Йога және өз-өзіңмен болу
блог
...Көзім бақырайып белгісіз гурулердің (йога ұстазы) суреттері қойылған залға кірдім, йоганың ажырамас бөлігі – йога кілемшесін төсеймін. Ұстазымызбен мағынасы «Мәңгілік данышпандық жолына апаратын, түнектен жарыққа шығаратын әлем энергиясына бағытталамын» дегенге келетін мантраны қосыла айтамыз.
Менің басымдағы бірінші ой: «Не бұл? Мен қайда келдім? Маған бұл не үшін керек? Бұл ағым ба, секта ма, не болып кетті?»...
Одан кейінгі асаналар мен демалу аса төзімділікті қажет етті. Аяғыңызды 15 градусқа көтеріп, 5 минуттай арнайы демалу тәсілімен жатып көріңізші (пресс деген қатып барады, ішің ашып дегендей)... және мұндай жаттығулар аз емес.
Ең керемет сәт, осындай қимыл-қозғалыстан кейін жатып, демалу. Гурудың сөздері: «Өз-өзіңізбен болыңыз, іштегі энергияның тасымалына назар аударыңыз, терең демалыңыз, ақырын деміңізді шығарыңыз»...
10 минут релакс. Қимыл-қозғалыссыз, өз-өзіңмен болу, дәл қазір, дәл сол жерде. Алайда менің жүйткіген ойларым далада, өткенде, болашақта, жұмыста, үйде, тек сол жерде емес...
Ұстазымыз адамның өзіне сенуі қаншалықты маңызды екенін түсіндіреді. Барлық табысқа адам тек өзіне сенгенде ғана жетеді. Өз сенімімізді арттыру үшін мантра айтамыз. Мағынасын білген соң, жүрегіммен қазақша айтуға тырысамын, іштей соған сенемін.
Жалпы мантралар да, медитация да құдайға сыйыну, табыну дегенді білдірмейді. Бұл ішкі күшті, ішкі рухты мықтататын сөздер десе болады. Осы уақытқа дейін йоганың қыр-сырын біраз біліп қалсам да мен жүйткіген ойларыммен күресе алмай келемін. Өз-өзіңмен болу, дәл сол жерде, дәл сол уақытта... недеген қиын еді...