Автор: Қажиев Жамбыл Шиналиұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің физика-техникалық факультетінің магистранты.
Жетекші: Жанатаев Данат Жанатаевич, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің философия кафедрасының доценті,философия ғылымдарының кандидаты.
Бір құдайға сыйынып іс бастаған, халқының жарық нұрына айналған Ыбырай Алтынсариннің еңбегі қазақ даласының шамшырағы болып мәңгіге қала беретіні даусыз.
Өз заманының жаңашыл педагогы қазақ баласын білімм жолына үндеп, жауапкершілігі ауыр жолды таңдау арқылы кездескен кедергілерді кесіп өтіп, мектеп үйлері мен оқулықтар жазуының өзі азаматтық көзқарасы толыққан жанның келбетін көрсетеді. Ұлы ұстаздың «Тәртіптің шындыққа айналуы тәртіптілік сезімін тудырады» деген мына бір қанатты сөзі жаңа заманның педагогтарына аса таныс. Ол бірде тәртіп- тәрбиенің құралы десе, бірде тәртіп -тәрбиенің нәтижесі деген екен.Осы тұста педагогтың «Тәртіп- оқушының мектеп ережесіне бағына білуі мен шын еркіндіктің табиғи бірлігі» деген ғұламаның анықтамасы ойға оралады. Бүгінде баланы еркіндікке бағыттап жүрген қазіргі мектеп ұстаздарына бұл еш жаңалық болмауы керек. Мектеп үйі де, оқулық та, қаражат та, білсем деген бала да жоқ дәуірде ойға алған мақсатқа қол жеткізу тіптен қиын болды. Молданың алдын көрген қазақ балаларының басты оқулығы «Әптиек», «Мұқтасар», «Құран» секілді кітаптар болғандықтан, бала түгілі молданың өзі түсіне алмайтын кездер өткен заман еншісіне бұйырған болатын. Ескілікке соққы беру мақсатында бірнеше мектептің іргесін қалаған дала ұстазы түсінуге қиындық туғызатын діни кітаптардың орнына «Қазақ хрестоматиясы» оқулығын жарыққа шығарған еді. Ағартушылық идеясы басым оқулыққа енген шығармалары бүгінде ел жадында сақталып қалған. «Кел, балалар, оқылық!» атты ұранға айналып кеткен өлеңімен басталатын кітаптың құндылығына қайран қаласың. Оқу мен еңбектің егіз екенін сезінген ақынның «Өнер-білім бар жұрттар», «Балғожа бидің баласына жазған хаты» атты өлеңдері қазақ қоғамына білімнің маңызын дәріптейді, насихат қылады.
«Қайтсем бала оқытам» деген ұстаныммен Ы.Алтынсарин шағын әңгімелерді тудыру арқылы ұлттық педагогиканың қырларын ұғындырды. Көлемі шағын шығармалары оқытумен қатар сананы қалыптастырудың мәні мен маңызына жіті көңіл бөлуді мақсат етті. Тәлім мен тәрбиенің қатар өріліп, өрісіңе қатар енетін бұл туындылар балалар үшін оқуға аса ыңғайлы, баланың жас ерекшелігіне лайықталып жазылған. Жазушының кез келген шығармасын алып оқысаңыз, қазақ балалары үшін ұлттық құндылықтардың лек-лек болып көрініс табуы адамды жігерлендіреді.
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзді үлкен жүректі азамат, бұқараның тағдырына алаң болған қайраткер ғана айтса керек. Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының кеудесінде жүрек болып солқылдайды, қазағымның көгінде өр қыраным болып қалықтайды. Талай тағдырдың жолын да, көзін де ашқан кемеңгер жанның педагогикалық еңбегі жақұттай жарқырап, өміршеңдігін дәлелдей бермек. Ұлты үшін ұмтылып, жұрты үшін жұмылған ел азаматының есімі асқақтайды, абыройы аспандайды.