Алдыңғы жазбамда балаларын қатты жақсы көретін мадиярлар жайлы айтқанмын. Олар балаға аса мән береді. Балаларымен қыдырғанды аса ұнатады, тіпті, әлдилеп, көшеде ұйықтатып жүре береді.
Ал балалары жоқтар ит-мысықтарды құшақтап, мауқымын басады. Өз тегін білмесе де, ит-мысығын білетін біздің орыстардан арман оларды жақсы көреді. Үй жануарын ұстағаны үшін олар салық төлейді. Соған қарамастан, ит-мысық десе жанын береді. Тіпті, балаға қарағандай, үй жануарын еркелетіп, төрт аяғы болғанына қарамастан, оны әуелетіп, балалар арбасына салып, сүйреп, қыдырып жүреді.
Сапар кезінде көшеде көзіме кемтар-мүгедек жандар көптеп кездесті. Әрқайсысы арбаға таңылғанмен, көшеде емін-еркін қозғалып жүр. Барлық мекеме, ғимарат, дәмхана, аялдама, қоғамдық көлік, жол т.с.с. халық шоғырланған жерлерде мүгедектердің жүріп-тұруына бар жағдай жасалған. Ешкім оларға қолымен көрсетіп, кемсітпейді. Мүгедектер де өздерінің кемтарлығына қысылып, өздерін төмен санамайды. Осы бізге де қажет-ақ дедім ішімнен.