Ұйқықашырар

Сəлем! Мен бүгін массагеттің блог  парақшасын телефоннан алғаш рет ашып бірдеңе жазбақпын. Өйткені айтпағым яғни жазбағым комп-ді ашып, қосып сызылып жүргенше қашып кетеді. Мен оймен талай блог жазып тастағанмын осы күнге дейін. Ешқандай пікірді, ешқандай лайкты қажет етпейтін жазбаларым жадымда жазылып өшіп кетті... Бүгін соны осындағы ескі шаң басып үлгерген онлайн-күнделігіме қалдырып қояйын, ия )

Өзім жайлы өзгелерден нашар пікір естімей жүргеніме қуанбаймын, мүмкін олар да дəл өзімдей сыртымнан естіртпей сөйлейтін шығар.

"Шіріген бай" болудан қорқамын жəне қашамын. Қатты байып кетсем деп армандаған күндерімді қарғыс атсын. Байлық адамды өзгертетініне сенемін. Өзгертпегеннің өзінде қу ақша айналаңдағыларды өзгертеді. Сен байыған сайын өзгермесең, ол жақсы, ал жаныңдағылар жағымпазға, жасанды адамға айнала бастаса, қуанбау керек... қорқу керек. 

 

Өзім өмірге сəби əкелген күні ғана өмірдің əйел адамдарының жан қиналысымен жалғасып жатқандығына салмақты оймен қарадым. Сөйттім де Аллаға жəне тағы да Аллаға, сонымен қатар Аллаға ғана мені ана еткені үшін алғыс жаудырдым.

 

Бəрін бірден жүрекке қабылдап қалатын əдетім кейде ұнамай жүр. Бұл маған мықты болуға қатты кедергі жасайды. Жан-жағымдағы жағдайларды жанымнан өткізіп жіберіп тыныш жүре алмайтыным қалай?.. Бұлай болмайды. Жүректен обал ғой...

 

Жақсы көретін жандарың көбейген сайын өмірдің құны артады екен, ия?..

 

Отбасында ыдыс-аяқтың көп сылдырламауына тек қана əйел адам себепкер. Біріншіден, ыдыстарды қопалданбай, сақырлатпай мұқият жуып тазалап орнына қойсын. Екіншіден, өзінен ғана мін іздеп бірнеше жағымсыз қылықтары мен мінездерімен қоштассын. Ер адамды өзгертем деп əуреленбей өзінен мін іздеп өзімен күрескен əйел ұтады. Ер адамды еркелеп "жең" ! Ұтысың сол болсын.

 

Жалғастырармын бір күні...

 

 

 



Бөлісу: