Ұяда не көрсең...
Баланың күлкісі, сылдырмақтың сыңғыры бәрі-бәрі қайта оралмас шағымның балдәуренін еске салады. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Сәби болғым келеді, сәби болғым. Мына өмірден хабарсыз жаңа туған» деген өлең жолдарында сол кезеңнің алтынға беріксіз қымбаттылығын жіті ұғындырса керек. Менің жұдырықтай ғана жүрегімде сағыныш бар. Риясыз пәк сезімнің мекені болған бала кездің тәтті күндеріне деген сағыныш. Бәрі, бәрі есімде...
Жаздың сол бір мамыражай кешінде сіңілім, Меруерт, екеуміз үйге қарай жарыса құйын желдей заулайтынбыз. Сондағы бар мақсат әкемізден төрт қатар өлең жолдарын естімеу. Сөздің сүйектен өтері ерте кезеңнен бәріңізге белгілі. Абай Құнанбаевтың «Көйлегі көктік, қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген шумақ менің әкемнің басты қаруы болатын. Білместіктен, өмір заңғар шың болатын болса, сол биікке шығатын жолдың кедір-бұдырынан,өмір атты аязды қыстың суығынан бейхабар мына мен үшін ол бір қатыгездік боп саналатын. Қазір есіме алсам ұялғандықтан ба, әлде сағыныштан ба көзіме жас үйіріледі. Сол кезде әкемнің айтқандары маған өмірлік нәр болар алтын-жақұт екенін білсем, мен сол күндері бұлданбас та ем. Біреу үшін шат-шадыман кездің қызығы Аяз атаны қызықтау немесе тәтті балмұздақ жеген сәттер шығар. Ал мен үшін қызықты шақтың естелігі - әкемнің бізді соқпағы көп өмірдің өзіне дайындаған зерделі сөздері.