Заман тоғысындағы халық бейнесі
блог
Алтай мен Каспий арасындағы ұлан-ғайыр атырап жерді жайлаған қазақ халқы бастауын сақ заманынан алады. Еділ, Томирис секілді көреген көсемдердің бастауына ерген халық қайрат пен намысты бойына жинап, елдің ұлылығын асқақтатқан. Сол халықтың ұлылығы Қағанаттар дәуіріндегі кезеңде, орта ғасырларда да заңғар шыңнан түспеген. Кейін қазақ ел болып қалыптасып, Қасымның қасқа жолымен, Есімнің ескі жолымен, Тәукенің тік жолымен жүрген елді заман қамшысына мойынсұнбай, өзінің адал қасиетін жоғалтпаған, ата-дәстүрін қадірлеген еркін халық ретінде білеміз.
Ұлы хандардың асқақ жолдарын жалғастырған, тақтың ақ киізі астына төселген Абылай хан бір күні түс көріпті. Қасына ақылшысы Бұқар жырауды шақырып, түсін былай баяндайды: - “ Оза шапқан жүйрігімнің үстінде отыр екенмін. Сарыарқаның сары жазық даласында жүрмін,-дейді хан.- Бір кезде беткейді бетке алып қаһарланған арыстан тұра қашты. Астымдағы жүйрігімнің жүгенін сол жануардың бағытына бұрдымда, артынан қудым. Қуып жеткен мезетте, көп арпалыспай арыстанның ішін жайратып салдым. Міне, қызық! Арыстанның ішінен бір жолбарыс атқып шықты да, ол да қаша жөнелді. Қарап тұрмай бірден қудым. Жолбарыстың ізімен теңескенде, аш бүйірін қанжарыммен орып жібердім. Қарыны сыртқа ақтарылып, ішінен көкжал қасқыр шықты. Есін жиа ол да тұра қашты. Жете бере, қасқырдың ішіне қолымдағы қанжарды салдым... Енді қызыл түлкі қашып барады. Түлкіні де қуып жетіп, қарыннан осып жібергенімде, ішінен құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке ақтарылып қоя берді… Бірақ, бұлар менен сескенбеді, қашпады. Бәрі жабыла быжынап, астымдағы қылқұйрықтының сауырына, жалына өрмелей түсті. Шошынғанымнан айқайлап жіберіп, оянып кетіппін”. Түсін мұқият тыңдаған Бұқар жырау, істің мән-жайын былай жориды: - “Сіздің түсіңізден халық бейнесінің өзгерісін көрдім. Бүгінгі күні еліңізбен бірге арыстандай айбаттанып, күш-қуатымыз тасып жатқан жайымыз бар. Ал, осы арыстаннан туылатын ұрпақ жолбарыс іспеттеніп, қайратты да батыл болады. Одан келер заман бізге қасқырдай жорыған, бойына айла мен күшті жиған ұрпақ алып келмек. Сол қасқырыңнан туылатын ұлдарың жалғыз жортқан түлкідей қу, алайда су жүрек болмақ. Ақырында, халқың сенің жерде жорғалаған құрт-құмырсқа, бақа-шаян секілденіп майдаланады ”. Ханның түсінен осындай түйін түйген Бұқар жыраудың әңгімесі, бүгінгі күні шындыққа жанаса ма? Айтылған ойы халық бейнесінің айнасы болды ма?
Расында, билік тізгінін Абылай хан ұстаған заманда халқымыздың келбеті арыстандай болды. Арыстан ешкіммен соқтығыспайтын сабырлы, алайда өз жеріне бөтеннің ізі түскен сәтте қаһары мен айбарын жауына төгетін, өз жерін қызғыштай қорғайтын жануар. Жануардың осындай қасиеттері халқымыздың сол кездегі мінез-құлқымен бір арнаға түседі. Өзіміз білетіндей, жоңғарлардың пиғыл ниетіне, шапқыншылықтарына қарсы халқымыз тойтарыс беріп, мәдениетімізді, жерімізді көздің қарашығындай сақтап қалған. Алайда, солтүстіктен күздің ала бұлтындай сұрланған Ресей империясы заманның бағытын өзгерткен жүген болды. Аяғында, сол баяғы арыстанымыз біртіндеп жолбарысқа айналды. Еліміздің аумағында халқымыз отарлауға қарсы тойтарыс беріп, талаптана күресті. Хандарымыздың жүргізген саясаттары, Сырым Датұлы бастаған көтерілістер айтылған сөзге дәлел. Бірақ, заман өзгерісі бұл нүктеде тоқталмады. Қасқыр болатын кез XIX ғасырға тұспа-тұс келді. Еліміздің еркіндікке деген құлшынысы бұрынғыдай болмады, күш-қуаты әлсіреді. Бостандықтың ауасы таусылған кезде, халқымыздың намысшыл ұлдары, атап айтқанда Махамбет пен Кенесары бастаған топ төстегі қасқырдай айла мен күшті бетке ұстап, отаршылдыққа қарсы күресті. Алайда, тамырын тереңнен жайған қарағаштай Ресей саясаты елімізді құлдықтың саз батпағына сұқты. Халқымыз бұрынғы ұлы қасиетінен айрылды, кейбір ақсақал, би, болыстар жергілікті халықты қанатып, озбырлық пен қанаумен айналысты. Солай, қасқыр келбетіміз біртіндеп түлкіге айналды. Бұрынғыдай, күш-қуат, қаһарымыз болмады, бірақ жағдайды айламен шешуге тырысқан заман келді. Өктемшіл саясаттың аяқ астына тапталған халық арасында бір-біріне деген сатқындық пайда болды, сол заманда сөз бостандығы жойылды. Тіліміз, мәдениетіміз қатты бұрмаланып, ата-дәстүрімізді ұмыттық. Солай жүріп, майдаланып, бүгінгі күні құрт-құмырсқа, бақа-шаянға айналып жатқан жайымыз бар. Тіліміздің тазалығы, дініміздің тұтастығы бұзылды. Жастарымыздың басым көпшілігінің бойында адами қасиеттері төмендеп, батыстың желімен бірге есіп, халықтың ұлылығын көріп жатқан жоқпыз. Әрине, бұл аға ұрпағымыздың алып келген жолынан болып отыр. Сондықтан, ұлт тағдырын тамырсыздық індетінен қалқалайтын бірден-бір жол- бабалар мұрасын жаңалап жалғау. Егерде біз осындай жаңа бағытты ұстансақ, арыстандай келбеттенген, аламан болып ер жеткен, өрен, өршіл, өркенді ұрпақ өсеріне күмән жоқ!