Ұзақ жолдың үміті немесе битум бізге не береді

Ұзақ жолдың үміті немесе битум бізге не береді
жеке
блог

Ақтауда битум зауыты салынып жатыр деген хабарды естігелі біраз болған-ды. Қоғамның көп азаматының бірі ретінде маңыздылығын түсінсем де, мәніне үңілмей жүрген едім, осы айдың басында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ ұйымдастырған пресс-турдың аясында зауытты «көзбен көріп, ішпен білудің» сәті түсті.

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Маңғыстау облысы бойынша  индустриализация картасына енген 34 жобаның бірі осы Ақтау битум зауыты болып тұр. Бұл не керемет, қолынан не келеді деп қызыға кетсеңіз, ары қарай кеттік.

Ақтау битум зауыты дайын, тек ресми ашылуы ғана қалды

Жеке мен үшін ең басты һәм ең маңызды берері – отандық жолдардың сапасының артуына үлкен үлес қоса алатындығы. Себебі, битум деген батыр – әлемдегі ең көне құрылыс материалдарының бірі және ол – жол төсеу үшін қажетті басты дүние. Ал ана жер мен мына жердің арасын байланыстырып жатқан үлкенді-кішілі «соқпақтардың» біздің өмірімізде қандай үлкен рөл ойнайтынын өзіңіз де түсініп, осы жерде «е-е-е, рас, рас» деп қалған боларсыз.

Зауыт бұрынғы платикалық зауыттың базасында салынған, бұл үнемдеуге мүмкіндік беріпті.

Осы уақытқа дейін қазақстандық жолдарды төсеу, жөндеу үшін негізінен Павлодар мұнайхимия зауыты мен Шымкент мұнай өңдеу зауытының өнімдері және сырттан келген битум пайдаланылған. Бас-аяғы ретке келіп, іске қосылуға дайын отырған Ақтау зауыты алдағы уақытта битумға деген жалпы қазақстандық сұраныстың 80%-ын қанағаттандыруды жоспарлап отыр. Санмен айтсақ, біздің жолдарға жыл сайын қажет болатын 600 мың тонна битумның 400-500 мың тоннасын «көтеруге» шамасы жетеді.

«Caspi Bitum» БК» ЖШС-нің техникалық директоры Сейілхан Жүсіпбековтың айтуынша, зауыт қазақстандық жол-құрылыс сұранысының үлкен бөлігін қанағаттандыра алады.

«Caspi Bitum» БК» ЖШС-нің техникалық директоры Сейілхан Жүсіпбеков: «Құрылғылардың бойымен дизель «қуалатып», жалпы жүйені тексеріп жатырмыз. Бұл біткен соң мұнай айдап, іске қосып көреміз», - деді.

Мұнай демекші, битум өндіруге мүмкіндік беретін мұнайды жылына 1 миллион тонна көлемінде Қаражанбастан тасымалдайды. «Неге Қаражанбас?» деуіңіз бек мүмкін, оған себеп – осы кен орнындағы мұнай сапасының битум өндіруге қолайлығы себеп болып тұр: құрамындағы шайыр көлемі жоғары екен.

Дәл қазір жоба бойынша құрылыс-монтаж, электржылыту және құбырлардың жылу сақтау жүйесі жұмыстары аяқталды. ЭЛОУ-АВТ қондырғысы іске қосылды, осы жақында ғана, 5 желтоқсанда мамандар мұнайды осы құрылғы бойынша көрген. Жұмыс комиссиясының Жоба объектілерінің дайындығын бағалау бойынша жұмысы да соңына таяған. Желтоқсанның алғашқы жартысында Мемлекеттік қабылдау комиссиясы зауытты пайдалану бойынша өз жұмысын бастайды.

Зауытта инновациялық дүниелер кеңінен қолданылып отыр. Олардың ішінде, тіпті, әлемдік тәжірибеде алғаш рет пайдаланылатындары да бар.

Сейілхан Жүсіпбековтың айтуынша, зауыт жылына 400 мың тонна тотыққан битум, 120 мың тонна модификацияланған битум бере алады. Бұл, жоғарыда айтылғандай, қазақстандық жол сұранысының айтарлықтай бөлігін қамтамасыз етіп, өнімді экспортқа шығаруға да мүмкіндік береді. Экспорт туралы сұрағанымызда, Сейілхан аға қазірдің өзінде шет елден қызығушылық білдіріп жатқанын айтты, яғни болашақта алыс-жақын шет елге бара қалсаңыз, қазақстандық битумнан төселген асфальтпен жүріп қалуыңыз әбден мүмкін.

Сұйық материалдар сақтайтын орын.


Дайын қатты битум сақталатын қоймалар.

Зауыт басшылығы мен жұмыскерлері модификациланған битум туралы жиі айтқан соң, «ол не, ол не» жағаласып, сұрамаймыз ба? Сөйтсек, бұл батырдың пошым-кейпі мынадай екен: құрамына полимер қосылған модификацияланған битум ыстық-суыққа шыдамды, пайдаланылу мерзімі тотыққан битумға қарағанда ұзағырақ, сәйкесінше, жөндеу жұмыстарына кететін шығынды азайтады екен. Табиғаты қатал, Цельсий жарықтықтың өлшеп кеткен бірлігі бойынша минус 50-ден плюс 50-ге бір-ақ шығып-түсетін біздің ел үшін бұл да бір қажет дүние екен деп көңіл тоғайттық.

Зауыттың «миы». Бүкіл іс-әрекет осы жерден басқарылады және қажет болған жағдайда, мәселен, төтенше жағдай, бағдарлама өзі шешім қабылдайды.

Екі иығынан дем алып, әні-міне іске қосылайын деп тұрған Ақтау битум зауытының менің «гринпистік» көңіліме ұнаған жері қоршаған ортаны қорғауға арналған шаралары мен қондырғылары болды. Зауыттан кеткен қалдықтарды түрлі сүзгілер арқылы өткізіп, қайта пайдалануға мүмкіндік беретін жеке ғимарат, битум сақтайтын көптонналық орындардан ауаға көтерілетін зиянды дүниелерді ұстап қалып, қайта пайдалануға жіберетін құрылғылар, шын мәнінде, зауытты экологиялық тұрғыда қауіпсіз жобалардың біріне айналдырады деп үміттенемін.

Сөз болған сүзгілер. Айтпақшы, тазалау материалдарының бірі ретінде кәдімгі грек жаңғағының қабығы пайдаланылады екен. Үш ұйықтасам, түсіме кірмес еді.

Жалпы, инновациялық дүниелер көп зауытта. Мысал ретінде, жол битумын өлшеп орау үшін алғаш рет пайдаланылып отырған технология өнімді 1 000 килограмдық Биг-Бегтерге және 40 килограмдық қаптарға өзі салып беріп отырады, ал бұл жұмысшылар тек ақылды машинаға қап алып беріп, оралған битумды алып кетумен ғана шектеледі деген сөз.

Дайын өнімді қаптап, орап, дайындайтын орын осы.


Зауыт зертханасында шыққан өнімнің халықаралық, қазақстандық стандарттарға қаншалықты сай екендігін тексереді.

Жұмысшылар дегеннен шығады, зауыт пен жергілікті оқу орындары арасында әріптестік туралы байланыс орнатылған екен. Маңғыстаулық мұнай мамандықтарын игеріп жатқан жастар өз болашағын осы кәсіпорынмен байланыстыра алады, ал қазір қызметте жүрген мамандарды зауыт шет елге және Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарына жіберіп, тәжірибе алмасып жатыр.

«Caspi Bitum» біріккен кәсіпорнының бас директоры Чан Юн мырза

«Caspi Bitum» БК» ЖШС-нің бас директоры Чан Юн мырза зауыттың алдымен өңірге, одан кейін жалпы Республикаға үлкен көмек бере алатыны туралы айтты. Алматыдан бір сәт шалғай шығып, тесік пен шұңқырға толы жолға тап болатын халық үшін дәл осы Ақтау битум зауыты үлкен үміт беріп отыр деп ойлаймын. Жақын арада қала мен қаланың, ауыл мен ауылдың арасы сапалы жолмен байланысады-ау. Әйтеуір, өзімнің осыған сенгім келеді.

Ақтау битум зауыты – банкротқа ұшыраған пластикалық зауыттың орнына салынады деп 2007 жылы хабарланған кәсіпорын. 2008 жылы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Қаражанбасмұнай» АҚ арасында битум зауыты үшін шикізат жеткізіп отыру бойынша меморандумға қол қойылды. 2009 жылы қытайлық «Citic Group» пен «Kazakhstan Petrochemical Industries» АҚ («ҚазМұнайГаз» АҚ құрамына кіреді) арасында битум зауытын салу және басқару бойынша келісімге қол қойылды. 2010 жылы жоба Қазақстанның индустриализация картасына енді. Жобаның жалпы құны 290 миллион доллар. Жоспарда - битумның алғашқы партиясын 9-10 желтоқасан күні алу.