізделген. Атап айтсақ, «Тектоник», «Gangnam style», «Harlem shake», «Go-Go» (клуб биі), т.с.с. Солардың әрқайсысына қысқаша тоқталып, сараптап көрейік.
Біз өзі әр нәрсеге еліктегіш халықпыз ғой. Жаңа әуен шықса да, жаңа би шықса да өзімізге икемдеп, ата-бабамыздан қалған нәрсе секілді құмартып тұрамыз. Кейінге шегінсек, өткен ғасырдағы 80-жылдары ата-аналарымыздың жас кезінде «ламбада» биі сәнге айналған. «Ламбаданы» икеміне келтіріп билеп үйренбейінше, дискотекаға бармайтынбыз», – дейді жастық шағы сол уақытқа дөп келгендер.
Ал, қазір ХХІ ғасырдың сәнді билері ұлттық билерден тым алшақ, жынойнақ секілді бірдеңелер. 2006-2007 жылдары аса танымал болған бидің бірі «тектоник» еді. Бәрі бірінен-бірі қалыспай, екі қолын ерекше қозғалтып, тіпті басынан айналдырып билейтін. Бұл бидің құрамында хип-хоп, брекинг, джампстайл, локинг, поппинг секілді бейтаныс билердің элементтері бар. Негізгі атауы «electro dance», яғни «электро би» болуы керек. Бұл бидің өзі ауыр және жеңіл болып екі топқа бөлінеді екен. Тектониктің тарихы 2000 жылы Париж қаласынан басталған. Қала сыртындағы «Tecktonіk kіller» кешінің бірінде барша жастар жиналып аталмыш биді билеген. Сол сәттен бастап «тектоник» сәнге еніп, бұл кешке тұрақты сегіз мыңдай адам келіп тұратын болған. Бидің атауы «Tecktonіk kіller» кешінің атауынан қысқартылып алынған.
Ал, «Гоу-гоу» – түнгі клубтарда, дискотекаларда қонақтардың көңілін көтеруге арналған бидің бір стилі. Гоу-гоудың тарихы 1960-жылдары Нью-Йоркте екі әйелдің үстел үстіне тұрып алып твист биін билеуінен басталған. Қазіргі таңда бұл билердің орнын өзге заманауи билер басқан соң өткінші құбылыс болғандығын байқаймыз.
Ендігі кезекте бүкіл елге танымал болған «Gangnam style» биі – 2012 жылы 15 шілдеде шыққан хип-хаус жанрындағы би. «Gangnam style» – PSY есімді әншінің авторлық әні. Әннің бейнебаяны ғаламторға түскен сәттен бастап, оны көрушілер саны лезде көбейген. «Каннам стайл» – корей тілінде Сеулдың бай, әрі сәнді ауданы Каннамгудың ғажайып өмір салты деген мағынаны білдіреді. 2012 жылдың 20 қыркүйегінде «Каннам стайл» әуені «Гиннестің рекордтар кітабына» ғаламтордағы ең көп қаралған бейнебаян есебінде кірді. Кейінірек, 11 қарашада «MTV» телеарнасының музыкалық байқауында «ең жақсы бейнебаян» атағын жеңіп алған болатын. Әнші PSY бұл әуеннен шамамен 8,1 миллион АҚШ долларын тапқан деген дерек бар. 2012 жылы 25 қарашасына дейін бұл бейнебаян 5,5 млн адамға ұнаған, жылдың аяғында оны көрушілер саны 1 миллиардқа жеткен көрінеді.
Әлемге әйгілі болған «gangnam style» биін арада екі ай да өтпей «harlem shake» атаулы биі ығыстырады. Harlem shake (Гарлемдік қозғалыс)–ғаламторда ең көп дауыс жинаған бейнебаянның негізінде танылды. Бұл қысқаша бейнебаян жапондық бейне-блогер «Жиіркенішті Франктың» бейнесіне пародия ретінде түсіріліп, үстіміздегі жылдың 2 ақпан күні ғаламторға енгізілген. Бейнебаянның танымал болғаны соншалық, бір аптаның ішінде 2,5 миллионға жуық адам тамашалаған. Сол сәттен бері аталмыш роликке еліктеушілер саны артты. Осы уақытқа дейін ғаламторға 25 мың ролик жүктеліп, оны көрушілер саны 120 миллионнан асып жығылады. Негізінен, бұл эротикалық би болып саналады. Сол себепті, оны насихаттау және қоғамдық орындарда билеу бұзақылық. Алғаш рет Нью-Йорктегі Гарлем ауданында 1981 жылы дүниеге келген. Биді Эл Би есімді ішімдікке салынған адам орындаған екен. Кейін 2001 жылы рэпер G.Dep-тің өзге бишілермен қатарласып «harlem shake» биін билеп түскен бейнебаянынан кейін танымалдылыққа ие болған. Бұл бидің өзі ежелгі эфиопиялық «эскист» биінен шыққан деседі. Аталмыш би АҚШ, Канада, Австралия, Германия, Ресей және Украина мемлекеттерінде аса танымал.
Қазақстанда да «harlem shake» биіне еліктеушілер табылды. 11 ақпаннан бастап ғаламторда Алматыда және өзге де қалаларда түсірілген бейнебаяндар қаптап кетті. Би әуенінің авторы Гарри Родригестің айтуынша, ол өзінің бұл композициясының осындай танымал боларын күтпеген. Жай ғана арнайы дене шынықтыру орындарында қойылатын музыка болатын, – дейді ол. Кейін автор өзінің шығармасының тіпті мағынасыз екендігін айтқан. Би тіптен мағынасыз, бастапқы 14-15 секундта жалғыз адам бас киімде билеп тұрады, өзге адамдар өз істерімен айналысып отырады. Артынша басқалары түрлі костюмдерде немесе тіпті жалаңаш күйі түрлі эротикалық іс-қимылдар жасайды. Роликтің ұзақтығы бар-жоғы 30 секундтай, дегенмен тез көрермендерін жинады. Ол бұл бейнероликтің аса кереметтілігінен емес, әдетте көру уақыты қысқа болған сайын бейненің танылуы да жоғары болады.
Қарағандыда студенттер бұл биді билеп, біраз шу шығарғаны бар. Олар биді университет қабырғасында орындап қана қоймай, елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың портретінің алдында билеген бейнесін ғаламторға жүктеген. Кейін бұл оқиға баршаға жария болғаннан кейін студенттерді оқудан шығару жөнінде сөз болды. Дегенмен, жоғарыдағыларға жеткен бұл мәлімет қызу талқыланып, ҚР-ның Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов пен Бақыт Сыздықова студенттерге қолдау көрсетті. Басқа елдерде де осы секілді бұзақылықтар көп тіркелген. Атап айтсақ, 23 ақпан күні Египетте бір топ студент жастар «harlem shake» биін пирамидалар жанында билеген. Кейін бұл төрт студент қамауға алынған екен. Әзірбайжандық белсенділердің біреуі Илькин Рустамзаде бұл биге флеш-моб ұйымдастырып, оны әлеуметтік желілерде жариялағаны үшін темір торға тоғытылған. «Цензураға қарсы ұлттық коалицияның» мәліметі бойынша, АҚШ-тың өзінде аталмыш бидің кесірінен жүз оқушы мектептен шығарылған.
Иә, осындай еліктеудің салдарынан біраз қуғынға ұшыраған жастар көп болды. Осындай оқиғаларға тосқауыл болу мақсатында Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 3-курс студенттері «Анти harlem shake» бейнеролигін түсірген болатын. «Мақсатымыз – замандастарымызға өзге билерден гөрі өзіміздің ұлттық биіміз «қаражорға» мен «қамажайды» үйренейік деген ойымызбен бөлісу», – дейді студенттер. Осындай шаралардың студенттер арасында өткізілуі қуантарлық жайт.
Бүгінде Астана қаласының 15 жылдығына орай елордамызда «Халықаралық көше билері–2013» атты хип-хоп көше биіне арналған халықаралық жарыс өткізіліпті. Бұл заманауи бидің халықаралық жарысына қатысушылар жан-жақтан жиналған. Әлем елдерінің үздік бишілері 1 млн. теңге үшін барын салған. Осыдан-ақ, мерекеде шетелдің биін насихаттап, өзге елдің азаматтарының қалтасына қыруар қаржы салғанша, дәстүрлі биден жарыс өткізіп, үздік бишіге сол сыйлықты табыстаса қандай жарасымды болар еді.
Дегенмен, шындап келгенде көпшілігіміз әлі күнгі өзіміздің ұлттық биімізді икеміне келтіріп билей алмай жүрміз. Той-томалақтарда, ұлттық мерекелерімізде ғана билеушілер табылып жатады. «Қаражорғаның» насихаты өзге ұлттық билерімізден күшті болды ма, әйтеуір, барлығы жарыса билегені бар. Мысалы, 2010-жылы қыркүйекте Астана қаласында «Қаражорғаны» бір мезетте мыңдаған адам орындады. Олардың дені студенттер мен ұстаздар еді. Шараны ұйымдастырушы белгілі қоғам қайраткері, заңгер, Қазақ гуманитарлық заң университетінің президенті, Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаевтың: «Ұлттық биді жалпыхалықтық би есебінде таныту керек. Қаражорғаны көпшілік жерде, той-томалақта, би кештерінде, жастарымыз билейтін оқу орындарында күнделікті биге айналдырса» деген пікірін теледидардан естіген едік.
Бірақ, «Қамажайды» билеушілер мен насихаттаушылар саусақпен санарлықтай. Тек қана жақын арада А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қамажай» ауыспалы би сайысының өткізілуін айтпағанда. Бұл шараның негізгі мақсаты – жастарға ұлттық биімізді насихаттау және биге деген қызығушылық тудыру болса керек. Алдағы уақытта да осындай шаралар, лайым, көп болғай. Өзгенің әуенін ұрандатып, биін билегенше, өз еліміздің мұрасын ардақтайық.
Ш.Ашықбаева.