«Я СВОБОДЕН» немесе әкесін іздеп жүр...
- Я, СВОБОДЕН!
Есіктен атып шыққан жігіттің бұл ең бірінші сезіммен айтқан сөзі. Алғаш туғанда «мама» деп айтқандай күйде, Алматының бір бұрышында тұр. Бұрыштың арғы жағы тормен қапталған, бергі жағы көзге көрінбейтіндей қабырғамен бекітілген ЖЫНДЫХАНА қалды. Негізі түрме мен жындыханадан қашып кетіпті дейтін өсекті көп естісем де, өз аяғымен шығыпты, келіпті дейтінді міне осы естіп отырғаным. Екеуі де пана. Бірақ, біреу жарым жандыларға біреуі жәрімес жандарға арналған.
Жаңбыр құйып тұр. Аспанға айнала қарап, езуіне риясыз бір күлкі жасап жас жігіт, жердің шар тәрізді екенін енді ғана білген адамдай бір орнында тұрып айнала берді, айнала берді.
- Әй, жынды! Кет бар! Боссың енді. Мына жерде көп тұрсаң қайта қамап қоямын.
- Жынды деме! Сау де! Мен саумын. Мен жындыға беретін тамақты іштім, мен жындылар істеу керек әрекетті істедім, мен жындыға тән барлық дүниені меңгердім. Бірақ мен бақытты жынды болдым. Мен өйткені САУмын!!!
Дауысы Алматының көшелеріне жаңғырып жетіп, қабырғаларға «мен келе жатырмын» дегендей үн тастап тұр. Жігіттің серісі болуға әбден лайық, келбеті келіскен, бойы да биікпен бой таласқан біздің сау жынды – Ермек.
Жаңбыр басылды. Көк жүзінен күннің шапағы шашырап, Ермектің бетіне түсті. Аяңдап келе жатып, жерге тұнып қалған жауын суына бір көз тастап тұрып өткенін көз алдына алып келді...
... Ескі өмір есте жоқ. Еске түссе де ескерер емес, дес берер емес. Тіпті, осы жындыхананың есігіне қалай келіп қалғанын есіне түсіре алмады. Жоқ, еміс-еміс нелер ойына оралды. Анасының бейнесі көз алдына тұп-тұнық қалпында елестеді. Тіпті қолымен ұстап сипап алғысы келді. Адамның қиялы шіркін тәтті у ғой. « балам су берші, балам қысылып барам» деген ананың ащы үні Ермектің құлағына кешігіп қайта жетті. Жылап жіберді. Жыламай қайтсін, тағдырдың салға тауқыметі осы бола, осыған да шыдап көніп, жер бетінде жер басып жүрген шыдамды екен. Тағы да бір нәрселер елестеді. Ә-ә-ә-ә, жындыханаға не үшін қалай түскені... Бірақ, оны ойламады. Мен жазып қояды деп қорыққан болу керек. Оқырман оқып қояр деген болуы керек. Өзімнің жазып отырған ойым мен қаламыма ырық берсем де біреудің ішкі жан дүниесіне кіріп, жанына батқан дүниені суырып алу қолымнан келмеді. Ермек әр нені осылай ойлап, өзі бір жыл бұрын тұрған, сау тамақ пен сау адамдар өмір сүретін ортасы, білім ордасы, жатақханасына келді. Көз көргендер таң! Үрке қарайды. Жындыханадан шығып көріңіз, бәлкім бұл сезімді сіз де бастан кешетін шығарсыз... Әзірге Ермек. Тағы да еске түсті. Есіне түсірген дүниелеріне есеп беріп біраз уақытты артқа қалдырды.
Мен «а» дегенде Ермектің жағасына жармасуға дейін бардым. Жынды ғой, жындылығы әлі бар деп. Арада алты айдың жүзі өтті-өтпеді, арамызда бір таныстыққа, жақын бір таныстыққа алып келетіндей жағдайлар туды. Тіпті бөлмелес те болдық. Ә-ә-ә-ә таптым. Жынды су. Батырхан айтқан «кінәлі деді жынды су» ғой. Бәріне кінәлі сол. Адамның күні адаммен деген ұғым рас екен. Жау болып жүру жүрегіме жат болғандықтан ба, бірден достық пейілге ауыстым. Бейне бір өзімді өзім басқарып, бір жүйемен жүрген адамдай. Бір күні...
Бір күні кешкісін кеш келсем Ермек айғайлап жатыр. Мені іздеп жүрген көрінеді. Бардым. Ес-ақылы орнында тек аздаған қиқарлығы. Сөйлестік. Сырластық. Ішімізді ақтарып тастадық. Соңы жөнімізбен кету болды. Сәл кешігіп бөлмеге қайта кірсем Ермек жоқ. Қисалаңдап жүріп бір нәрсе бүлдірмесе дедім. Жаным ашитыны тағы байқалды. Бір қызығы, мендей оны түсініп, ол жайында көп ойланған адам кемде-кем-ау. Ол өзін сүйкімсіз көрсетіп жүретін мына адамдарға. Ал адамдар солай қабылдайтын.
- Ермекті көрдің бе?
- Жаңа ғана тоғызыншы қабатқа көтеріліп кеткен.
- Не дейді? Жақсы, рахмет.
Ұшып шықтым. Қанатым жоқ бірақ тоғызынша қабатқа көзді-ашып жұмғанша жеттім. Бірден балконға жүгірдім. Білмеймін, неге осы балкон?! Әйтпесе, он шақты бөлме тұр ғой. Біреуінде қыздармен шай ішіп те отырған болар. Жоқ, осы балкон. Атып шыққаным сол еді:
- Я, СВОБОДЕН!!!
Баяғы айғай, сол айғай құлаққа ұрды. Бірақ, осы жолы басқаша... Ермек көк жүзіне қарап:
- әй, көк аспан! Сен мені көріп тұрсың. Мен сені көріп тұрған жоқпын. Көк аспан мен жылап тұрсың, мен жылап тұрмын. Бірақ, менің жылағанымнан не пайда? АНА, сағындым...
Тап артынан келіп тұрған мен өзімнің осында бар екенімді ұмытып қалдым. Жүрегім езіліп кетті. Ей, оқырман сен сезбейсің оның... әй, қойшы... Ермек балконның ұшар басында тұр. Аяғы тайып кетсе көк аспанды көрері анық. Бірақ, жындыханаға жатып келгеннің бәрі жынды емес. Саудың ісін жасады. Ақылға келді. Кейін...
Кейін екеуіміз әңгіме айттық.
«... Досым, мен «жеті» деген сөзді толық айтуға болмайтын бір бейбақпын. Досым жынды су. Айтпақшы, жындыханада жатқанымда дәл өзімдей сау адамдарды көрдім. Іштей мыналар «Парасат майданы»-ның оқырмандары –ау деп қалдым. Шынымен де, онда қоғамға еш зияны жоқ адамдар тіршілік етеді. Оларды «ЗИЯН»-дар қатарына қосқан мына АДАМДАР. Бәрі бір тамыр. Бірақ, әркім өзінше суарылған. Менің сол жаққа қайта кеткім келеді. Бірақ, тірлікте бітірмеген, бітпей қалған есебім бар. Әкемді іздеп жүрмін...»
Менің осы бір жазбам шынайы өмірдегі шынайы кейіпкердің тағдырына құрылған. Менің қалауым емес, жүрек қалауы. Қанша ма күн кеудемнің ішіне жұлдыз құрттай, құртын сап кеткен бір күштің көбелек болып ұшар күні туды. Ермек арамызда. Құдай оған талант емес талап берген. Жә, мен жазарымды жаздым, жеңілдеп қалдым! Рахат ә...
Я, СВОБОДЕН!