Венгрияға сапар. Аман жүрсін достарым менің. Екінші бөлім
блог
Венгрия елінде өткен күндерім туралы айтудан я жазудан жалыққан емеспін. Алдыңғы жазбамда Құрылтайда танысқан жандар жайлы айтуды бастаған болатынмын. Көңілімді қуантқаны менің жазбамды Самир Бей әзірбайжан тіліне аударып, әлеуметтік желілердегі парақшаларының біріне жазып қойыпты. Сондай-ақ, алдыңғы жазбама Мұрат Өлке деген кісі пікір қалдырыпты. Пікір қалдыру үшін біздің сайтқа арнайы тіркелген. Осы жазбамда сол кісі жайлы толығырақ айтсам деймін.
Германия
Мұрат Бей Германияда туып өскен. Кезінде ата-бабасы Түркия елінен көшіп, Германияға табан тіреген. Мұрат Бей мамандығы бойынша инженер, өзінің дербес компаниясы бар. Отбасылы, екі ұлы бар. Үлкен ұлы, қателеспесем, 16 жаста, кенжесі 8 (не 6, нақты есімде жоқ). Құрылтайға кенже ұлы Керімді ертіп, арнайы Германиядан келген.
Құрылтайға халық көп жиналды. Делегация мүшелері үшін арнайы орын қарастырылған. Ол жаққа өзге жандарға кіруге болмайды. Әрқайсысымызға ту басылған қағаз білезікті тағып қойды. Білезігің болса, кіресің, болмаса, кірмейсің деген сөз. Ол жер шағын шарбақпен қоршалған. Бір кезде қарасам, сол шарбақ жанында әдемі киім киген ер адам біздің делегация мүшелерімен тілдесіп тұр. Әңгімелері ұзаққа созылмады. Осы кезде Мұрат Бей маған қарады. Жанында «Баба» (Әке) деп ұлы жүгіріп жүр. Ол кісінің түрік екенін байқаған мен «Мерхаба» (Амансыз ба?!) дедім. Біздің таныстығымыз осылай басталды. Менің Қазақстаннан келгенімді естіген бойда Мұрат Бей менімен қазақша сөйлесе бастады. Қатты разы болдым. Ол кісі де түрік тілін білгенім үшін маған риза болды. Қазақшама орысша жауап берген өз апайымызға қарағанда Мұрат Бей қазақшасы менің жанымды жадыратып жіберді.
Әңгімеміз келесідей өрбіді. Мұрат Бей қазақша, мен түрікше сөйледім. Ол кісі маған қазақша сұрақ қояды, мен оған түрікше жаупа қайтарамын. Және керісінше. Мұрат Бей Қазақстанға келгісі, қазақ тілін жетік меңгеруге үйреніп алғысы келетінін айтып қалды. «Қазақ тілін қайдан үйрендіңіз?» десем, «Ғаламтор беттерінен» деп қалды. Үйреніп жүргеніне аз уақыт болса да, қазақшасы жаман емес. Екі сөздің басын қоса алмайтын қазақ бауырларымызға қарағанда, қазақшасы тәп-тәуір. Бұдан шығатын түйін: «Ниетің түзу болса, барлығына қол жеткізуге болады». Бұл тек тілге қатысты емес.
Мұрат Бейдің жанындағы тәп-тәтті Керім есімді балақай әкесінің қолынан тартып, сусын алып беруін өтінді. Осы кезде Мұрат Бей екеуміз бизнес карталарымызбен алмасып, қош айтыстық.
Құрылтайдың екінші күні жайбарақат кетіп бара жатсам, біреу маған: «Сәлеметсіз бе?» деді. Жалт қарасам, кеше танысқан Мұрат ағайым мен ұлы Керім. Оларды көргеніме қатты қуандым. Мұрат Бейдің үстіндегі Қазақ туы бейнеленген футболканы көргенде, шыны керек, қатты марқайдым.
Қазақ еліне, тіліне, мәдениетіне үлкен қызығушылық танытқан Мұрат Бей жақында біздің сайтқа тіркеліпті. Менің ойымша, ғұмыры ұзақ болар Массагет.КЗ Мұрат Бейдің қазақ тілін жетік меңгеруіне үлкен септігін тигізеді.