Верный қаласындағы әйелдер гимназиясының тарихы архивдеректерінде

Верный қаласындағы әйелдер гимназиясының тарихы архив деректерінде

   Қазақ даласының тарихы, оның ішінде білім беру саласының тарихы тереңде жатыр. Шынтуайтына келгенде, далалық заңдарды қатаң ұстанған қазақ даласындағы әйелдердің білім алуы өте сирек болған.

       1850-60 жылдары Қазақстанның Ресейге қосылу кезеңі аяқталды. Нәтижесінде, Қазақ даласын басқару жүйесін ұйымдастыру туралы мәселе туындады.

     Қазақ даласындағы қыз балаларға арналған гимназиялық оқу орнының ашылуы туралы деректің қатарында оның мұғалімдерінің бірі Н.К. Смирновқа жазылған хатта, Түркістан өлкесінің бас инспекторының қарашаның 23-де №638 бұйрық бойынша Верныйда жеке оқу орнының ашылғандығы хабарланады [1, 2-п.].

      Әкімшілік-басқарушылық аппаратты қайта құрумен қатар, халық ағарту аппаратын басқаруда да айтарлықтай өзгерістер болды. 1870 жылғы 24 мамырдағы әйелдер гимназиясы және прогимназия (толық емес гимназия) туралы ереже негізінде төменгі және орта оқу орындары санының өсуі 70-ші жылдарға дейін жалғасты. Гимназиялар Халық Ағарту министрлігінің қарамағында және Түркістан өлкесінің оқу мекемелерін басқаруына тікелей бағынды (Ташкент қ.).

     Орта білім алу әйелдер арасында үлкен сұранысқа ие бола бастауына байланысты, 1876 жылы қарашада Верный қаласында жұмыс істеп тұрған ерлер прогимназиясында алғашқы үш сыныптық курсы бар жеке әйелдер гимназиясы ашылды [1]. Онда негізінен өзге ұлт өкілдерінің қыздары тартылған.

    1877 жылы 1 наурыздан бастап дайындық (орыс тілін оқыту үшін) және 1, 2, 3 сыныптық әйелдер прогимназиясы өз жұмысын бастады [2].  

     1778 жылы 24 қарашадағы Жетісу облысының әскери губернаторының № 2109 бұйрығымен 1879 жылы 1 маусымнан бастап әйелдер прогимназиясы педагогикалық курсты қамтыған толық гимназияға айналды, оның жанында дайындық және 8 (қосымша) сынып құрылды [3].

     Гимназияны бітірген оқушылар жоғары оқу орнына түсу үшін толық орта білімді алып шықты. Жеті жылдық курстан тыс, әйелдер гимназиясында үй тәлімгері және мұғалім лауазымына ие болғысы келетіндер үшін қосымша сыныптар болды.

     Ауқымды қаражатты талап еткендіктен оқушылар контингенті өте шектеулі болды.Сондықтан бұл оқу орындарында негізінен орыс дворяндары мен шенеуніктерінің балалары және қазақ байлары мен ірі саудагерлерінің, кулактар мен әскерилердің балаларының аз ғана пайызы оқыды. 1903 жылы әйелдер гимназиясында дайындық және қалыпты сыныптарда 320, 8-ші қосымша сыныпта 9 оқушы қыздар оқыды [4]. 

               

1904-1917 ж. Верный қ. Әйелдер гимназиясына Нарын-Губератор көшесінің қиылысындағы көрінісі.

    Әйелдер гимназиясында оқушылар басты пән Құдай заңын, әдеп пен этиканы үйренумен қатар, орыс, неміс, француз тілдерін, география, математика, тарих, музыка, гимнастика-би және т.б. пәндерді оқыды. Қосымша пәндерді ақылы түрде оқи алды [5].

     Гимназияда екі кеңес жұмыс жасады: қамқоршылық және педагогикалық бағытта. Оның төрағасы гимназия директоры болды.

     Қамқоршылық кеңесі гимназияны өз қаражатынан қамтамасыз ететін тұлғалардан құралған. Олардың міндеттеріне – гимназияның материалдық жағдайын жақсарту үшін қаражат табу, гимназияның жыл сайынғы ұстау шығындарының сметасын құру, қызметкерлердің арыз-шағымдарын қарау, жағдайы төмен оқушыларды қамқорлыққа алу және жәрдемақы беру, жалпы тәртіп пен гимназияны абаттандыру кірді.

     Гимназияның педагогикалық кеңесі оқу және тәрбиелеу жұмыстарын атқарды. Оның құрамына гимназия директорынан басқа, бас бақылаушы, сынып жетекшілері және барлық пән оқытушылары кірді. Педагогикалық кеңес гимназияға оқушыларды қабылдау және оларды сыныптан сыныпқа ауыстыру, гимназияның толық курсын аяқтағаны туралы аттестат және 8-ші қосымша сыныпты бітіргендерге үй тәлімгерлері мен оқытушы лауазымына куәліктер беру, оқу ісі бойынша жылдық қорытынды есептер және т.б. істерді қарады және соларға қатысты шешім қабылдады.

     1904 жылы гимназиялық қалашықта архитектор А.П. Зенковтың (1863-1936) жобасымен әйелдер гимназиясының ғимараты тұрғызылды. Ғимарат биік цокольды, бір қабатты классикалық дәстүрде салынған. Ғимарат құрылысына қажетті материалдар Верный қаласына жақын маңдағы Ақсай шатқалы, Қарғалы және Үлкен Алматы саяжайларынан алынған [6]. А.П. Зенковтың жобасымен салынған ғимараттың құрылысы бүгінгі күнге дейін қаланың сәулеттік келбетіне үйлемісділік тауып, халыққа қызмет етуде. Төмендегі суреттерде оның сызбасы мен бастапқы сыртқы келбеті берілген.

                             

ҚР ОМА Қ. И-92, 1 тіз., 62 іс, 202-203 беттердегі архитектор А.П. Зенковтың пансион ғимаратына жасаған сызба-жобасы.

      1918 жылы Жетісуда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, оқу орындары барлық мекемелер сияқты жаңа биліктің бақылауына өтті. Ал гимназиялар жеке оқу орындары ретінде жойылды.

    Қазіргі таңда «Әйелдер гимназиясының» ғимараты – Абай атындағы ҚазҰПУ-дің «Графика және дизайн» факультетіне тиесілі.

    Верный қаласындағы әйелдер гимназиясы Жетісу өңірінің ағартушылық жолындағы алғашқы және игі қадамдардың бірі болды. Оқу орындарының Верный қаласында салынуы қазақ жастарының білімге деген құштарлығын арттырғаны белгілі. Осы күнге дейін ғимараттың білім ошағы ретінде қызмет етіп келуі ұрпақ сабақтастығының, жақсы істер жалғастығының өміршеңдігін көрсетеді. Ал ҚР ОМА-де сақталған құнды құжаттарды сөйлеткенде көне тарихтың қала инфрақұрылысындағы маңыздылығына тағы бір көз жеткіземіз.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1)     ҚР ОМА. 93-қ., 1-т., 11-іс, 1-п.

2)     ҚР ОМА. 93-қ., 1-т., 11-іс, 3-п.

3)     ҚР ОМА. 92-қ., 1-т., 1-іс, 6-п.

4)     ҚР ОМА. 92-қ., 1-т., 69-іс, 56-п.

5)     ҚР ОМА. 92-қ., 1-т., 69б-іс, 65-п.

6)     ҚР ОМА. 92-қ., 1-т., 62,63,73-істер

 

 

 

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві

Ұлттық архив қорын сақтауды  қамтамасыз ету бөлімінің

Қор қойма меңгерушісі Орынбасар Бекжан



Бөлісу: