Үзілген сабақ
блог
Сынып бөлмесінің іші бүгін күндегідей емес біртүрлі көңілсіз. Әдетте бірін-бірі түртпектеп, жоқ нәрсеге дуылдай күлісіп отыратын оқушылар тым-тырыс. Бәрі аңтарыла апайларына қарап қалған. Ал оның бұлармен ісі жоқ. Өңі құп-қу. Әдемілеп түйіп келетін қою қара шашын желке тұсынан рәзеңкемен буа салған. Кофтасының бір жағасы сыртта, бірі костюмінің ішінде, басын журналдан көтерместен оқушыларды түгендей бастады. Бірақ олардың жауаптарын күтпестен келесісінің аты-жөнін атай береді. Түгендеу рәсімі аяқталған соң, жаңа тақырыпты айтты да, басын дәптерінен алмай оқи берді, оқи берді. Балалар аң-таң. Бұрында күлімсірей кіріп, бұлармен ақ-жарқын амандасатын еді. Біреулерді ыммен, онысын түсінбегендерді даусын көтермей-ақ бірер ұтқыр әзілмен үйірге қайыра салатын. Ешкімнің шымбайына батып, намысына тиетін сөз аузынан шықпайтын сымбатына қылығы сай апайлары сонысымен де бұларға сүйкімді еді.
Кенет сілтідей тынған тыныштық бүйі тигендей бұзылды. Бір оқушы қасындағы қалғып кеткен жолдасын бүйірінен мытып қалған болу керек, әлгі шошына атып тұрды да: «Мен» деді бар даусымен. Енді жұрттың назары соған ауды. Ананың көздері қызарып кеткен. Не болғанын түсінбей, қарбыз жеген балаша алақанының тусыртымен екі езуін сүрте береді.
-Немене, түнімен қой күзеттің бе, әлде тағы да паханың таң атқанша концерт қойды ма? – деді қасындағы екі езуін жимай . Оқушылар қыран-топан. Оқиғаның мән-жайын енді аңғарған оның қаны ду етіп бетіне тепті. Не істерін білмей абыржып сәл тұрды да, тұрманын жимастан бөлмеден ата жөнелді.
-Жандарым-ау, сендерге не болған? Осы да күлетін нәрсе ме еді? Немізге жетісіп күлеміз? Бұл қасіреттің әр екі отбасымыздың бірін шалғалы қашан? Әкелер ғана емес аналар да сол құрғырға бой ұра бастамады ма осы күні. Нәтижесінде еш кінәсі жоқ бүлдіршіндердің соры қайнауда!
Апайлары орнынан тұрып кетіпті. Алғашында тұтыға бастаған ол бірте-бірте ентігін басып, сабасына түскендей.Тіпті тілі барған сайын шешіле берді. Тақырып жайына қалды. Шараптың ең алғаш біздің жыл санауымыздан талай ғасыр бұрын жүзім өсіретін аймақтарда пайда болғанын,содан бүкіл әлемге жайылғанын, қымыз, қымыран, сүт, айран, шұбат, әрі кеткенде кейбір ауылдарда бозадан басқаны білмейтін біздің елімізге оның Абай, Ыбырайлар заманында-ақ кіре бастағанын, оның отаршылардың қолданатын ең қауіпті қаруларының бірі екендігіне тоқталып өтті. Араққорлықтың әсіресе тың игеру жылдары жаппай дендеп кеткенін, енді бұл дерттен арылудың өте қиын мәселе екендігін тәптіштеп айта берді, айта берді.Үзіліс қоңырауының соғылғанына ешкім де мән берген жоқ.
-Бір жақтан жоқшылық, шарасыздық, бір жақтан қатыгездік, оған қоса маскүнемдік жайлаған мына қысылтаяң кезеңде бір-біріңді одан әрі түймештей бермей, қайта қайырымды болып – дей бергенде есік қағылды да, он-онекілер шамасындағы алакөз қара қыз басын сұқты. Ар жағынан кішкентай баланың шыңғырып жылағаны, тыпырлай есікке жармасқаны естіліп тұрды. Жанарлары ұшқындап, енді өңі кіре бастаған ұстаздың бетінен қайтадан қан-сөлі қаша бастады. Тіпті есікке қарай ұмтылайын десе, аяқтары икемге келмей еденге жабысып қалыпты. Ес таппай тұр. Есік қайта ашылып, ішке кішкентай ұл бала тырмыса кірді. Бір ұшы әпкесінің қолында қалған шарфтың мойнын қылғындырып бара жатқанына қарар емес. Көздері алақандай болып, үрейі ұшып кеткен.
-Мама, маматай! Папам тұлды!... Біжді ұлды! Алақ дабай! Нож, убу деді!
Сілейіп тұрған ана байғұс бар күш-жігерін жинап, баласына қарай атылды.Жерден жұлып алды да, ұлының басын омырауына тыға берді. Анау ғой өксігін баса алар емес.
-Мам, маматай, тап, убу деді!
Ұстаз ана баласын бауырына басқан бойы бір қолын еденге тірей орнынан әзер дегенде тұрды да, теңселе басып есікке қарай бет алды. Үрей ме, аяныш па, әлде ыза мен кек биледі ме екен құлаққа ұрған танадай тыныштықты бұзбастан мөлтілдеген алпыс қарашық соңынан ілесіп барады.
-Мам, мам!- дейді уақыт озған сайын көмескі тартқан ащы өксік алыстан.
Автор: Намаз Нұржан, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің магистранты.
Жетекші: Жанатаев Д. Ж. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты.