Вегастық жігіттер, дем алыңдар, «Х жобасы» іске қосылды

Вегастық жігіттер, дем алыңдар, «Х жобасы» іске қосылды
жеке
блог

Ескерту! Бассейні бар, ауқымды ауласы бар екі қабатты үйде есті алар музыкамен, көңілді достармен, әдемі қыздармен, нағыз жігіттермен бас қосып елдің аузында жүретін кеш өткізбегендер, не өткізуді армандамағандар бұл фильмді ұнатпауы мүмкін.

Былай ғой. Сен қатардағы американдық мектепте оқитын 17 жасқа бүгін толған жасөспірімсің. Сені ешкім елемейді, алып баратын күшің де жоқ, көркің де шамалы. Кирби атты құрбың бар, бірақ, оған деген сезіміңді өзің де түсінбейсің. Тек мектептің нөмірі бірінші қыздарына сырттан тамсана қарайсың. Достарды да «жарытып» беріпті тағдыр – бірі семіз, көзілдірік киген аңқау, екіншісі өзін-өзі мықты көріп, өз басына, онымен қоймай сенің басыңа проблема тауып беріп жүретін түсініксіз біреу.

Сонымен, қайтпек керек? Жақын маңдағы (арасында мектепті үш жыл бұрын бітірген, Playboy-дың соңғы нөміріне түскен сұлу да бар) қыз-қырқын мен жігіт-желеңнің басын қосып жіберіп, шағын ғана дастархан жайып, шай берсе ше? Мүмкін, сол кезде ел сені сыйлайтын болар? Көп емес, мың жарым-екі мың адам кешке келсе жарайды, сол да жетеді…


Томастың ата-анасы ұлдарына үйді тастап, жақын достарымен бірге кеш ұйымдастыруға келісім бергенде оқиғаның осылай бітерін сезді ме екен десеңізші? Көпшіліктің тасасында жүретін Том досы Костаның ақылына еріп отыз, ары кетсе елу адам келетін кеш жасаймын дейді. Онда да үйге ешкім кірмесін, папамның машинасы бүлінбесін, мамамның иті жоғалмасын, тыныш қана, көршілердің мазасын алмай отырып қайтамыз деп жоспарлайды. Кеш солай басталады да негізі…

Егер сізге «Бас жазу» («The Hangover»/«Мальчишник в Вегасе») ұнаса, онда бұл фильмге тайсалмай барыңыз, көңіліңізге жағатынына сенімім мол. «Х жобасы» дәл сол стильдегі туынды, оның себебін мен «Бас жазуға» режиссер болған Тодд Филлипстың осы жолы продюсер болуынан көрдім. Қарынды, қаба сақал еркектің орнын көзілдірікті бала, Тайсонның орнын нунчакиі бар security-мектеп оқушылары, маймылдың орнын ит басты демесеңіз, Вегас пен Бангкокқа барып бастарына қайғы тапқан жігіттердің тағдырлық туыстарын мұннан да көре аласыз.


Мектеп оқушыларының түнге ұласатын кеші – голливудтың сүйікті тақырыптарының бірі. Осы тақырыпта комедия мен хоррор арасындағы түрлі жанрлар бойынша түсірілген қанша туынды бар. Бірақ, «Х жобасы» сол көптің ортасында ерекшеленіп тұратын сияқты, себебі ол ендігі жерде ауқымды мөлшерде түсіріле бастайтын осы тектес фильмдерге негіз болады-ау деп топшылауға болады.

Фильмнің кеш атмосферасын жеткізуде маңызды рөл ойнаған ерекшелігі — жалған документалистика, немесе мокьюментари стилінде түсірілуі. Кадрлардың көп бөлігін жазып алып жүрген төртінші дос Дакстың камерасы мен өзге камералар (мысалы, полиция көлігіндегі статикалық камера немесе телеарна тікұшағының камерасы) жазбаларының сауатты, сәтті монтаждалуы көрерменге сол «эпикалық» кештің ортасында жүргендей әсер береді.


Фильм жалпыға бірдей бағытталмаған. Клубтық музыканы, топлесс қыздарды, үрленген секс-ойыншықтарды, экстезиді, алкогольді, «әуелі арыстан, артынан маймыл, ақыр соңында шошқаға» айналған елді көру қолайыңызға жақпаса, онда барып қажеті жоқ. Бірақ, мектеп кезінде, кейін жоғарғы оқу орнының алғашқы жылдары ұйымдастырылған түрлі кештердің шет-жағасын көрсеңіз, я бел ортасында жүрсеңіз, онда «Х жобасы» ұнауы мүмкін.

Туынды – қатігез (құрыды-ау деп отырасың), анайы (ашық көрсетілмесе де, жеткізілу формасы соған меңзейді), күлкілі (жасөспірімдердің алдынан шығатын проблемалар сәтті жеткізілген). Басымдықты ел алдындағы авторитет мен қыздарға беретін бас кейіпкердің бейнесін өз басым оқушысы-студенті аралас біраз «жүгермектен» көрдім. «Х жобасы» солар үшін өзекті болса, олардан үлкен ересек қауымға «сол бір кезді» еске түсіретін ностальгия құралына айналмақ.


Фильмде ешқандай мораль жоқ, оны іздеп те керек емес. Таза «қуу» стилінде түсірілген. Көрерменнің көңіліне қарамайтын кадрларды, оператордың тұщымды жұмысын, басқалардың назарынан тыс қалып жүрген үшеудің… ә, жоқ, төртеудің (камера ұстаған Дакс бар) бір-ақ түнде бүтіндей бір ауданды аяғынан тік тұрғызғанын және мектептегі бедел мен қылмыстық заңның бірнеше бабына ә дегенше ие болып шыға келгенін көремін деген адам үшін таптырмас туынды.

Айтпақшы, «Х жобасының» режиссер Нима Нуризаденің алғашқы фильмі екенін сенбейсің. Басы мынау болса, кейінгі фильмдері қалай болар екен?