Үйреншікті болып кеткен қазақ тілінің жаңашыл тұстары
блог
Өзімді таныстыра келсем, мен Түркістан қазақ-түрік лицейінің 2014 жылғы түлегімін. Орта білім алу барысы қазақ тілінде өткендіктен, ҰБТ емтиханын қазақ тілінде тапсырып, қазақ тілі пәнінен 25/25 ұпай жинаған болатынмын. Оған қоса Түлкібас ауданында туып-өскендіктен отбасым, туған-туысқандарым және құрбы-құрдыстарым түгелдей қазақ тілінде сөйлеуде. Алайда осы жылы университетте оқу барысында қазақ тілі с1 пәнін оқуға мұқтаж болғандағы менің таң қалған жүзімді елестетіп көріңіздер.
Осындай өмірді 21 жыл сүргеннен кейін логикалық түрде бірнеше сұрақтар туындайды. Қазақ тілі пәні мен үшін қажеттілігі қанша ? Не үйрене аламын ? Не үшін оқу керекпін? Шынына келе осы пәнді оқуға мұқтаж болғанымды білген кезде ызаланғанымды айта кету де жөнді болар.
Алайда, қазақ тілі с1 пәніндегі алғашқы 2 апта, менің осы пәнге деген көзқарасымды түгелдей өзгерте алды. Себебі, сабақ өту барысы менің ойлағанымдай болған жоқ. Менің ойымда берік қалып қалған грамматика, орфография, орфоэпия және шығармалар оқу секілді дәстүрлі тіл үйренудің ешқандай белгілерін көрген жоқпын. Менің өткен тақырыптарымның арасында нетворкинг, блог жазу, презентацияның көптеген түрлері, өзін жұмыс берушіге ұсына білу және де халық алдында сөйлей білу өнері. Бұл тақырыптардың арасында басым бөлігі мен үшін өмірімдегі жаңа ашылым болып табылады. Бұның барлығы қазақ тілінің қазіргі заман талаптарынан ешбір критерийлерінен қалмай жүргенінің бірден бір дәлелі. Қазіргі заманға арнайланған термин сөздерді де біршама үйреніп алдым.
Әрине осы дүниелердің бір бөлігін, осы пәнді меңгеруден бұрын игерген болатынмын. Саяси блогтарды ХҚТУ университетіндегі дипломатиялық клубта әр жұма сайын жазатынмын. Және де жұмыс жасау тәжірибесі бар тұлға ретінде автобиография, түйіндеме (резюме) және іліспе хаттармен бірталай рет кездескен болатынмын. Алайда, нетворкинг, жеке брендинг, референс парақ, лифтілік презентация, печа-куча әдісі және тағы басқалары маған үлкен пайдасын алып келер білім болатынына сенімдімін. Бизнес және менеджмент саласында да біраз білімім болғанына қарамастан, осы білімдерді өзім үшін жаңа және тиімді дүние ретінде қарастырамын.
Ойымды қорытындылай келе, белгілі және үйреншікті дүниеден субъективтік жаңалық шығара білгенімді өзім үшін кішкентай бір жеңіс деп қабылдаймын. Бұдан кейін де өмірлік сабақ ретінде өмірімді түзей білетін оқиға болады деп үміттенемін.
P.S.Әрине осы пәнді сапалы және қызықты өте білген ұмтазым Дюсупбаева Қарлығаш Сәбетханқызына мың да бір алғыс!!!