Үзілген үміт

Үзілген үміт
жеке
блог

 

Қолыма ұялы телефонымды алып, контактыдағы адамдардың тізімін қарап отырғанмын шұқылап.Бір номерлерді өшіріп, бірін есіме алып. Алфавит бойынша кезек К-ға келді. «Камила апше, Карима, Клара, Кулимхан тате...» Күлімхан тәте. Ішімнен бір қайталадым. Бір суық мұз денемді қарып өткендей болды. Нөмірін әлі өшірмегенмін бе? Бұл нөмір істеп тұр ма екен? Хабарласып көрсем қайтеді?! Құрсын, не ойлап кеттім! Бір кезде өз ойымнан өзім шошып кеттім.

 

Алматыдағы онкологиялық аурухана. Жаз бойы кезекті еңбек демалысым осы аурухананың екі ортасында өтті. Бесінші қабаттағы палатада жатқан науқастар. Бастарына тастай ғып ормал таққан, орта жастан енді асқан жас келіншектермен жасы шау тартқан егде апалар. Арасында бір орыс, қалғаны қазақ. Солардың ішінде осы Күлімхан тәте де бар.

 

Алыстағы әкемнің қарындасының аманаты бойынша сол бейтаныс тәтеге күн сайын барып тұрушы ем. Алғаш пойыздан түсе салысымен вокзалдан тіке ауруханаға тартты. Аурухана қызметкерлері бос орынның болмауына байланысты «ертең келіңіз» деген. Өз үйім болмаған соң өзім жататын үйге ертіп апаруға бір жағынан ыңғайсызданып тұрмын. Сонда да біздің үйге жүріңіз деп қоямын. Сол ойымды сезгендей барудан бас тартты. Жоғары жақта Көктем-1 ықшамауданында тұратын жақын туысының үйі бар екен. Бүкіл жүктерін артынып-тартынып сол үйге бардық. Бай-қуатты тұрады екен. Өздерінің жағдайларын айтып, балалары мен немерелерінің шет елде жүргенін әңгімелеумен болды. Үйдегілермен қоштасып, тәтеге ауруханада таңертең жолығатынымызды айтып шығып кеттім. Әлгі туыстарын сол күннен кейін мүлде көрмедім артынан бір іздеп келгенін. 

 

Ауру адамның қасында жүру оңай ма? Қайбір жетіскен әңгіме болады дейсің арамызда. Тіпті, науқастың диагнозын сұрауға дәтім бармайды. Жараның орнын тырнамайын дедім. Әпкемнен сұрап білдім. Қатерлі ісік ауруы екен. Мұндайды тек бұрын кәріс сериалдарынан естіп-білген мен ыңғайсыздандым.

 

«Жылқы кісініскенше, адам түсініскенше» деген емес пе. Бір-бірімізге тез бауыр басып кеттік. Бір мекемеде беделді қызметте екен. Жан дегенде жалғыз ұлы бар екен. Әлі мектеп қабырғасында. Тұрмыста болмаған. Соған қарағанда баласын «өзі үшін» тапқан сияқты. Өмір бойы бейнет көргені көрініп тұр. Бауырларына көмек берем деп жүріп, өзінің денсаулығына қарауды ұмытса керек. Асқынып арты қатерлі дертке апарып соққан.

 

Қанша аурухананы көріп жүрсемде бұл жердің аурасы мүлде бөлек. Еңсені басып тұрады. Оларға аяушылық сезіммен қарауға тыйым салынған. Тесік шелектегі судай өлшеулі ғұмырының соңғы тамшылары тамуға таяу екенін сезетіндей жүйкесі тозып жүрген науқастарды көресің.

 

Сенбі-жесенбі күндері тәтенің жанындағы науқастар үйлеріне кетеді. Жат топырақ жазда да жауратады емес пе адамды. Аз ғана қалған ғұмырын сұрқай тартқан палатада өткізгісі келмесе керек, мені шақыртып алып, күні бойы базар, бутик, қаланың көрікті жерлерін бірге аралайтынбыз. Күннің ыстығына шыдай алмасамда соңынан салпаңдап еріп жүретін едім. Жалғыз баласына, туыстарының балаларына әр нәрсені алып, ауруханадан шыққан соң апарып беремін деп, кешке артынып-тартынып келетінбіз. 

 

Тәтенің шашбауын көтеріп жүремін деп, менің демалысымды күтіп жүрген үйдегілерге де көңіл бөлуді қойдым. Бір жағынан содан ыңғайсыздансам, екінші жағынан пенделік оймен кейде телефон тұтқасын көтермей қоятын едім. Сонда тәте: «Сен де менен теріс айналайын дедің бе» деп мұңайғанда жанымды қоярға жер таппай қалатын едім.

 

Кейде бір аптаға бола пойызға билет алып, үйіне барып келуге асығатын. Ақыры бір аптадан соң келетіні бар, неменесіне осынада жата бермейді деп ойлап та үлгеретін едім. Қазір ойласам, баласына, туыстарына, бітпей қалған жұмыстарына асығады екен ғой... Күн сайын алдағы өміріне үміттендіріп, өмірдің жарқын тұстарын әңгімелеуге тырысып бағушы едім. Сонда: «Сен тұрмысқа шыққанда тойыңа барамын» деген еді көзіне жас алып.

 

Бірде тағыда ауылына кететін болды. Маған қайта-қайта салмағын түсірмейін деп, билет алып бер деуге өтінішін айта алмапты. Осы қалада туған бауырының менімен жасты бір қызы бар екен, соған айтыпты. Әркімнің өз тіршілігі бар. Ауылдағыдай бос жүрген ешкім жоқ. Ол қызда өтінішін орындай алмайтынын айтыпты.

 

Палатаға кірсем, тәтем ағыл-тегіл жылайды, ашулы. Айтуынша, кезінде сол қызды асырап-бағып, оқуының ақысын өзі төлеп оқытып, өз үйінде тұрғызыпты. Енді бір ісі түскенде бас тартқанына ашуланып отыр. Әдетте мені жанындағы науқастарға «жиенім» деп айтатын. Сол жолы өзіне «айдаладағы бөтен біреу» екенімді айтып тастады.

 

Арнаулыға хабарласып ем, абырой болғанда құрбым да сөзімді жерге тастамады. Такси ұстап, Күлімхан тәтені вокзалға жеткізіп, пойызға отырғызып жібердік. Жол бойы ішінен білдіртпей егіліп жылап келе жатқаны әлі көз алдымда қалып қойыпты...

 

Мен де сабағым басталып кеткен соң, бұрынғыдай жиі бара алмайтын болдым. Хабарласпай кеттім, қалаға келді ма екен деген оймен телефон соқпақ болдым. Артынша ол ойдан айнып, ертең күндіз хабарласармын деп қоя салдым тұтқаны. Сол түні ол кісінің фәни дүниеден бақи дүниеге көшкенін естідім. Сене алмадым...

Соңғы кездесуімізде «Өлгім келмейді» деп айтып еді.

 

Пы Сы: Телефон тізіміндегі тұрған нөмірді алдым да өшіре салдым.