Вулкан аштан өліпті.

Кеше кешкілік Есет хабарласты.Көңілсіз. "Вулкан аштан өліпті"-дейді. Өзін кінәлі санайтын сияқты. "Осындайда сен бір сөздерді тауып айтатын едің ғой"-деп жұбату  дәметіп тұр. Білгенімді айттым енді...

Есет-менің кинолог досым. Вулкан-оның  күшік кезінен асыраған иті. Есет жуырда кәсіби біліктілігін арттыру үшін 3 айлық курсқа кеткен болатын. Вулканды әріптесіне аманат еткен. Байғұс ит иесі жолға шыққан күннен  бастап  нәр татпаған. Кинологтар алғашқы  кездері оған мүлдем мән бермесе керек. Артынан  Есетпен хабарласып, кеңескен. Айла-амалдары таусылған кезде Вулкан кететін жағына кетіп болыпты...

Есеттің айтуынша, Вулканды күшік кезінен  бөтен адамның қолынан ас ішпеуге үйреткен. Ондағысы- иісшіл итке қастық жасалмасын деген пиғыл. Есет оқуға аттанарда Вулканды  өзімен бірге алып кетпек те болған. Бірақ, ұйымдастырушылар мен басшыларының талабы  оған мүмкіндік бермепті. Енді "оқуға бармай-ақ қоятын кісімін" деп өкініп отыр.

Жақында мамам ауруханаға  түсіп қалғанда, сол үйде Ақжол да ас ішпей, бүк түсіп жатып алған болатын. Осындайда кейбір адамдарға "ит екенсің!" деуге де аузың  бармайды.



Бөлісу: