Зәгәлөвөк

Көрген адамның бәрі «қалың қалайдан» соң, хәл сұрасып болғаннан кейін адам танымайтын біреуді сұрайды. Оның кім екенін тіпті танымаймын. «Қыз қайда?» дейді достарым.

-          Қандай қыз?

-          Кәдімгі қыз...

Осы бір мен танымайтын бір қызды сұрайды. Аты жоқ, заты жоқ неғылған қыз екен...

"Сен осы қызбен жүресің бе?" - деп әзілдейтін бір апым. Менің қисық жауаптарым аз емес:"Жоқ, қайдан. Мен қызбен жүрмеймін, қыз менімен жүрмесе", - дейтінмін. "Өзімен-өзі жүре алмай ма сол қыз деген, әлде қастарында міндетті түрде мен жүруім керек пе?!" деп те құтылам. "Басың бос екен, онда  жақсы қыздар бар" деп бастайды. Мен болсам қызықтап, мені кімге жұп қылар екен деп тыңдап отырам. Танитын қыздан мін табам, танымайтынын айтса, "көрерміз" деп аттап өте берем.

Көрген сайын қарындасым: "Жеңгеміз қайда?"- деп сұрайды. Ал менің жауаптарым сірә дайын:

- Қай жеңгең?

- Қайсысы? Сіздің дә... болашақ жарыңыз. 

- Ертең, бір күні менің үйімде маған шай құйып беріп отыратын адам ба?

- Иә дә, сізге, апама...

- Иее, сондай адамды көрсең оған біздің үйдің әдіресін айтып жібер... бейшара таба алмай адасып жүрген шығар, - деймін. Қарындасым аңтарылып қалады. - Одан да өзіңе жеңгеңді өзің іздейсің-ау,- десем болды, алдыма "Пәленшегүл, Түгеншежан" деген аттарды үйіп салады. Мен сол баяғыдай мін іздеймін, тапқанда қалай, түймедейді түйедей қылып қарам отырам. Қарындасым менің қыңыр-қисық жауаптарымнан мезі боп кетіп, апамның жауабын қайталайды: Түу, осы сізге-ақ ештеңе жақпайды!

Ееее, жарықтық-ай өзімізше өзімнен ақылды, сол ақылына көркі сайын кездестіргіміз келеді(Сен де армайндайсың-ау)... Сенен ақылды қыз сені неғылсын?

Бірінші ең қиын мәселе: Кімді таңдамақпын? Ертеңгі балаларымның анасы қандай болмақ? Бір күні іңгәләған бір бөбектің әкесі боласың... Енді екінші мәселе сол жерде... Мен - "Әке". Осыдан ең қорқынышты түсімді көргендей шошимын. Мен қандай "әке" болам? Не үйретем балама? Абай айтқан "тағы бір өзім сияқты итті" тәрбиелемекпін бе?!

- Тоқта, Ареке, сабыр-сабыр,- деп Ақылым Сабырға шақырады.

- Бұйыртқаны болар, - дейді екінші жақтан Еріншектік.

- Іздемесең, піскен алма аузыңа түсе қояр ма екен? - дейді Талап. 

- Іздегенмен жөндісін табам ба? - деймін Мен күмәнданып...

- Не болса да, тәуекел, -  дейді бір дауыс(бұл кімнің даусы?)...  



Бөлісу: