ҰСТАЗЫН САҚТАЙ АЛМАҒАН ЕЛ – НАДАН
блог
ҰСТАЗЫН САҚТАЙ АЛМАҒАН ЕЛ – НАДАН
«Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деген халық даналығы бар. Ұстаздың еңбегі ең ұлы еңбек болып табылады. Бүкіл әлем білікті ұстазға зәру. Өйткені олардың басты міндеті жаңа ұрпаққа білім мен тәлім-тәрбие беру керек. Шәкіртке өткеннің еншсіндегі ерлік пен даңқты жеткізетін, бүгінгі қоғамның келбетін айқындап беретін, келешекке қандай қадам басу керектігін нұсқайтын нұсқаушы солар.
Әлемнің дамыған елдерінде жалпы ұстаздар қауымына деген көзқарас өте дұрыс бағытта қалыптасқан. Мысалға «Адамзаттың ұстазы-түріктер» дейтін де сөз бар. Сол түріктер бүгінде ұстаздарға деген ұғымдары тым бөлек. Оларға құрметпен әрі мақтанышпен қарайды. Хан болсын қара болсын ұстаздың алдынан өтері хақ. Осы дәстүрді берік ұстанған Қытай елінде де ұстаздарға «ата-аналық» мәртебе берілген. Яғни, балаңызды мектепке апарған соң, сіз өзіңіздің ата-аналық жартылай борышыңыздың мұғалімге өткенін сезіне білуіңіз керек. Ал кейбір елдер осы ұстаздарға зәру. Олар өздеріне шетелден шақыртып, лекцияларын тыңдап, тіпті ақыларын төлеуге дейін бар.
Бізде ше...
Аристотелден кейін әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби бабамыздың ұрпағы бола тұрып, біз ұстазға деген құрметті ұмытып кеткенбіз. Таң қалатын ештеңесі жоқ. Совет үкіметі кезінде білімділер мен ғалымдардың, зиялылардың әсіресе қазақ қоғамында осындай жандардың пайда болуы, отарлаушы ел үшін қауіп болғандықтан, оларды ату жазасына кескен әлде түрменің түбінде шірітуге тырысқан. Осының салдарынан бүгінде аса «демократиялы» ел болып кеткеніміз сонша, ұстаздардың деңгейі шәкірттен төмен. Оларға ұрысуға, қол көтеруге (әрине басын жарып, мұрнынан қан ағызуды айтып жатқан жоқпын) тіптен зекіп сөйлеуге болмайды. Заңның қаталдығы сонша, ұстаздың үстінен арыз түсті деген сөз, мектеп үшін үлкен стресс. Стресті көтере алмаған басшылық олардың жалақысын қияды не жұмыстан шығарып жібереді. Себепкер шәкірт келесі құрбандығын күтіп, партасында мыңқиып, басқа ештеңе білмей, қаннен-қаперсіз отыра бермек. Ұстаздың бәрі ақ деп те айта алмаймын. Пенде болғаннан кейін әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Дегенмен, әл-Фарабидың «тәрбиесіз берілген білім адамның қасы жауы» деген ұстанымды берік ұстанған ұстаздар үшін, біздің елде білім беру қиынның қиыны.
Соңғы кездері әлеуметтік желіде бетімен кеткен жастардың ойына келгенін істеп жатқан дүниелеріне куә болып жатырмыз. Соның бірі әрі бірегейі осы біз қозғап отырған тақырыптың төңірегінде. Тайыншадай екі баланың ұстазымен арпалысып, қалжыңдасып жатқанын көрдік, ертең түлек атанып, бір мамандықтың етегін ұстайын деп жүрген шәкірттің екіні екіге көбейте алмай тұрған сәтін де көрдік, тіпті ұстаздың көзінше сүйісіп тұратын да жағдайға жеттік. Есіріп кеткен жастар емес, оларды есіртіп жіберген біз өзіміз кінәліміз.
Үкіметтің басында отырғандар да, президент, хан да ұстаздан тәлім алады. Биікке жету үшін мектеп берген білім мен тәрбиеден қаланады. Өзіңнің білгеніңді біреуге үйрете білудің өзі өнер. Ал ол екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Қазақстанда білім беріп жүрген ұстаздардың жалақысы шынымен өте төмен. Заманның талабы ақша екенін ескерсек, бүгінде біреуді жігерлендіру үшін, еңбек еткізу үшін жақсы төлеу керек. Жақсы төленген дүниенің сұрауы да оңай болмасы белгілі.
Бүгінде ұрпақ іштен біліп туған. Абайдың «ақырзаман жастары» дегені біз. Көргенімізді істеуге ұмтыламыз. Көріп жатқан дүниеміз атыс-шабыс, ата-ананың бетінен алу, ұстазын бопсалау, онымен ойнау. Көзайым болған баланың істеп көргісі келеді. Нәтижелі шықса әлеуметтік желіге салып мәз болады. Ішіп-жегенімізді де, адамдықтан безген әркеттерімізді де көрсетіп жарысып жатырмыз. Қайда барамыз...?!
Қорыта айтқанда
Аспаннан салбырап түскен ешкім жоқ. Пайғамбардың өзі ұстаздан тәлім алған. Оның тікелей ұстазы «Құран», Жаратқанның өзі. Ұстаздан асып сөйлеу, оның бетінен алып төске шабу мәдениеттің ең төменгі деңгейі. «Танысы бардың табысы бар» қоғамда басында судан басқа ештеңе жоқ ұстаздар да толып жүр. Олардың алдын алу үшін талап болу керек. Білім деңгейлері жоғары әрі сапалы білім бере алатын ұстаздарды қалада ғана ұстап қалмай, ауылға жіберу керек. Жағдай жасау керек. Ертең ұрпақ саналы әрі сапалы болсын десек бүгін қозғалуымыз керек.
Кезінде бір дана «қайыршысы жоқ ел бай ел» дегені бар еді. Сол секілді ұстазын сақтай алмаған елдің келешегінен үміт күту не ғайбыл. Білікті ұстазы бар елдің ертеңі жарқын. Конфуцийдің даналығының арқасында бүгінгі күнге жеткен Қытайдың жұлдызы жанып тұрғанын ескерсек етті.
Шәкірттің толыққанды білім ала алмауына тікелей әсер етуші ұстаз екен, ал ұстаздың толыққанды білім бере алмауына тікелей әсер етуші фактор не әлде кім? Мәселе осында.
Жауап іздейік.
Марғұлан АҚАН