Ыңғайсыз сәт

Ыңғайсыз сәт
жеке
блог

Астанада ғой, қорқыттың көріндей болған бұтартарымыз автобусқа төртеу міндік. Бос орын жоқ болғанмен, тұрып тұрған адамдар аз. Біз де сол кірген жеріміздегі ашықтау жерге тұра қалдық. Кез келген адамның әдеті ғой – автобусқа кіре сала алдымен арттағы, сосын алдағы адамдардың жүзіне көз салып қарайды. Мүмкін таныстарын іздейді, мүмкін адамдарды қызықтап қарайды, әлде олар да қарап тұрған соң бұның да назары ауады, білмеймін, әйтеуір, бәрін бір шолып болған соң терезеден далаға қарай бастайды. Мен шынымды айтам, олай адамдарға қарамаймын. Бұным тәкаппарлықтан екенін білем, неге мен көзім жылтырап, жаутаңдаған бала сияқты қарауым керек. Осындай оймен ешкімге қарамай, достарыммен сөйлесіп, арасында терезеден даладағы қаланың жай-жапсарын шолып қоямын. Негізі адам өзіне қадала қараған көзді сезіп, сонда қарайды деген бір тылсым ұғым бар ғой, бәлкім содан ба, автобустың артына еріксіз қараппын. Орындықта отырған әдеміше келген қыз менен көзін алмай отыр екен, оған мен де қарап қалыппын және бірден көзіме оттай басылды. Бұл менің интернаттағы сыныптасым Әйгерім ғой.  9-сыныпты бітіріп, Астанадағы колледжде оқуға кеткені есімде. Мына кездесуді қара, аттай алты жыл өтіпті арада! Ол мені манадан бері таныр-танымасын білмей, сол ма, сол емес па деп отырса керек. Өмірде қай жерде басың қосылмайды десеңші, біздің қайран басымызды автобуста қосылуды жазыпты.

Оны танығаннан кейін жанына жақындап сәлемдесіп шүйіркелеспекке бекіндім, енді қанша дегенмен жігіт атым бар ғой. Осылай басыма ой келіп, саусағымның ұшы қозғалам дегенше болған жоқ, қарлығыңқы әрі ащы шыққан шалдың даусы естілді.

-  Іммм, отырыңдар осылай, біз тұрып тұрайық. Өңшей үлкенін сыйламайтын бәлелер! Ия, ия, отырсын жастар, бұларға орын берейік. Ұяты қалмаған өңкей арсыздар!

Бүкіл автобус жалт қарады, мен де қарадым. О, тоба! Мына қызықты қараңыз, шалың тура жаңағы менің сыныптасыма ұрсып тұр. Енді байқадым, жаңа ғана мінген ақсақал Әйгерім мен жас жігіт отырған орынның жанына келіп, орын береді деп дәметіп күтіп тұрыпты. Ал ол кезде бұл қызыңның көзі менде болғандықтан, жанында тұрған қарт кісіні байқамады ма, әлде шынымен де жаңа айтқандай ұят деген қалмаған ба, ол жағы өзіне мәлім.

Мен орнымнан тапжылғам жоқ, қаттым да қалдым. Жаңағы амандасам деген ойды ұмытып кетіппін. Әлгінде шалдың сөккен айқайы бар, бүкіл автобустың қадалған көздері бар, қарт кісіні қолдап шыққан кейбір дауыстар бар, ақыры Әйгерім мен жанындағы бейтаныс жігіт бедірейіп, шекесі тырысып, орындарынан түсіп, автобустың бір шетіне ығысты. Атамыздың қабағы әлі қатулы, ала көзбен атып, бос орынға отырып алды.

Айтпақшы, мен сәлемдесейін деп жатыр ем ғой. Бұдан кейін не істерімді білмей тұрып қалдым. Алты жыл бойы көрмеген, мектепте бірге оқыған сыныптасым жаңа ғана қатаң сөгіс алып, алакөзденіп, шытынап тұр. Ойладым: мен қазір ашуланып тұрған оған барып: «Еееееей, Әйгерім! Уайбаааай, қалайсың-ей? Қаншама жыл өтті. Сені де көретін күн бар екен ғой» деп қуанышты, шат-шадыман жүзіммен барсам, тістеніп тұрған ол ия сәлемімді аларын, ия ұзақ жылдық кездесуден қуанарын білмей, маған бір, артында тұрған шалға бір қарап, бейшара боп қалады. Жоқ, бұлай керек емес. Оның үстіне мен әлгіндегідей сөздеріммен сәлемдескенде атамыз қалыс қалмай, жастардың тағы бір ұялас бөлтірігін көргендей бірдеме дейтіні анық. Былай айтқанда, үлкенді сыйламайтын қыздың қасына бару маған еш абырой берейін деп тұрған жоқ болатын.

Осылай пайымдаудан кейін, дұрысы амандаспай-ақ қояйын деп теріс қарап тұра бердім. Сол арада біздің аялдамамыз да келіпті, секіріп түсіп қалдық, автобус ары қарай жылжыды, мен тереңнен уһ деп бір демалдым. Осындай да ыңғайсыз сәт болады екен.