Закопане? Естімедіңіз бе? Барлық қызық осында

Закопане? Естімедіңіз бе? Барлық қызық осында
жеке
блог

Сәлем, Қазақстан! Ескі суреттерімді ақтарып отырып Закопанеден бірнеше суреттер тауып алдым. Сол сақталған суреттер арқылы сіздерге осы постты жазуды жөн көрдім. Закопане Польшаның туристтер көп баратын орындардың бірі. Себебі мұндағы таулардың әдемілігі, жалпы табиғатының сұлулығы кез келген адамды таң қалдырады. Алматыда тау болсада, бұрын-соңды тау көрмеген адамға бұл жер мен үшін жұмақ болды. Оқу аралығында болған демалысты пайдаланып достарыммен бірге Варшавадан Закопанеге жол тарттық. Польшада қала және басқа елдерге жүретін "Polskibus" деген автобустар жолы бар. Сол автобустың кезекті бір акциясында, 1 zl Краковқа дейін билет алып, ары қарай Закопанеге баратын автобуспен жеткен болатынмын. 1zl ол кезде 50 тг болатын :) Міне осындай акциялар біздіңде жолда болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Краковтағы суреттер тапсам, ол жайлы да жеке пост арнармын. Бірінші кезекте, Закопане туристерді өзінің биік-биік тауларымен тартады. Бұл жерде 10 шаңғы тебетін жерлер орналасқан. Ол әр категорияда шаңғы тебетін азаматтарға арналып бөлінген. Профессионалды тебетін азаматтарға таудың шынында арнайы шаңғыға арналған орындар орналасқан. Келген бетте өзіміздің алдын-ала жалдап қойған үйімізге барып орналасып алдық. Закопане өте шағын қала. 2-3 күнде қаланың әр жерін жаттап алдық. Қалада жаяу жүрсеңде адаспайтынымызды түсіндік. 

 

Осы суреттегі үйлердей, барлық қалада осындай 2-3 қабатты үй салып тастаған. Бұл жергілікті тұрғындар үшін ақша табудың жолы. Мұндағы әр комната күніне 50-60 zl тапсырылады. Ол біздің теңгемен 2500-3000 тг. Орналасып алғаннан кейін Закопане қаласының орталығына барып, қаланы бір аралап келдік. Кіші қала болғанмен Закопане қаласында барлық фаст фуд орналасқан. КFC, McDonalds, Subway сияқты ірі-ірі тамақтанатын орындарды Закопаненің орталығынан көруге болады. Орталықта адамдарды көптеп кездестіруге болады. Закопанеда қысы-жазы туристер саны азаймайды. Ал, біз күздің бір айына түсіп қалдық. Ол кезде туристер саны тым аз болды. Закопане орталығы Круповка деп аталады. Круповкада көліктерге жүруге қатаң тыйым салынған. Бұл жерде тек таксилерге ғана жүруге рұқсат етілген. 

Орталықтан келгесін, заттарымызды жинақтап, тауға шығуды жөн көрдік. "Каспровый верх" Закопанеде ең биік шындардың бірі болып саналады. Сол таудың шыңына шығып, туымызды көкке көтердік. Шыңға жаяу шығу тек альпинистің ғана қолынан келетін шығар. Басында досым жаяу шығайық деп болмай, кейін шыңға шыққасын өз ойынан айнып қалды. Таудың шыңына көтерілу үшін 120 zl  төлеп шыға аласыз. Сізді арнайы шыңға көтеретін техника жеткізеді. Мына суреттерді қараңыз :)

Суреттер инстада қысқарылғасын, кішкене формат сәйкес келмей қалды. Ренжімейсіздер деген ойдамын :) Бірінші күні осы Каспровый верх шыңына арнадық. 

Екінші күнді біздің Алматыдағы БАО-ға ұқсайтын көлге арнауды жөн көрдік. Ол жерге жету үшін де автобусқа отырып, 20-30 мин ішінде жеттік. Ол жерге жеткен соң, Морское Окоға 2 сағат жаяу жол жүресіз. Немесе сол жерде орналасқан ат арбалармен жетсеңізде болады. Ол арбаның бағасы 100zl. Біздің теңгемен 5000 тг көлемінде болады. Бірақ біз екі сағат жаяу жүруді жөн көрдік. Сол екі сағат жаяу жүргенімізге мүлдем өкінбейміз. Себебі жаяу бара жатып сол жерде орналасқан табиғаттың сұлулығына тәнті боласыз. Екі сағат бойы жүрген уақытымыз заяға кетті деп мүлдем ойламаймын. Морское Окодағы сұлулықты көріп сол жерден мүлдем кеткіміз келмей қалды :( Суреттерді тамашалаңыздар! Егер қатты қызықсаңыздар, менің инста парақшамда сол жерде түсірілген видеолар бар :)

 

Ал, үшінші күніміз қаланың түнгі өміріне арналды. Түндегі оқиғаларды сіздерге айтып қажет емес сияқты :) Болашақта тағы да саяхаттауға мүмкіндік болып жатса, осы жерге қайта барамын деп өзіме уәде бердім. Сол кездегі сәттерді еске алып, еріксіз бір жүзіме күлкі келді. Қуанышты сәттер көп болсын, достар! Саяхаттауды ұмытпаңыздар!