Вулкан аштан өліпті.
блог
Кеше кешкілік Есет хабарласты.Көңілсіз. "Вулкан аштан өліпті"-дейді. Өзін кінәлі санайтын сияқты. "Осындайда сен бір сөздерді тауып айтатын едің ғой"-деп жұбату дәметіп тұр. Білгенімді айттым енді...
Есет-менің кинолог досым. Вулкан-оның күшік кезінен асыраған иті. Есет жуырда кәсіби біліктілігін арттыру үшін 3 айлық курсқа кеткен болатын. Вулканды әріптесіне аманат еткен. Байғұс ит иесі жолға шыққан күннен бастап нәр татпаған. Кинологтар алғашқы кездері оған мүлдем мән бермесе керек. Артынан Есетпен хабарласып, кеңескен. Айла-амалдары таусылған кезде Вулкан кететін жағына кетіп болыпты...
Есеттің айтуынша, Вулканды күшік кезінен бөтен адамның қолынан ас ішпеуге үйреткен. Ондағысы- иісшіл итке қастық жасалмасын деген пиғыл. Есет оқуға аттанарда Вулканды өзімен бірге алып кетпек те болған. Бірақ, ұйымдастырушылар мен басшыларының талабы оған мүмкіндік бермепті. Енді "оқуға бармай-ақ қоятын кісімін" деп өкініп отыр.
Жақында мамам ауруханаға түсіп қалғанда, сол үйде Ақжол да ас ішпей, бүк түсіп жатып алған болатын. Осындайда кейбір адамдарға "ит екенсің!" деуге де аузың бармайды.