Ынтымағы жарасқан қазақ елінің шаңырағы шайқалмасын!

Ынтымағы жарасқан қазақ елінің шаңырағы шайқалмасын!
жеке
блог

Тілім шығып, жан-жағымдағылар тәтті қылығыма тоймай жүргенде еліміз азаттыққа қол жеткізіп еді. Небәрі үш жаста болсам да, көп нәрсе түсіне бермейтін мен жүздері жайнап жүрген ата-анам мен қуаныштан көзіне жас алған қариялармен бірге мәз-мейрам болдым. Бала көңіл елімен бірге тәуелсіз болғанына қуанғандай. Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан егемен ел болып жарияланды. Міне, сол сәттен бері 20 жыл өтіпті.

Кеңес дәуірінде талай дүниемізден тірідей айырылдық. Тәуелсіздіктің арқасында өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылғандай. Ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Төл мереке Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы жұртымызға оралды.

Мен егемен елмен бірге өскендеймін. Бұғанам болашағы зор, келешегі кемел елмен қатқандай. Мен кең-байтақ Қазақ елінің азаматы екенімді үлкен мақтанышпен айта аламын. 

Мен иісінен тынысың тарылар жаңа төселген қара асфальт үстінде өскен қаланың қызымын. Екі тілде таза сөйлеп өстім. Біздің аула өте үлкен болатын. Көп қабатты бір үйде бірнеше ұлттың өкілдері тұратын. Бәріміз бір үйдің баласындай бірге ойнайтынбыз. «Бесіктес ағайыннан іргелес көршің артық» дегендей, көршілеріміз туғанымыздай болып кетті. Көршілерімізбен тату болғаннан шығар, мен ешқашан да оларды ұлтына, ұлысына, дініне, тіліне қарап, бөліп жармайтынмын. Көпшіл болып өскендіктен болар, мен барлығын бірдей көретінмін. Аллаға шүкір, менің достарым көп. Оның ішіндегі жақын достарымның барлығы дерлік өзге ұлттың балалары.

Кеңес заманында, одан да ертерек уақытта біздің елге өзге ұлт өкілдері көшірілді. Оларды ауыл-ауылдарға бөлді. Бауырмал атам қазақ өзі екі ауыз үйде тұрса да, бір бөлмесін босатып, келгендерді құшақ жая қарсы алған. Бір үзім нанды бөліп бірге жеген. Бір қазанда ас қайнатқан. Бір-бірінің тілін білмесе, үйренуге тырысып, өзара ымдасқан.

Біз көп ұлтты мемлекетпіз. Иә, ана тіліміз өзге тілмен қатар келеді. Бірақ, оның еш әбестігі жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы, барлығы өз қолымызда. Өзіміз өз тілімізде таза сөйлей алмай жатып, өзгеге мін таға алмаймыз.

Көп ұлтты өзге мемлекеттерге қарағанда біздің ел тату, жеріміз тыныш. Ешкім ешкімнен зәбір көрмейді. Кейде бір жатырдан шыққандар бір-бірімен араз болады. «Нашар ұлт болмайды, нашар адам болады» деген осы!

Мерейтойымыз құтты болсын, ағайын! Керегеміз кең болып, ешуақытта шаңырағымыз шайқалмасын!