Вики Кристина Барселона
Өмір таптаурындар мен бізге дейін қазығы қадалған қағидалардан тұрады. Ағып жатқан өзенді арнасынан бұрсаң – құрыдың. Ол ешкімге зиянын тигізбесе де, сенің үйреншіксіз әдетің үшін түтіп жейтін қоғам атты "қасқыр" бар. Әйтсе де бәрі шаблонмен өмір сүріп, өтірік күлуден арланбайды. Ең сорақысы сол, оны біздің халық "менталитет" деп атайды. Демек, шаблонмен өмір сүру, өтірік ықылас білдіру, атадан қалған мұра екен. Жә, әңгіме бұл жайлы емес, әңгіме мен көрген фильм жайлы.
Бұл фильмнің режиссері махаббат жайлы таптаурындардың күл талқанын шығарыпты. Әдеттегі жылаңқы мелодрама емес. Фильмді бір қарағанда "Шведская семья" деп, жеңілтектікті дәріптейтін анайылық деп тұжырымдауға болады, бірақ дәл солай ойлаған болсаң, онда бұл фильмді түсінбегенің.
Мәселе мұнда емес, мәселе сезімді жасырудың қажеті жоқ екендігі және махаббаттың түрлі болатындығында. Мысалы, бұл фильмде бір еркекті 3 әйел және әлгі еркек те үшеуін жақсы көреді. Бұл дегеніміз міндетті түрде 3 әйелді жақсы көр деген емес, тек махаббатың сан қилы болатындығында. Және адамды да әрқалай жақсы көруге болады. Фильмді қарап отырып, студент кездегі өмірімнің бір эпизоды ойыма сап ете қалды. Фильмге қатысы болмауы мүмкін, бірақ сол оқиғаны жазуға себеп болды:
Осыдан 3-4 жыл бұрын бір танысым туған күн кешіне шақырды. Әдетте ондай отырыстарды аса ұната бермегендіктен бара бермейтінмін, бірақ танысымның көңілін қимай баруды ұйғардым. Ішім пыса қалса жалғастырып оқырмын деп бітуге шақ қалған Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдарын" сөмкеме салып алдым. Сонымен туған күн кеші жалдамалы пәтерде өтетінін естіп, сол жаққа қарай тарттым. Кеш әлі басталмапты. Бір қызығы, сол кеште менен бөлек 2-3-ақ жігіт, қалғаны 10 шақты қыз болды. Ол мен үшін қатты да қуанатын жағдай емес еді, себебі мен қыз-қырғынға шорқақтау едім. Жоқ, тежегіш емеспін, тек менің терең ойлай алмайтын нәзік жандылармен әңгімем тіпті де жараспайтын. Басында бір-екеуімен әңгіме қозғап көрдім, кейіннен олардың мына әлемнен бейхабар екенін ұқтым да, оңашаға балконға шығып, әлгі кітапты тауысуға тырыстым. Әрлі, берлі жүрген сылқымдар, сыртымнан күлгендей болып: "Осы кітапты қанша оқығым келсе де оқи алмаймын, жалығып кетем" - деп жатты. Мән бермедім, кітаптың қызығына еніп кеттім. Кенет, құлағымның тұсынан демді естідім және мойынымды қытықтап тұрған шашқа көзім түсті. Бір сәтке тұрып қалып, оқуымды әрі қарай жалғастыра бердім. Бір сәтте ішімдегі қызығушылыққа жеңіліп, мойнымда тұрған шаштың иесіне бұрыла қарадым.
- Ой, кешір, кедергі жасадым ба?
- Аздап, - дедім күлімсіреп.
- Айып етпе, сондай қызығушылықпен оқып жатқаныңа қарап мен де қызығып кеттім...
- Қалжыңым ғой, ештеңе етпейді, бітуге шақ қалдым, өзім де оқитын жерді тауыппын.
- Мұнда саған қызық емес пе?
- Шынымды айтсам, досымның көңілі үшін келдім, маған ұнай бермейді, – дедім ішімнің пысқанын білдіріп.
- Шынымды айтсам менде де сол, тек бөлем болған соң амалсыз келіп отырмын. Қалай, кітап ұнап жатыр ма?
- Аса шедевр деп айтпаймын, бірақ нақ қәзір оқитын кезінде оқып жатыр екем, сонысымен қызық болып тұр маған. Сен оқып па ең?
- Әрине! Мұны оқымаған адам бар ма өзі? Маған керісінше, қатты ұнады. Төрт рет оқығанмын, – деді бас бармағын жұмып.
Жаныма менің әлемімнен хабары бар адам келіп, осынау мен үшін мәні қалмаған кештің сәнін келтірген осы қызға іштей жылып қалдым. Айтатын ортақ әңгімелеріміз көп болып шықты. Тек қана қазақ әдебиетінен емес, әлем әдебиетін де бір кісідей кеміріп тастаған екен.
Кеш басталып кетті. Әлі есімде, әдейілеп жаныма отырғызып алдым, түрлі тақырыптарда сөз қозғадық. Маңайдағы адамдардың бәрінің көзі бізде, біздің әңгімелеріміз оларға өте қызықты болды, бірақ көп жерде түсінбей тұрғандарын байқадым. Ондайды байқағанда біз бірігіп, оларға қарапайым тілмен түсіндіріп отырдық. Әңгіменің екінші жартысында біз әдебиеттен ғылыми әдебиетке қалай ауысып кеткенімізді байқамай қалдық. Оның жан-жақтылығы соншалықты, менің әңгімемнің 100 пайызын түсініп, ой қосып отырды. Хокингтің «Уақыттың қысқа тарихынан» бастап үлкен жарылыс теориясы жайлы ой бөлістік. Мен сол сәтте өзімді бақытты сезіндім, себебі дәл мендей ойлайтын адамның мына өмірде барын білу мен үшін – бақыт еді. Біз екеуміздің ұқсастығымыз соншалықты, ойымыз бір жерден шыға беретінін байқадым. Ол да байқады. Біз еріксіз бір-бірімізге тартыла бастадық. Айналдырған 5-6 сағатта мен оның нақ «сол» екенін түсіндім. Және білем, ол да түсінді. Бірақ бәрі біз ойлағандай жақсы бола бермейді, ондай сәтте міндетті түрде алдыңнан кедергілер шығып тұрады. Бір сәтте оның телефонына біреу қоңырау шалды, тұтқаны көтергісі келмей түрі бұзылып, телефонын көтерді. Телефонның артындағы дауыс сыртқа шығуын сұраса керек, әйтеуір 10-15 минутқа сыртқа шығып кетті де, кірерде жанына бір жігітпен қол ұстасып кірді. Сөйтсем әлгі мені тәнті еткен сұлудың жігіті бар болып шықты. Мені көріп түрі бұзылды, менің оларды көріп түрім бұзылды. Бәрінен бұрын жаңа менің жанымда, әңгімемді еріп тыңдап отырған сылқымым маған бірден суып кетті. Онысын түсіндім де.
Кеш бітпей танысымның рұқсатын алып, сыйлығымды табыстап, үйден шығып кеттім. Бір сағат бұрынғы эйфорияның күлі көкке ұшты. Әрине, өмірде бәрі оңай бола берсе өмірдің мәнісі болмас еді, білем. Ертесі мені әлеуметтік желіден тауып алып, мән жайды түсіндірді, кешірім сұрады. Бір және соңғы рет кездесейік деп ұсыныс тастады. Сол күні түстен кейін кездестік те. Кешке дейін қаланы аралап жүрдік. Мен сол кезде бізді жаратқанда бір қателік кеткенін түсіндім. Дәл менің ойымдағыдай адам болуы мүмкін емес деп ойлайтынмын. Сөйтсем болады екен. Ол сол сәтте маған біраз әңгіме айтты. Әлгі жігітіне сезімі суып кеткенін, бірақ бауыр басып қалғандықтан қимайтынын маған қимастықпен жеткізді.
- Мен білемін, әлі талай өкінемін, бірақ қазіргі жігітіммен тым көп бірге болдық, арамыздағы уақыттардың қарғысына қалғым келмейді. Сен мені түсінетініңді білемін, – деді ағынан жарыла.
Мен де не болғанын түсінбей, басымды изеп қана, қош айтыстым.
Айтайын дегенім менің хикаям емес. Тек адамға бұл өмірде дәл өзінің ойындағыдай адам табу қиынның қиыны. Бір-бірін жақсы көріп, бірдей ойлайтын адамдар жоқтың қасы. Бұндай бақ екінің біріне берілмейді. Бұл «матрицаның» байқамай жіберген «қателігі». Сол сәтте батылырақ болып, махаббаттың шаблондарымен ғана өмір сүрмей, соны өзімдікі етіп алғанымда қазір мұны хикая етіп жазбас едім. Қазір ол қыздан хабарым жоқ, бір білерім сол жігітімен ақыры айрылысып тынған. Басқамен тұрмыс құрған болуы керек. Ол бос кезінде мен басқамен қарым қатынаста болғам, сондықтан менің мазамды алғысы келмеген болуы әбден мүмкін.
Міне, әлгі фильм батылдыққа тәрбиелейді. Махаббат үшін қалыптасқан қағидаларды бұзу қылмыс емес екенін түсіндіреді. Көріңдер.
(с) Нұржан Рысбеков