Ыбырайымның құрбандық шалу қиссасы



Ұлық Алла орынбасарының рухани күш-қуатын көрсету үшін Ыбырайымды сынаққа алды. Ондағы мақсат адамның ерлігін көрсетіп, періштелерге мақтану еді. Бір күні Алла оған аян беріп: "Жалғыз ұлыңды құрбандыққа шал", - деп, бұйырды.
- Құдайдың қалауы солай болса, ризамын, - деп, іштей бекіген Ыбырайым пайғамбар ұлын киіндіріп, тауға қарай жол тартты.
-Әке, біз қайда барамыз, - деді ұлы.
- Досыма қонаққа барамыз, - деді әкесі.
-Олай болса, пышақ пен жіптің не қажеті бар?
- Қайтарда қой сойып әкелеміз.
Осы кезде шайтан келіп, Смағұлды азғырды.
- Әкең өтірік айтады. Сені Алла жолына құрбандыққа шалмақшы" деді. Смағұл:
-Алла үшін шыбын жаным садаға. - деп, Ібіліс шайтанды қуып жіберді. Ібіліс енді Ажарды айналдырды. Анасы да "Алла үшін мың ұлым болса да, құрбан етер едім" , - деп жауап берді. Ібіліс отбасына алауыздық ете алмай шарасыз қалды. Құрбан шалатын жерге жеткенде, Ыбырайым ұлына қарап жылай берді. Ұлы:
- Әке, не үшін жылап отырсыз? - деп сұрады.
-Ұлым, мен сені қазір құрбандыққа шалам. Алланың қалауы солай болды, - деп жылап жіберді.
- Олай бболса, "еркек тоқты құрбандық" деген. Алланың бұйрығына мен де ризамын. Тек өтінерім, анам мені жоқтап жыламасын. Сабыр етсін. Бауыздар кезде менің көзіме қарамаңыз. Әкелік мейіріміңіз оянып, Алланың үкімін орындай алмай ұятқа қаларсыз, - деді. Оның сөзін естіген барлық періштелер егіліп қоса жылады. Сол кезде ұлық Алла періштелерге:
-Қараңдар, менің қандайй адал құлдарым бар. Сендер әлімсақта: "Адамды жаратпа. Олар қан төгіп, қиянат жасаудан басқаны білмейді деп арыз айтып едіңдер. Енді қараңдар мына ерлікке! - деп мақтанды. Періштелер бастары салбырап, жерге қарады.
Ыбырайым пышағын алып, Смағұлдың тамағынан орып жіберді. Бірақ пышақ өтпеді. Ол екінші рет қайта тартты. Өтпеді. Үшінші рет бар күшімен бауыздады. Алмас пышақ жұмсақ теріні кесе алмады. Пайғамбар ызаланып, пышақпен тасты ұрғанда, өткір кездік қара тасты қақ айырды. Сол кезде Жебірейіл періште пейіштен көк қошқар алып:
- Аллаһу акбар, аллаһу акбар, лә иллаһа илалла. Аллаһу акбар, аллаһу акбар уәлиллаһил-хамд, - деп тәкбір айтып түсті. Бұл "Алла ұлы, Алладан басқа тәңір жоқ. Алла ұлы, Оған мақтау-мадақ болсын" деген мағынаны білдіреді.
Періште:
- Ей, Ыбырайым, Сынақтан сүрінбей өтттің. Алла сенің адалдығыңа риза болды. Ұлың аман қалды. Оның орнына мына көк қошқарды құрбандыққа шал, - деді. Содан бастап, құрбан айтта құрбандық шалу мұсылмандарға парыз болыпты.



Бөлісу: