Жыл өткен сайын ақыр заман жайлы әңгімелер жиілеп барады. Ғылыми тұрғыдан алсақ та, дін жағынан алсақ та, ақыр заманның жақындап қалғаны рас дейді білетіндер. Мұндай әңгімелердің кейбірі нақты сондай қауіп бар кезде айтылса, кейбірі елдің назарын болып жатқан мәселелерден басқа арнаға алып кету үшін айтылады екен. Қалай болса да, олардың көбі елді қатты дүрліктіргені рас. Ақыр заман жайлы орындалмай қалған үш үлкен болжамды назарларыңызға ұсынсам деп едім:
1. Бұл тек 90-шы жылдардың емес, тіпті XX ғасырдың да емес, бұл бүтіндей бір МЫҢ жылдықтың соңы еді. Адамзат үшінші мың жылдық пен XXI ғасырдың бастауы болатын 2000 жылды асыға күтіп жүрді. Жаңа мың жылдық, жаңа ғасыр үлкен жаңалықтың жаршысы іспеттес көрінді. Бірақ ел арасында айтылып жүрген әңгіме көпшіліктің үмітіне күдік қосты. Бұл не әңгіме еді?! Жан шошитын бұндай әңгімені біздің ел бұрын-соңды естімеген болатын. "Батыстың айтуы бойынша, 2000 жыл біз үшін соңғы жыл екен! Ақыр заман келіп, бәріміз құриды екенбіз! Оған себеп: Жаңа мың жылдық, жаңа жүз жылдық және жаңа жыл" - деп басталатын бұл лақап сөзге әркім өз білгенін қосып, ел арасына бұл "жаңалықтың" таралуына күш салып жатты. Үміт пен күдік араласып, арпалысып, соңында үміт ақталды. 2000 жылдың бір айынан екінші айына шегерілген "Ақыр заман" болған жоқ!
2. Арада біраз жыл өтті. Сол жылдардың бәрінде бұл әңгімелер тиылған емес. Бірақ, нақты дәлел мен себептерінің жоқтығына байланысты, елдің назары бұндай лақаптарға аса ауа қоймады. Дегенмен, кезекте көпшілік күткен бір күн бар еді. Ол - 06.06.06. Дәл осы күні ақыр заман болады деген ақпаратты таратқандардың айтуы бойынша, бұл сандардың тізбегі жайлы Інжілде жазылған, әрі олар Әзәзілге тиесілі екен. Бұл ақпарат ел арасына тез тарады, себебі 2000 жылға қарағанда, 2006 жылы өсек жерде қалмайтын ғаламтордың әлдеқайда дамыған уақыты еді. Осы күні қайда қашарын білмей, үйінен шығуға қорыққандар да болды. Ал лақапқа сенбегендер, арнайы осы күнге белгіленген үйлену тойларын жасап жатты. Не болса да, халық санасына үміт пен күдікті ұялатып, тағы бір шулап алғаны сөзсіз.
3. Арада тағы да 6 жыл өтті. Ғаламтор өсек таратудан алдына жан салмайтын деңгейге жетті. Бұл жылға байланысты шу өзіңіздің де есіңізде шығар. 2006-дан кейін, әңгіме бірден осы жылға ауды десек, қате болар. 2007, 2008, 2009, 2010, 2011 - осы жылдардың бәрінде әр түрлі лақаптар ел арасын кезіп жүрген, бірақ ол тек мың-он мың адамға ғана әсер етіп, одан ары аса алмады. Ал 2012 жылдың талқылану деңгейі алдыңғының бәрінен озып кетті. Оған себеп: мыңдаған жыл бұрын жасалған Майя күнтізбесі. "Бұл күнтізбе 2012 жылдың 21 желтоқсанымен бітеді, сол уақытта Жерде жаңа дәуір басталады" деген әңгімені айтпаған жан болмады. Деректі, көркем фильмдер түсіріліп, ақыр заманның дәл сол күні болатынын көпшілік мойындап та үлгерді. Сөйтіп, адамзат - біреулері үйіне қамалып, біреулері үңгірге тығылып, біреулері Құдайға сиынып, енді біреулері ұялысын алып, "ақыр заманды видеоға түсіремін" деген оймен тауға шығып, 21 желтоқсанды да өткізді. Заман бұл жолы да сол күйінше қалды.
Ендігі кезек 2018 жылда дейді білетіндер, одан кейін, оған дейін, тіпті арыда дейтіндер де аз емес. Қай жыл айтылса да, заманақырдың болатыны хақ. Бірақ адамзат қашып құтыла алмайтын осы күннен неге қатты қорқады? Оның себебі неде? Бәлкім бәрі рухани жағынан таза болса, бұлай қорықпас па еді?!